WhatsApp "Е-commerce" нарығына соны соқпақ салады

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
9223

Қазақстанда электронды  транзакциядан түскен пайданың 80%-ы Ресейге кетеді.

WhatsApp "Е-commerce" нарығына соны соқпақ салады

WhatsApp  әлеуметтік желісі электронды төлем жүйесін іске қосатынын ресми мәлімдегеннен бері "Е-commerce" нарығының көрігі қыза түсті.

Мамандар Марк Цукерберк WhatsApp -ты  19 млрд-қа сатып алғанда  мессенджер тегін, ал танымалдығы аз болғанын айтады. Уақыт өте келе Марк Цукерберктің табандылығының арқасында қос желіні қолданушылардың саны бір млрд-тан асты. Осыған қатысты Алматыдағы интернет дүкеннің менеджері Алексей  Гордеев: "Е-commerce" сегментінің ойыншылары  WhatsAppқа  емес,  Facebook-қа  бәсекелес ретінде қарап келді. Себебі бұған дейін Facebook  бизнеске бейім екенін байқатқан. Қазір аталмыш желінің "shop"    қызметі тестілеуден өтіп жатыр. Бұдан бұрын Facebook  "Моnstr Masterclass" жобасын іске қосып, түрлі сала бойынша әлемдік деңгейдегі шеберлердің видео-сабақтарын көрсете бастады. Сарапшылар мұны Facebook  желісінің "Е-commerce" нарығына жасаған алғашқы қадамы һәм барлауы деп қабылдады", деді.

Оның пікірінше, "Е-commerce" нарығының қызметіне жүгінушілердің басым бөлігінің орташа жасы    16-35 жас.

"Facebook  әлеуметтік  желісі жақында  қазақ тілін жетік білетін маман іздеді және ол міндетті түрде Қазақстаннан болуы керек екенін мәлімдеді. Сонымен қатар қазақстандық маман Орталық Азияның  "Е-commerce" сегментіндегі құбылыстарға шолу жасайтынын жазды.  Бұл компания  "Е-commerce" нарығын жаулауға шындап кірісті деген сөз" , деді  Алексей  Гордеев.

Менеджердің мәлімдеуінше, біздің елдің кейбір қаржы институттары "Е-commerce" нарығына өзгелерден бұрын бет бұрды. WhatsApp немесе Facebook –тың төлем жүйесі іске қосылса, ертерек қимылдаған қаржы институттары Қазақстанда тіркелген интернет-сауда желілерінің басым бөлігінің алдына шығады.

"Қазақстанда Facebook, WhatsApp әлеуметтік желілерінің қолданушылары өте көп. Осыған дейін Қазақстанда жұмыс істеген онлайн-сауда желілері ұсынған сауда ассортименті жоғары сапасымен ерекшелене  алмады. Қазір Facebook "Моnstr Masterclass" жобасы арқылы әлемдегі атақты компаниялардың өнімдерін саудаға шығару мүмкіндігі бар. Оларға әлемнің кез келген қаласынан  онлайн логистикалық нүкте ашу қиын емес. Facebook пен  WhatsApp -тың "Е-commerce" нарығына келуі сауданың классикалық формасының түбіне жетуі мүмкін", – деді  Алексей  Гордеев.

Ол біз "Е-commerce" нарығын дамытуды қолға кеш алғанымызды айтты.

"ХХI ғасырда  бизнестің қай бағытта дамитыны белгілі болып қалды. Елімізде электронды  транзакциядан түскен пайданың 80%-ы Ресейдің қалтасына кетіп жатыр. 2008 жылы ашылған ресейлік  Qiwi  төлем жүйесі арқылы  2017 жылы 10,7 млн транзакция жасалып, 32 млрд  кіріс кірген. Елімізде электронды   транзакциядан түскен пайданың 80%-ы - Ресейге, 20%-ы - Қазақстанның ұсақ компанияларының еншісіне тиесілі болып отыр. Қазір ел көлемінде 40 мыңнан астам Qiwi  құрылғы бар. Оның барлығы Ресейге жұмыс істеп тұр", дейді  Алексей Гордеев.

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап  интернет-дүкен немесе ин­тернет-алаң арқылы сауда жасайтын  заңды тұлғалар корпо­ратив­тік табыс салығын, ал жеке кәсіпкерлер жеке табыс салы­ғын төлеуден босады. Заңның кеш қабылдануы  Қазақстандағы  "Е-commerce" нарығын  тұншықтырып тастады.  "Қазақстандағы "Е-commerce" сегментінің жалпы сипатын трансұлттық деп бағалауға болады. Қазақстандық мобильді банкингтердің позициясы әзірге әлсіз. Салық кодексіндегі өзгерістер олардың позициясын күшейтеді деп ойламаймын. Уақыттан ұтылып қалдық. Қазір бізге әлемдік алпауыт ойыншылармен интеграциялану арқылы күш жинаудан өзге жол жоқ", деді  Алексей  Гордеев.

"Е-commerce" сегментіндегі алпауыт ойыншылардың қай елге тиесілі екендігіне ешкім  назар аудармайды. Ол маңызды да емес.  

"Маңыздысы келісімшараттар мен тауарлардың сапасы, тауарды жеткізіп беретін уақыт", дейді  Алексей  Гордеев.

Сарапшылар   "Е-commerce" нарығы   2018-2020 жылдар арасында мобильді телефондар арқылы сауда жасауға басымдық беретінін айтып отыр. Бұл тенденциядан Қазақстан да қалыс қалмайды. 2016 жылдың қаңтар айынан бастап  біздің елде мобильді коммерцияның жұмысы әртараптандырылды. Коммуналдық қызмет төлем жүйесінен бастап қоғамдық  көліктердегі төлемақыға дейін мобильді қондырғы немесе СМС хабарлама арқылы төлеуге мүмкіндік туды.  2018-2020 жылдары ұялы телефон арқылы есеп айырысудың жаңа мүмкіндіктері пайда болады. 

Lamoda. kz  интернет дүкенінің директоры  Никита Окуловтың сөзінше, Қазақстан смартфондардың көмегімен  онлайн-шопинг жасайтындардың саны жағынан алдыңғы орында тұр.

"Бұл көрсеткіш алдағы уақытта өспесе, кемімейді", деді Никита Окулов.

WhatsApp  пен Facebook әлеуметтік желілерінің төлем жүйесі "Е-commerce" сегментін транформациялауды тездетуі мүмкін екен. Алайда қазақстандықтардың басым көпшілігі  бұл жүйеге әлі дайын емес. Бұл туралы заңгер Юлия Салехова: "Біз "Е -commerce" сегментін қолданыстағы заң бойынша реттемесек, ертең өзге елдердің заңымен жүреміз. Сондықтан электронды сауда нарығында  көшке ілесіп кете алатын  құрылымдарды анықтап, басымдықты соларға берген дұрыс. Бұл мүмкіндігімізді шашыратып алмау үшін қажет. "Е-commerce" сегментіндегі "Apple", "Google", "Amazon " сияқты алпауыт компаниялардың алғашқы саудасы техника саудалаудан басталған.  Қазір  олар мультпродуктивті платформаларға айналды", – деді Юлия Салехова.

Ол биыл Қазақстанның электронды сауда сегментіне ресейлік компаниялар лап қоюы мүмкін екенін айтты.

"Бұлай болса Қазақстанның онлайн сауда сегменті мүлде  тұралап  қалуы мүмкін. Бізге мобильді коммерцияны электронды сауда жүйесінен бөліп қарайтын кез келді.  Себебі мамандар  мобильді жүйеден көп  үміт күтеді. Биыл клиент  үшін күрес тек "Е-commerce" сегментінде ғана емес, қаржы нарығында да күшейеді", – деп қорытты сөзін Юлия Салехова.

Гүлбаршын Сабаева, Алматы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу