Демографиялық статистика зерттеушісі Мақсат Имандосов сайтымызға берген сұхбатында осылай деді. Сонымен қатар ол болашақта әлемге қай факторлардың демографиялық қысым жасайтыны туралы ойымен бөлісіп, Орталық Азиядағы туу көрсеткіштерін көршілес елдермен салыстырды.
– Қытай және Үндістан тұрғындарының саны қарқынды түрде өсіп жатыр. Келешекте бұл фактордың әлемге тигізер әсері қандай болады?
– Қос мемлекет те тұрғыны ең көп елдердің легін бастап тұр. Қытай халқының саны қазір 1,4 миллиардты құрап отыр. Әрине, болашақта бұл көрсеткіш өсуін жалғастырады, бірақ қарқыны бәсең болады. Қытай билігінің күні бүгінге дейін жүргізіп келген "Бір жанұя – бір бала" саясаты сәтті болмады. Бастапқыда балалар мен жасөспірімдердің саны азайып, артынан бала көтеруге қабілетті әйелдердің саны төмендеп кетті. Салдарынан туу көрсеткіші де құлдырап кетті. Қазіргі таңда "Бір жанұя – бір бала" заңының күші жойылды: бала санына шектеу жоқ. Ресми деректер жаңа туылған нәрестелер санының соңғы 2-3 жылда төмендеп жатқанын көрсетеді. Өйткені қазір Қытайда урбанизация үрдісі кең етек жаюда, миллиондаған адамдар ауылдық жерлерден қалаларға қоныс аударып жатыр. Қалаларда ауылдарға қарағанда бала туу көрсеткіші төмен болатыны анық. Үлкен шаһарларға көшкендер жанұя құруға асықпайды, олар пәтер, көлік сатып алып, саяхаттағысы келеді. Осы факторды ескерсек, алдағы жылдары Қытайда халықтың қартаюы сынды демографиялық мәселе пайда болуы мүмкін. Өйткені қазір бұл елде егде жастағылардың саны қарқынды түрде өсуде. Бұл үлкен мәселе: зейнеткерлердің ауыртпалығы жұмысқа қабілетті тұрғындардың мойнына жүктеледі. Жұмысқа қабілетті халықтың саны онсыз да қазір азайып барады. Нәтижесінде осы факторлар жалпы халық санының төмендеуіне әкеліп соғады, осы ғасырдың соңына қарайы Қытай халқының саны 1 миллиардқа дейін азайып кетуі мүмкін.
Ал Үндістанда жағдай мүлдем бөлек. Ондағы халық санының өсу жылдамдығы өте жоғары. Бірнеше жылдан кейін Үндістан халық саны ең көп елге айналады. Демографтардың болжамы бойынша, бұл тенденция осы ғасырдың соңына дейін сақталуы мүмкін. Ел астанасы Нью-Дели қаласының көрсеткішіне сүйеніп, елдегі халық санының өсімін болжауға болады. Қазіргі таңда Үндістан астанасында 28 миллион адам өмір сүріп жатыр, жыл сайын тұрғындар саны 850 мыңға көбеюде. Ешбір мегаполисте мұндай қарқын байқалмайды.
Демографтар Нью-Дели Токионы халық саны бойынша басып озып, халық ең көп шоғырланған қала атанады дейді. XXI ғасырдың аяғында Үндістандағы халық саны 1,5 миллиардқа жетуі мүмкін.
Африка құрлығындағы халық саны осы ғасырда екі есе өседі. Бүгінде африкалық елдердегі туудың жиынтық коэффициенті ең жоғары болып есептеледі. Египетте 100 миллион адам, Эфиопияда – 115 миллионнан астам адам, Ал Нигерияда 205 миллион адам өмір сүреді. Бұл көрсеткіштер әлі де өседі. Демографтардың мәліметтеріне сенсек, осы ғасырдың аяғында Нигерияда халық саны 800 миллионға, Конгода 375 миллионға, Танзанияда 300 миллионға жетуі мүмкін. Сондықтан келешекте демографиялық қысым Африка тарапынан жасалатын болады.
– Орталық Азия елдеріндегі демографиялық өсім қандай?
– Халық санының өсуі Орталық Азия елдерінің барлығында, Қазақстанда да байқалады. 2019 жыл Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан елдерінде бала туу көрсеткіші рекордтық деңгейге жетті.
Халық саны бір жылда Қырғызстанда 173 мыңға, Тәжікстанда 300 мыңға, Қазақстанда 403 мыңға, ал Өзбекстанда 815 мыңға көбейді. Бұл бұрын-соңды соңды тіркелмеген рекорд. Өзбекстан тарихында мұндай көрсеткіш болмаған. Ресейлік демографтардың айтуларынша, осы жылы Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінде туылған нәрестелердің жалпы саны Ресейдікінен асып түсуі мүмкін. Егер де осы 4 елдің қатарына Қазақстанды қосып есептесек, 2020 жылы Орталық Азия мен Қазақстанда туылған балалардың саны Ресей, Украина және Беларусь елдерінің жалпы көрсеткішінен де көп болады.
Табиғат Нұрболат