Венесуэла – бірінші, Қазақстан – он екінші

18130

ОПЕК+ ұйымының бастамасы нәтиже беріп жатқан жоқ.

Венесуэла – бірінші, Қазақстан – он екінші

Былтыр дүниежүзі тәулігіне 99 млн баррель мұнай тұтынды. Биыл "қара алтынға" деген сұраныс тәулігіне 100,8 млн баррельге жетуі мүмкін.

Бүгінгі таңда әлемдік мұнайдың 20%-ын – АҚШ, 15%-ын – Еуропа, 13%-ын – Қытай, қалған 52%-ын басқа елдер кәдесіне жаратып отыр.

Мұнайдың әлемдік қорына келетін болсақ, Венесуэла көш бастап тұр. Мұнда мұнайдың 300,9 млрд баррель шикізаты бар. Екінші орынға 266,5 млрд баррель мұнай қорымен Сауд Арабиясы орналасқан. Үштікті 169,7 млрд баррель шикізатымен Канада тұйықтап тұр. Ал Қазақстан 30 млрд баррель мұнай қорымен 12-орынды иеленіп отыр.

Мамандардың мәлімдеуінше, 2025 жылға қарай қарай әлем бойынша мұнай өндіру көрсеткіші тәулігіне 110 млн, ал 2030 жылға қарай 124 млн тоннаға жетеді.

S&P Global Platts ақпараттық агенттігінің Мәскеудегі бөлімшесінің атқарушы редакторы Надежда Родова елорда да өткен халықарлық жиында 2016 жылдың желтоқсанында ОПЕК-ке мүше және оған кірмейтін өзге де мұнай экспорттаушы елдер 2017 жылдың 1 қаңтарынан жылдың ортасына дейін мұнай өндірісі көлемін тәулігіне 1,8 млн баррельге азайту туралы ортақ келісімге келгенін, кейін ОПЕК және одан басқа 10 мемлекет 9 ай мұнай өндіруді шектеу  туралы келісімді ұзартып, оның мерзімін 2018 жылдың сәуіріне дейін созғанын еске салды.

"Қазақстан ОПЕК алдындағы міндеттемесін орындаған жоқ. Ресей де уәдесінде тұра алмады. Себебі мұнай өндірісінің көлемін азайту екі елге де тиімсіз. Негізі келісім бойынша, тәулігіне 380 мың баррель мұнай өндірілуге  тиіс болатын", – деді Надежда Родова.

Басқосу барысында S&P Global Platts ақпараттық агенттігі редакторлық бөлімнің директоры Роберт Биман баяндама жасады. Ол АҚШ пен ОПЕК+ арасындағы түсініспеушіліктің түйіні тарқағанда ғана мұнайдың бір баррелінің бағасын 65-70 доллар шамасында ұстап тұру мүмкін болатынын  айтты.

"ОПЕК+ 2019 жылдың 6 айында әлемдегі мұнай өндірісін тәулігіне 1,2 млн баррельге кемітуге бастамашы болды. АҚШ бұл ұсынысты қолдағысы келмейді. Алда-жалда АҚШ мұнай өндіру көлемін көбейтетін болса, әлемдік мұнайдың қазіргі бағасы өзгереді. Ұмытпасаңыздар, 2018 жылы АҚШ Иранға санкция салатынын мәлімдеп, Дональд Трамп Сауд Арабиясының короліне мұнайдың қымбат бағасына қатысты шағымданды. Болашақта АҚШ мұнай өндірісін ұлғайтса, ал ОПЕК+ ұйымына мүше мемлекеттер міндеттемелерін тиісінше орындамаса, әлемдік мұнай бағасы өзгереді.

Қазір Қытай мен Үндістан көп мұнай сатып алып жатыр. Біздіңше олар арзан бағамен үлкен қор қалыптастырып алмақшы. ОПЕК+ мүше-мемлекеттерді мұнай өндірісінің көлемін азайтуға келістірсе де, әлемдік мұнай бағасына ықпал ете алмады. Бұл ОПЕК+ ұйымының бастамасы нәтиже беріп жатқан жоқ деген сөз", – дед Роберт Биман.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу