Ұлттық университетті сатып алыңыз!

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2590

Активі жоқ, мүлкі жоқ, мемлекет қайтіп күн көрер?

Ұлттық университетті сатып алыңыз!

Қазақстан халқы алда ғаламат өзгерістерге куә болғалы тұр: республикада, қазақшалап айтқанда, "мемлекетті мүлкінен айыру" процесі басталғалы тұр. Оның аясында ұлттық университет мен академия, қалалық емхана, аурухана және басқалары жекешелендірілмек. Сондай-ақ, "мемлекеттік балабақшалар" ұғымы да жойылуы мүмкін.

Үкімет осымен екі аптадан бері жекешелендіру тақырыбын тынбай талқылап жатыр. Бұл мәселе 12 желтоқсан күні өткен үкімет жиынында да жеке қаралды.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, дәл қазір мемлекеттің меншігінде 7 мыңға жуық ұйым бар, олардың нысандары әртүрлі, арасында мемлекеттік республикалық кәсіпорындар (РМК), акционерлік қоғамдар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер бар. Болашақта үкімет олардың басым бөлігінен бас тартады. Бірақ, оған кіріспес бұрын, мемлекет өз қолында қанша мүлкі барлығын дәл білу үшін кең ауқымды түгендеу жұмыстарына кірісті. Соның аясында үкімет үйінде 16 өңірдің басшылары және 177 ауданның жауапты шенеуніктері тыңдалды.

Сонымен бірге, әзірге мемлекеттік меншіктегі барлық 6 751 ұйымның әрбір нысаны жеке қаралған. Сондай-ақ 22 министрлік пен ведомство өздеріне қарасты 376 республикалық меншіктегі ұйым жайлы баяндапты. Бақыт Сұлтанов 4 ұйым қазірден таратылатынын хабарлады, бұлар – "Достық-Энерго" АҚ, "Маңғыстау өнеркәсіп компаниясы" ЖШС, "Туризм және спорт индустриясын материалдық-техникалық қамтамасыз ету" АҚ, "Би-Логистикс" АҚ.

"Түгендеу нәтижесінде мемлекеттік меншікті оңтайландыру 2 кезеңде жүргізіледі. Алдымен бұл ұйымдардың саны 1 мыңнан астамға немесе 16%-ға қысқарады. Екінші кезеңде – тағы 4 600-ге жуық ұйымға немесе бастапқы санынан 65%-ға азайту ұсынылады. Оңтайландырудың құралы – бәсекелестік ортаға беру, ұйымдарды қайта құру және оларды жабу болады", – дейді Бақыт Сұлтанов.

Енді осыларға толығырақ тоқтала кетсек. Ауқымы жөнінен ел тарихында теңдессіз бұл науқанның бірінші кезеңдегі ұйымдар саны 1 136 кәсіпорынға қысқарады. Оның ішінде Қаржы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, мемлекеттік меншіктегі 380 ұйым қайта құру жолымен қысқартылады, тағы 243 ұйымды мүлдем тарату (жою) ұсынылады. Қалғаны бизнеске беріледі.

Осылайша, "бірінші кезеңнен кейін мемлекеттік меншікте 6 мыңнан аз кәсіпорын қалады".

Бақыт Сұлтанов бұл алты мыңның негізгі бөлігі – мемлекеттік балабақшалар, колледждер, ауруханалар екенін айтады.

"Олар бәсекелестік ортаға, яғни, жекешелендіруге екінші кезеңде ұсынылады. Сатуға қатысты айтарым, жекеменшікке жылдық айналымы 66 млрд теңге, оның ішінде бюджеттен алатын мемлекеттік тапсырысы 28 млрд теңге қосымша 105 ұйым өтеді. Бұл нысандар бизнеске тартымды, себебі, олардың қызмет түрі нарықта бар. Нақтырақ айтсақ, бұлар – ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші кәсіпорындар, баспаханалар, сондай-ақ, туризм, спорт, тұрғын үй-коммуналды және сәулет саласындағы нысандар. Бұған дейін кестеге енгізілген 408 ұйымды есепке алсақ, бірінші кезеңде жылдық табысы 336 млрд теңге, оның ішінде бюджет есебінен 119 млрд теңге 513 ұйым бизнестің қолына көшеді", – дейді қаржы министрі.

Бірінші кезең 2017 жылы басталады. Бұл кезеңде мемлекет "Атамекен" палатасының ұсыныстары негізінде қалыптастырылған тізімдегі ең тартымды нысандарды сатуға шығарады.

"Қуырдақтың көкесі" содан кейін, екінші кезеңде басталады.

"Бірінші кезеңнен кейін мемлекет меншігінде қалатын 5 мың 991 ұйымның басым бөлігі – әлеуметтік сала ұйымдары. Оның жартысына жуығы, 41%-ы мемлекеттік балабақшалар. Бұған қатысты ұсыныстарды мен кейінірек айтып өтемін. Бестен бір бөлігі – жоғарғы оқу орындары, колледждер, қосымша білім беру ұйымдары. Қалған 15%-ы – театр, мұражай, мәдениет үйлері, 13%-ы – емханалар мен ауруханалар. Қалған ұйымдар – монополия, газет-журнал, телеарналар мен радиокешендер секілді бұқаралық ақпарат құралдары, ветеринария ұйымдары және сол сияқтылар", – дейді Бақыт Сұлтанов.

Дегенмен, дәл осы нысандар төңірегінде көп пікірталас жүрді. Оны министр де мойындайды. Оның үстіне бұрынғы жекешелендіру кезінде бой көтерген теріс, кесір тәжірибе де сабақ болуға тиіс еді. Айталық, алдыңғы жекешелендіру науқандары кезінде мемлекеттік балабақшалар жекенің қолына берілді де, бұл – табысы тым аз бизнес болғандықтан, жаңа иелері оларды жауып тастап, ғимараттарын басқа кәсіпке пайдаланды. Кейін мемлекетке "Балапан" бағдарламасы аясында олардың көпшілігін қымбат бағамен кері сатып алуға тура келген.

"Бұл салалар жекешелендіруді ауырсына қабылдайды, тиісінше, оларды бәсекелестік ортаға беру мәселесі барлық әлеуметтік аспектіні шешу тұрғысынан тиянақты ойластырылуы керек. Мысалы, алдыңғы жылдардың сәтсіз тәжірибесі бар: жекешелендірілген балабақшаларды артынша мемлекеттік меншік құрамында қайта қалпына келтіруге мәжбүр болғанбыз!", – дейді үкімет отырысында әріптестеріне қайырылған қаржы министрі.

Сондықтан, екінші кезеңге кірмес бұрын бірқатар мәселені шешіп алу ұсынылып отыр. Оның қатарында мемлекеттік жоғары оқу орындарын реформалауды аяқтау, бұл салаларды коммерцияландыру, соның ішінде тиімді тарифтерді қалыптастыру, жан басына шаққандағы қаржыландыруды дендей ендіру бар. Мәселен, емханалар мен ауруханаларды жекешелендіруден бұрын әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу керек, әрі мемлекет әр сырқатты емдеуге бөлетін қаржы клиникаға сол сырқатпен ілесіп баруы қажет.

Министр екінші кезеңге қалатын мемлекеттік меншіктегі 6 мыңдай ұйымның жылдық табысы 1,4 трлн теңге, оның ішінде тікелей бюджеттен алатыны 1 трлн теңгеге жуықтайтынын айтады.

"Алайда, табыстары ауқымды болғанымен, мазмұнына үңілсек, бұл нысандардың бизнеспен немесе өндіріспен байланысты еместігін көреміз. Шынын айтқанда, бұлар – бас тартуға болмайтын, мәжбүрлі мемлекеттік шығындар: кепілдендірілген тегін медициналық көмек, жоғарғы оқу орындарында оқуға берілетін мемлекеттік гранттар, балабақшаларды қаржыландыру және тағы басқалары. Бірақ, бұларды коммерцияландырудан кейін мемлекет пен жекенің серіктестігіне тапсыру жеке бизнесті жандандыруға мүмкіндік береді. Бұл жұмыс екінші кезеңде жүзеге асырылады", – дейді министр.

Сонымен, үкіметтің жоспары бойынша 2017 жылдан кейінгі екі-үш жылда қалған мемлекеттік нысандар саны тағы 4,5 мыңға қысқарады. Сөйтіп, мемлекет меншігінде тек 1 393 нысан ғана қалады.

Екінші кезеңде жаңа ұйымдастыру үлгісі – "бюджет мекемесі" пайда болады. Оларға тікелей бюджеттен қаржы бөлінеді. Қазіргідей басқа формадағы меншік болмайтын көрінеді.

"Жаңа ұйымдастыру үлгісінің критерилеріне сәйкес келмейтін ұйымдардың барлығы бәсекелес ортаға беріледі. Кәсіпкерлер мемлекеттік балабақшаларды сенімгерлік басқаруға алуға қызығушылық білдіріп отыр. Мұны алдымен Астанада және облыс орталықтарында сынақ режимінде енгізуге болады", – дейді министр.

Мамандар бұл шаралардың мемлекеттік балабақшадағы төлемақының қымбаттауына әкелетінін айтады. Қазір ата-аналар төлейтін сома баланың бес реттік тамағын ғана өтейтін көрінеді. Бизнес, әрине, мұндай жеңілдіктер жасамайтыны анық.

Елді алаңдататын тағы бір мәселе – ұлттық университеттердің кейінгі тағдыры болса керек.

"Жоғарғы оқу орындарын жекешелендіруге қатысты айтарым, білім және ғылым министрлігі мынадай нұсқа әзірледі: 32 жоғарғы оқу орны коммерциялық және коммерциялық емес акционерлік қоғамдарға айналдырылып, қайта құрылады. Бұл жұмыс 2017 жылдан басталады. 2020 жылға қарай олардың акцияларын қосымша шығарып, ЖОО-ларға жеке капитал тартылады", – дейді Бақыт Сұлтанов.

Білім туралы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін 2018 жылы колледждер үлкен кәсіпорындарға және университеттерге сенімгерлік басқаруға ұсынылады.

Бұл жерде "мемлекет меншігіндегі 6 медициналық жоғарғы оқу орнын не күтіп тұр?" деген сауал туады. Оларға инвесторлар тартылуы ықтимал.

"Олар бойынша 2017 жылдан бастап, стратегиялық серіктестерімен бірлесіп, "қамқорлық бағдарламасы" жүзеге асырылады. 2018 жылдан бастап, университеттік клиникаларды бірлесіп басқару шаралары жүргізіледі. 2019 жылдан бастап, бұл оқу орындары сенімгерлік басқаруға беріледі", – дейді қаржы министрі.

2017-2020 жылдары 124 емхананы да жеке инвесторлардың сенімгерлік басқаруына беру жоспарланып отыр.

Бұл істердің барлығы қолданыстағы салалық заңнаманы қайта жазуды қажет етпек. Нақтылап айтсақ, екінші кезеңді жүзеге асыру үшін мемлекеттік мүлік, білім, денсаулық сақтау және басқа да заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Сол себепті, екінші кезеңдегі қысқарту 2017-2019 жылдары жүргізіледі.

Үкімет мемлекетті бірталай мүлкінен айыру арқылы бюджет шығындарын қысқартудың және мемлекет активтерін басқарудың тиімділігін арттыруды көздеп отыр.

Бақытжан Сағынтаев сатуға шығарылатын нысандарға жарнаманың жетіспейтінін және оларды алдын-ала сатуға дайындаудың әлсіз жүргізіліп жатқанын айтады. Алдағы жаппай жекешелендіру кезінде бұл сын-ескертпелер ескеріледі. Бұл үшін әкімдерге "жекешелендіруге немесе сенімгерлік басқаруға берілетін әр нысанның жарнамасын және алдын-ала сатуға дайындау жоспарын әзірлеу" жүктеледі. Бұл істі қаржы министрлігі үйлестіріп, орындалуын бақыламақ.

Екіншіден, орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге мемлекеттік ұйымдарды қайта құру, тарату кестелерін түзіп, оларды қаржы министрлігіне мониторинг жүргізу үшін ұсыну тапсырылды.

Үшіншіден, білім және ғылым, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрліктері, әкімдіктермен бірлесіп, мемлекеттік балабақшаларды, колледждерді, жоғарғы оқу орындарын және денсаулық сақтау нысандарын бәсекелестік ортаға шығару жөніндегі жол карталарын әзірлеуге кірісетін болды.

Бұл хабарды бизнес қауымдастықтар жақсы қабылдап отыр. "Атамекен" палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, тіпті, жекешелендіруді жылдамдатуға да болатынын айтады. "Тәбет ас үстінде келеді" деген бар. Кәсіпкерлік одақ жетекшісі, тіпті, тікелей мемлекеттік меншіктегі ұйымдармен шектелмей, ұлттық компаниялар мен холдингтерді де жекенің қолына тездетіп, әрі жаппай тапсыруға болатынын білдірді.

"Біздің ұстанымымыз бойынша 2017 жылы бұл науқанға тек коммуналды меншік пен ведомстволарға қарасты меншікті ғана емес, холдингтер мен ірі компанияларды да қосуға болар еді. Бұл үшін "Бәйтерек", "ҚазАгро", "Самұрық-Қазынада" жеке-жеке топтар құрудың да қажеті жоқ. Бұл әлдеқайда үлкен тиімділік пен нәтиже берер еді", – дейді Абылай Мырзахметов.

Айтқандай, үкімет сарапшылардың "дағдарыс – мемлекеттік мүлікті сатуға ең қолайсыз уақыт" деген ескертпесіне қарамастан, ұлттық компаниялар меншігін де жаппай сатуға кірісіп отыр. Қаржы министрлігінің ресми мәліметіне сүйенсек, жекешелендірудің кешенді жоспары бойынша 2014 жылдың маусымынан бастап, бертінге дейін барлығы 359 нысан сатылды. Сатылған нысандардан бюджетке 88 млрд теңге қаржы түсіпті. Оның шамамен 72%-ы – "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының нысандары. Олардан түскен сома 63 млрд теңге.

Биылғы жылдың басынан бері 111 нысан сатылды. Олардан небары 9,5 млрд теңге қаржы түсті. Бұл ретте мемлекеттен жекенің қолына өткен нысандар санының күрт артқаны, ал олардан түсетін пайда күрт кемігені байқалады. Салыстыру үшін айта кетейік, 2015 жылдың 11 айында тек 92 нысан сатылған. Бірақ, олардан 36,2 млрд теңге түскен екен.

Бұдан басқа, дәл қазір жалпы құны 183 млрд теңге 193 нысанды сату жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр.

Жалпы, жекешелендірудің 2-толқыны басталғалы, саудаға ел меншігіндегі 552 кәсіпорын мен өндіріс шығарылды. Бірақ, бекітілген жоспар бойынша биыл 614 нысан шығарылуы қажет. Яғни, жыл аяғына дейін 62 нысанды саудаға шығару жоспарланған. Олардың ішінде коммуналды меншіктегі 21 нысан, квазимемлекеттік сектордағы 41 нысан (19 холдинг, 22 әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация) бар.

Үкімет 2017 жылы ұлттық компаниялар мен холдингтер арқылы басқарылып келген ең ірі 12 мемлекеттік нысан саудаға шығарылатынын жариялады. Әрбір нысанның нарықтық құнын бағалау және сауда-саттықты сүйемелдеу үшін тәуелсіз консультанттар жалданады.

Мұны оқып, кейбір адамдар "Үкіметтің мұнысы несі?" деп таңдануы да ықтимал. Бірақ, Қазақстан әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына қосылу межесін жариялағанда-ақ, осындай қадамдар жасалатыны анықталды. Өйткені, "дамыған елдер" тізіміне кіретін мемлекеттердің көбі "Yellow Pages Rule" ережелері мен қағидаттарын ұстанады. Оның аясында мемлекет экономикаға араласуын шектеуі тиіс. Және мемлекеттік меншіктегі кәсіпорындар үлесі 15 пайыздан аспауы шарт көрінеді. Ал Қазақстанда әзірге инвесторлар мен бизнесмендер тендерлерде, мемлекеттік тапсырыстар алуда қуатты мемлекеттік компаниялармен бәсекелесуге мәжбүр. Бұл бәсекелестікте кімнің жеңетіні де бесенеден белгілі.

Мамандарды басқа жай алаңдатады. Кең ауқымды жекешелендіру және "мемлекетсіздендіру" үшін отандық бизнес қуатты болуы керек. Әйтпесе, мемлекет меншігі "ұстағанның қолында, тістегеннің аузында" кетіп, сайда саны, құмда ізі қалмайды, артынан мемлекет қыруар қаржы шығындап, кәсіпорынды қайта қалпына келтіруге тура келеді.

Айтқандай, 2015 жылдың желтоқсан айында Павлодар облысының орта­лығындағы "№1 автобус паркі" ЖШС-і жекешелендіріліп, 1 млрд 179 млн теңгеге сатылған. Содан табысы аз бағдарлар жабылып, бұқара халық біраз қиналды. Сөйтіп, биыл сол автобус паркі мемлекеттің меншігіне кері қай­та­рылған! Ав­то­парктің қайта оралғанын, бұрынғы бағыттардың қалпына келетінін естіп, керекуліктер керемет қуанды.

Кейін мұның мәнісі анықталды. Облыс әкімі Болат Бақауовтың айтуынша, парктің жаңа қожайынына – Қазақстан құрылыс компаниясына жа­ңа автобустар сатып алу талабы қойылған. Алайда, ол компания қиын жағдайға тап болыпты, банк­терден несие ала алмаған. Ке­лі­сімшарт осылай бұзылған.

"Өзгерістер жолаушыларды әбден әбігерге түсірді. Қала әкімдігі жергілікті тұрғындардың қолайсыздыққа деген шағымы астында қалды. Келісімшарт бұзылған соң, паркке жаңа басшы тағайындалып, кәсіпорын мемлекеттік мекеме ретінде жұмысын бастады", – дейді журналистерге берген сұхбатында Болат Бақауов.

Тағы бір мысал: елордамен бірге түлеп ұшқан, қала әкімдігінің меншігі болған "Астана" журналы жекешелендірілген соң, бір жылдан кейін ақыры жабылып тынды. Әрине, қазіргі ақпарат ағымынан бас айналатын заманда әлдебір басылымның архивтерге жол тартқанын журналистерден басқа ешкім сезбес. Халықты мемлекет үшін маңызды кәсіпорындар мен нысандардың жекенің "құшағында" тұншығу қаупі алаңдатса керек.

Осыдан алты жыл бұрын, 2010 жылы да жекешелендіру жүргізілгені есте. "Самұрық-Қазына" өз құрылымынан 482 нысанды шығарды. Оның 405-і бизнес ортаға, 55-і мемлекетке табысталды, қалғаны жойылды. Бұл жекешелендіру квазимемлекеттік сектордың экономикадағы үлесінде көрініс берді: 2013 жылы бұл көрсеткіш 48%-ға дейін кеміді. Алайда, екі жыл өткенде қайтадан қалпына келіп, былтыр 59,7%-ға дейін өскен. Яғни, басын кессе, онысы қайта өсіп шығатын ертегідегі айдахарды еске түсіреді.

Экономист Жәңгір Рахжанов алда бұған жол бермеу керектігін, ол үшін мемлекетке бизнес бәсекесі өрістеген салаларда кәсіпорын құруға заңмен тыйым салынуы тиіс екенін айтады: "Тек бизнес бастамалар мен бәсекелестік қана экономикалық өрлеуге бастайды. Бұл ақыр соңында экономиканың түбегейлі жаңаруына әкеледі", – дейді ол.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев бизнеске, әсіресе, қазақстандыққа шектен тыс үміт арта беруге де болмайтынын, елдің де жағдайын ойлау керектігін алға тартады.

"Билік бұл жекешелендіруді мемлекеттік меншікті тиімсіз басқарудан құтқарудың жолы ретінде жарнамалап отыр. Бірақ, 90-жылдардағы жаппай жекешелендіру де толыққанды нарықтық экономика құрудың маңызды құралы ретінде таныстырылғаны есте. Алайда, оның нәтижесінде ірі кәсіпорындар шағын ғана топтың қолында шоғырланған "ағашкалар экономикасы" құрылды", – дейді саясаттанушы.

Ол жаңа бағдарламаның да жағдайды көп өзгертеріне сенбейді. "Себебі, экономикалық қатысушылар арасында фаворитизм басым және олардың ұстанымы экономикадағы бәсекелестікке емес, элита ішіндегі ойыншылардың бәсекеге қабілеттілігіне байланысты", – дейді Досым Сәтпаев.

Ал премьер-министр Бақытжан Сағынтаев үкімет отырысында мемлекеттік органдар мен холдингтерге жекешелендіруді ашық жүргізуді тапсырды. Оның мәлімдеуінше, шетелдік инвесторлар жекешелендіру нысандарына зор қызығушылық білдіріп отыр. Бірақ, оларды үркітіп алмау маңызды.

"Бұл жерде бізге инвесторлар үшін ашықтық пен түсінікті ережелерді қамтамасыз ету маңызды", – дейді Бақытжан Сағынтаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу