Валюталық индексация ЖЭК-тің аукциондық тарифтерін төмендетеді

1895

"Жасыл" энергетика нысандарын орналастыруға қатысты аукционның табысты болуы – аукционға алғаш қатысушылардың тәжірибесіне байланысты болмақ.

Валюталық индексация ЖЭК-тің аукциондық тарифтерін төмендетеді

ЖЭК жобаларына арналған аукциондық бағаны индексациялаудың жаңа формуласы инвесторлардың валюталық тәуекелі мен олардың "жасыл" энергетика нысандарын орналастыру бойынша тендерге қатысу барысында тарифтік өтінімдерін төмендетуге көмектеседі. Мұндай пікірді орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте энергетика министрлігі жаңартылатын энергетика көздері департаментінің директоры Айнұр Соспанова айтты.

Еске салатын болсақ, бұдан бұрын энергетика ведомствосының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, жаңартылатын энергия көздері секторына инвестиция тарту үшін үкімет ЖЭК аукциондары бағасын индекстеу формуласын өзгерткені хабарланған еді. Енді ол теңгенің долларға қатысты айырбас бағамының 70% -ға және өндірудің екінші жылынан бастап инфляция индексінің 30% -ға өзгеруін ескеретін болады. Осы арада дәстүрлі электр энергия станциялары ЖЭК нысандарымен міндетті және субсидияланатын сатып алуларға арналған келісімшартты, әдетте, 15 жылға жасайтынын айта кету керек.

"Аукциондық механизм көмегімен жаңартылатын энергияның құнын төмендеткіміз келеді, осыған орай, ЖЭК-тің түпкілікті тұтынушыға арналған тарифке әсер ету дәрежесін төмендеттік. Сондықтан тәуекелді қаншалықты жабатын болсақ, аукционға қатысушылар соншалықты тартымды тарифті бере алады. Егер біз валюта бойынша тәуекелді төмендететін болсақ, онда оларда валюталық тәуекел болмайды, осыған орай тарифтерді де осы тәуекел құнына төмендете алады. Сол себепті индексацияның осы қағидасы бізге аукцион бағаларын тартымды етуге көмектесіп, жоқ дегенде 10 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Осыдан барып тариф төмендейді, ал бұл валюталық тәуекел бағасы", – деді Айнұр Соспанова abctv.kz сұрағына жауап берген кезде.

Сондай-ақ ол ЖЭК-ті орналастыру бойынша келісімшарт аясында инвесторларға ұсынылған бекітілген тарифтерді индексациялаудың бұрынғы кестесі инфляцияны 70%-ға, ал айырбасталатын валютаға теңгенің өзгеру бағамын 30%-ға ескергенін еске салып кетті. Бұрынғы кестеде егер ұлттық валютаның долларға қатысты айырбас деңгейі 25%-дан астамға өзгерсе ғана бағамдық индексация жасалатын.

ЖЭК-тің алғашқы аукционы 23 мамыр мен 7 маусым аралығында өтеді. Оған 10 лот шығарылады. Оның екеуі – Солтүстік және Батыс энергия жүйесінің аумағына жататын көлемі 50 МВт-тық жел электр станциясын салу жөніндегі ірі лоттар, ал тағы бір ірі лот – бұл оңтүстік аумақта күн электр станциясын салуға белгіленген. Көктемгі аукционның шағын босалқы дайындамалары ішінде – Солтүстік аумақта 20 МВт-тық ЖЭС, Батыс және Оңтүстік аумақта 10 МВт-тық, Оңтүстік аумақта 20 МВт-тық КЭС, ал Солтүстік және Батыс аумақтарда 10 Мвт, сондай-ақ Солтүстік және Оңтүстік аумақтарда 20 МВт арналған ГЭС және барлық аумақтарда 5 МВт-тық биогаз қондырғылары бар деп көрсетілген энергетика министрлігінің сайтында.

Ұйымдастырушылардың жоспары бойынша күзгі аукцион ауқымды болуға тиіс. Оған 205 МВт болатын жел паркі мен 150 МВт күн паркі шығарылады деп атап кетті Айнұр Соспанова. 2018 жылы іріктеуге жоспарланып отырған қуат көлемінің жалпы жиынтығы 1000 МВт болмақ. Оның 600 МВт-ы желмен түрленеді, ал 300МВт-дан астамы күн, су және биогаз энергиясының көзі ретінде пайдаланылады. "Интерфакстың" мәліметі бойынша, аукциондарды өткізу Қазақстанда 2 млрд долларға дейінгі жаңартылатын энергетиканы тарту мүмкін деп энергетика министрі қаңтарда айтқан болатын.

Аукцион шарты
Аbctv.kz-тың аукционға қатысуға өтініш білдергендердің санына қатысты қойған сауалына жауап берген "Электр энергиясы мен қуаты нарығының қазақстандық операторы" АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Ержан Мәдиев барлық қатысушылардың белгіленген мерзімде ұсыныстарын конвертке салып ұсынатын аукцион шартына байланысты бұл ақпарат құпия екенін айтты.

Бұдан дейін abctv.kz аукционға қатысуға "Самұрық-Энерго", "Қазақстандық коммуналдық жүйелер", Shell және General Electric сияқты компаниялар қатысуға қызығушылық танытқанын жазған болатын. Сонымен қатар сәуір айында президент Нұрсұлтан Назарбаев "Теңізшевройл" компаниясымен жаңартылатын энергия көздері саласында ынтымақтастық орнатуға сенім білдірген еді. Сондай-ақ Қазақстандағы ЖЭК жобаларына "Қазақмыс холдинг" ЖШС-мен осы салада ынтымақтастық орнату туралы меморандумға қол қойған "Лукойл" компаниясы да мүдделілік танытқан болатын. Ақпан айында өткен үкімет отырысында энергетика министрі Қанат Бозымбаев Eni мен Қазақстан Даму банкі ЖЭК-ке қаржы салу мүмкіндігін қарастырып отыр деп айтты деп мәлімдеді "Интерфакс".

Аbctv.kz-тің биылғы жылы KEGOC АҚ-тың есеп-қаржы орталығы арқылы дәстүрлі электр энергия көздеріне төленетін қаржы көлемі қанша болады деген сұраққа түсініктеме берген "Жаңартылатын энергия көздері бойынша ЕҚО" ЖШС-ның есептеу және тарифтер бөлімінің басшысы Жеңіс Дүйсенов ЖЭК-ке осы кезеңде берілетін субсидия көлемі әзірге белгісіз екенін айтты.

"2017 жылдың қорытындысы бойынша шығын шамамен 15 млрд теңге болды. 2018 жылға арналған шығын көлеміне келетін болсақ, онда көлем жыл сайын өсіп келеді, соған сәйкес шығындар Қазақстанда іске қосылатын қуаттар көлемімен тікелей арақатынас орнатады. Министрлік және мемлекет 2020 жылға қарай жаңартылатын энергетиканың үлесін көлемі үш пайыз деп бекітті. Осы мақсатқа кезең-кезең бойынша қол жеткізу соңғы жылдары байқалып отыр. Іске қосылатын қуат көдерінің көлемі жаңа қуат көздерінің қаншалықты уақытылы салынатынына тәуелді болады. Сондықтан осы немесе келесі жылы шығын көлемі қандай болатыны жайлы нақты жауап беру қиын және ол жобаның жұмыс істеп кетуіне байланысты. Яғни бұл көрсеткішке көптеген факторлар әсер ететін болады", – деді ол.

Кедергілер
Ал Финляндияның Лаппеэнранта технологиялық университетінің энергия жүйе мектебінің күн экономикасы зертханасының зерттеушісі Дмитрий Богдановтың пікірінше, ЖЭК енгізу арнайы қолдаусыз-ақ іске асуы мүмкін.

"Меніңше, ЖЭК-ті арнайы қолдаусыз-ақ енгізуге болады. Энергетика секторының ажырамас және тиімді бөлігі болу үшін ЖЭК қалыпты нарықтық ортада дамуға тиіс. Алайда бастапқы кезде шамалы қаржылық қолдау қажет",- деп жазды ол abctv.kz-тың сауалына жолдаған электронды жауабында.

Аbctv.kz-тың елде "жасыл" энергетиканы дамыту үшін жеке ведомство қажет пе деген сұрағына жауап берген сарапшы үкіметтің тұжырымдамасы мен жол карталары, қоғамдық қолдау мен қолдаушы тарифтер жеткілікті екенін айтты. Қосымша құрылған орган қысқамерзімді келешекте ЖЭК-ті ілгерілету жұмысын жылдамдатуы мүмкін, бірақ та сонымен қатар ол дамудың теңсіздігін тудырып, тиімсіз жобаларды ілгерілетуі мүмкін деп отыр Дмитрий Богданов.

"ЖЭК өндірушілері KEGOC-пен электр энергиясын өндірушілер сияқты өзараәрекет етуі керек деп ойлаймын. Келешекте ЖЭК басқалар сияқты жүйеде қандай да бір қолдаусыз жұмыс істеуге тиіс", – деп атап кетті маман.

Еске салатын болсақ, ЖЭК электр энергиясын KEGOC пен қазақстандық ЭҮК желілері арқылы беру "жасыл" энергостанциялар үшін тегін болады, алайда электр желілерінің тозуына әсер етеді.

"ЖЭК энергиясына арналған бекітілген тарифтерден аукционға көшу – бұл жаһандық тенденция. ЖЭК энергиясын сатуға қатысты аукциондар жүйе үшін ЖЭК энергиясының құнын төмендетудің ең тиімді тәсілі болып табылады, өйткені компаниялар аукционды ұтып, қоғам үшін бағаны қалыптастырудың ашықтығын арттыру үшін шығыстың азаюына мүдделі. Тап қазіргі уақытта аукцион – бұл шындығында тез дамып келе жатқан ЖЭК нарығын қолдаудың оңтайлы деңгейін табудың ең тиімді тәсілі. Қазақстандағы аукцион шарты басқа елдердегі аукцион шарттарына ұқсас және Қазақстандағы ауа райы жағдайы ЖЭК-ті пайдалануға берудің жоғары нәтижесіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Осылайша, егер аукционның шектік бағасы тым төмен болмаса, онда инвесторларды тартуға қатысты еш қиындық туындамауға тиіс. Алайда инвесторлар үшін ең басты мәселе келешекте ереженің өзгермейтініне деген сенімділік", – деп есептейді "жасыл" энергетика жөніндегі сарапшы.

Сарапшының сөзінше, аукцион инвесторларға қызықты болады. Себебі олар өздерінің жобаларын іске асыруға қажетті бағаны өздері белгілейтін болады және аукционда жеңіске жетсе, табысты жобаны алу кепілі бар. Басында бұл аукционның нақты рәсімін тексеру және Қазақстан нарығына кіру үшін сынақ жобалары болуы мүмкін деп жазды ол.

"Келесі аукциондардың табысты болуы осы алғашқылардың тәжірибесіне байланысты болады. Аукционға қатысушылардың жарияланған тізімі ішінде ірі халықаралық компаниялар бар. Егер бұл компаниялар аукционға шынымен қатысатын болса, онда аукцион бәсекеге қабілетті болады", – деп атап кетті маман.

Сонымен қатар ЖЭК-ті дамуымен қатар кез келген елдің энергетикалық стратегиясының бір бөлігі – бұл "жасыл" энергетикаға арналған жабдықтарды өндіруді жерсіндіру болуға тиіс.

"Қазақстан сияқты өндірісі дамыған ел жабдықтың басым бөлігін өзі немесе халықаралық компаниялармен ынтымақтасып шығара алады. Бұл сондай-ақ ЖЭК-тік біріктіруді жылдамдатуға көмектеседі. Жергілікті өндіріс жабдықты арзандатуға көмектесіп, валюта бағамының құбылмалығынан келетін жағымсыз нәтиже азаяды және қоғамдық қолдау артады. Себебі ЖЭК-ті дамыту жергілікті өндірісті және жұмыс орналастыруды дамытуға көмек болады. Жабдықтарды жерсіндіру көптеген елде ЖЭК жобалары үшін басты шарттың бірі болып табылады", – деп нақтылады ол.

Дегенмен, Қазақстандағы ЖЭК жобаларын іске асыру мен әзірлеудің ерекшелігін ескер отырып, кейбір мамандар аукциондық механизмге күмәнмен қарайды.

"Қазақстанда 2030 жылға дейін ЖЭК-ті дамыту жоспары өте баяу жүріп жатыр. Егер аукцион механизмін сөз етер болсақ, онда мен оны Қазақстанда ЖЭК-ті дамыту үшін кедергілерді күшейту деп айтар едім", – деп жазды ЖЭК жөніндегі БҰҰ-ның дамыту бағдарламасы сарапшысы Геннадий Дорошин.

Гүлназ Ермағанбетова, Данияр Серіков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу