Оңтүстік өңір тұрғындарының саны 9 миллионға жақындады

5650

Демографиялық статистика зерттеушісі Мақсат Имандосов осылай деді.

Оңтүстік өңір тұрғындарының саны 9 миллионға жақындады

"2019 жылдың наурызында Ақтөбе облысы халқының саны Қостанай облысы тұрғындарының санынан асты. Мұны атаулы оқиға деуге болады. Себебі 1989 жылы қазіргі Қостанай облысының аумағында Ақтөбе облысымен салыстырғанда 500 мың адам артық болды. Сол кезде Қостанай облысында  - 1 млн 223 мың, Ақтөбе облысында 732 мың адам өмір сүрді.  

Бүгінгі таңда аталған 2 облыстың әрқайсысында 872 мың адам тұрады", – деді Мақсат Имандосов.

Зерттеушінің сөзінше, 1989 жылы Қазақстанның Солтүстігін Батыс Қазақстанмен салыстырғанда 2 есе көп адам мекендеген. Солтүстік Қазақстанда 4,2 млн, ал Батыс Қазақстанда 2,1 млн адам түтін түтеткен. Сәйкесінше Солтүстік Қазақстанның халқы еліміздегі жалпы халық санының 25%-ын, Батыс Қазақстанның халқы 12,5%-ын құраған. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш бірдей болып тұр. Ол шамамен 15%-ды немесе әр өңір бойынша 2,8 млн адамды құрайды.

"Ақтөбе облысы мен Қостанай облысы тұрғындарының сан жағынан теңесуі символдық мәнге ие. Өйткені аталған облыстар халық саны жағынан өңірде көш бастап тұр. Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының әрқайсысында шамамен 1 млн 375 мың адам тұрады", – деді Мақсат Имандосов.

Оның айтуынша, еліміздің оңтүстік өңірін құрайтын Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары мен Алматы, Шымкент қалалары халық ең тығыз қоныстанған өңірлер.

"2019 жылдың мамырында бұрынғы ОҚО, қазіргі Түркістан облысы халқының саны Шымкент қаласын қоса алғанда 3 миллионға жетті. Бұл Батыс Қазақстан облысының немесе жоғарыда аталған 4 солтүстік облыс халқының санынан көп көрсеткіш. Алдағы айларда Алматы облысы мен Алматы қаласы тұрғындарының саны 4 млн адамға жетеді. Жалпы алғанда, оңтүстік өңірде тұратын адамдардың саны 9 млн адамға жақындап келеді. Бүгінгі таңда Қазақстанның оңтүстігі елдегі жалпы халық саны өсімінің 60%-дан астамын құрап отыр", – деді ол. 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу