Жалпыұлттық халық санағына қанша қаржы жұмсалады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3468

Он жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда бір адамға жұмсалатын қаржы 11%-ға өспек.

Жалпыұлттық халық санағына қанша қаржы жұмсалады Фото: sputniknews.kz

Келер жылы елімізде жалпыұлттық халық санағы жүргізіледі. Он жылда бір келетін науқанға шамамен 8,8 млрд теңге жұмсалмақ.

"2009 жылғы санаққа 6 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған болатын. Яғни, бір адамға арналған шығынның көлемі 430 теңгені құрады. Ал 2019 жылы бір адамға 480 теңге қарастырылып отыр. Он жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда бір адамға қарастырылатын қаржы 11%-ға өспек", – деді ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов парламент мәжілісінің жалпы отырысында.

Министрдің айтуынша, 2009-2019 жылдар аралығындағы инфляцияны ескерсек, жалпыұлттық халық санағының шығыны азайып отыр. Шығынның төмендеуіне цифрландыру және автоматтандыру процестері ықпал етуде. Мәселен, цифрландырудың нәтижесінде 1,5 млрд теңге үнемделмек.

"Келер жылғы санақта қағаз бланкілер қолданылмайды. Сондықтан оны сатып алуға жұмсалатын 1,5 млрд теңге үнемделеді", – дейді қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов.

Жалпы, бөлінген қаржының негізгі бөлігі санақ алушыларға еңбекақы төлеуге, сондай-ақ науқанға қажетті планшеттерді сатып алуға жұмсалмақ.

"Планшеттер жиналған ақпаратты жедел түрде жүйеге енгізу үшін қажет. Осылайша, нақты ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігі артады. Өйткені, бұған дейін қағаз бланкілер пайдаланылғанда ақпараттар бұрмаланатын", – дейді ұлттық экономика министрі.

Сондай-ақ 2019 жылы санақ жүргізетін мамандардың саны едәуір қысқармақ. Мәселен, 2009 жылы 70 мың адам ел аралап, санақ жүргізсе, келер жылы бұл міндетті 40 мың адам атқарады деп жоспарлануда.

"Санақ кезіндегі білім, кіріс деңгейі секілді базалық сұрақтар өзгермейді. Жалпы сауалнамада 89 сұрақ болады. Ал бұған дейін сұрақтардың саны 87 болған еді. Бұл ретте, жаңа технологияларды қолдану, технологиялық процесс, қоғамды дамытуға қатысты жаңа сұрақтар қосылды", – дейді Тимур Сүлейменов.

Санақ 2019 жылдың күзінде өтеді деп жоспарланып отыр. Өкінішке қарай, бұл уақытқа дейін ақпарат және коммуникациялар министрлігі ауылдық елді мекендердің барлығын интернетпен, ұялы байланыспен қамтып үлгермейді. Сондықтан мұндай елді мекендердегі санақ дәстүрлі әдіспен жүргізілмек.

Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Дарын Тұяқовтың сөзінше, еліміздің барлық елді мекендерін интернетпен, ұялы байланыспен толықтай қамту үшін әлі үш жылдай уақыт керек.

Еске сала кетейік, мәжілістің бүгінгі жалпы отырысында "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік статистика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы талқыланды. Заң жобасы мемлекеттік статистика саласындағы құқықтық реттеуді одан әрі жетілдіруге бағытталған.

Тимур Сүлейменовтің сөзінше, заң жобасын әзірлеу барысында Германия, Финляндия, Оңтүстік Корея, Аустрия, Италия секілді дамыған елдердің тәжірибесі зерделенген.

"Заң жобасымен Қазақстан Республикасының 2 заңнамалық актісіне түзетулер енгізіледі. "Мемлекеттік статистика туралы" Заңның ұғымдық бөлігін нақтылау ескерілген. Осы орайда "әкімшілік деректер", "ұлттық санақ" секілді ұғымдарды нақтылау және кеңейту көзделуде. Сондай-ақ "интервьюер", "метадеректер", "телефон арқылы сауал жүргізудің компьютерлендірілген жүйесі", "бағаны тіркеу" және тағы басқа да бірқатар жаңа ұғымдар енгізіліп отыр", – деді Тимур Сүлейменов.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу