Жаһандық дағдарысты тудыруы мүмкін қатерлер

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
5010

АҚШ қор нарығының күрт құлдырауы жаһандық экономиканың әлсіз тұстарын ашып тастағандай болды.

Жаһандық дағдарысты тудыруы мүмкін қатерлер

Bloomberg агенттігінің сарапшылары осы орайда алдағы уақытта жаһандық дағдарыс бола қалса, нендей факторлардың әсерінен туындауы мүмкін екеніне жорамал жасап көрді.

Қытайдың несиелік ауыртпалықтары

Халықаралық валюта қорының мәліметінше, Қытай бизнесінің корпоративті қарызы қарқынды түрде өсіп келе жатыр. Бір жағынан несиенің көбеюі Қытайдың ішкі жалпы өнімінің артуына себеп болса, екінші жағынан қарыздың ІЖӨ-ге қатынасының ұлғаюы нақты әрқашан экономиканың өсімін қамтамасыз ете бермейді. Нақтырақ айтқанда, бүгінге дейін әлем экономикасының тарихында қарыздың артуынан ішкі жалпы өнім көлемі арту деректері 43 рет байқалған болса, тек соның 5-еуінде ғана мемлекет дамуы жалғасын тапса, қалған 38-і экономиканың рецессиясымен тынған еді.

ХВҚ соңғы кездері корпоративті қарыз өсімі қарқынын бәсеңдету үшін Қытай үкіметінің түрлі әрекеттерге барып жатқанын айтады. Алайда, банк секторынан тыс жалпы қарыз көлемі артқан үстіне артуда. Экономистердің пікірінше, Қытай билігі әлі де болса сенімді. Сенімді болатыны ел экономикасының тұрақтылығы мен қарызды жабу үшін мемлекеттік шығынды арттыра алу мүмкіндіктері.

Алайда егер АҚШ-пен арадағы сауда соғысы тоқтамайтын болса, бұл өз кезегінде мемлекеттік қаржыландыруды азайтып, нәтижесінде дағдарыс орын алуы мүмкін деушілер де жоқ емес.

Дамушы нарықтар қатері

АҚШ Федералды резерв жүйесінің базалық мөлшерлемені көтеруі мен мұнайдың қарқынды дамуы дамушы елдерді дефолт етуі ықтимал. Мұндай елдердің доллармен қарызы тым көп. Яғни, доллардың базалық мөлшерлемесіне олардың экономикасы тікелей байланысты дейді гонуонгтық Maybank банкінің аға сарапшысы Хак Пинь Чуа.

Мәселен, Аргентина, ОАР мен Түркия республикалары қазіргі таңда үлкен ауыртпалықпен бетпе бет келіп отыр. Олардың қарыздық міндеттемелері артып, бюджетке үлкен ауыртпалықтар түсуде. Алайда, сауатты бюджеттік саясаттың арқасында Мексика мен Колумбия секілді кей елдер мұндай қиындықтан айналып өтті.

Мұнайға келер болсақ, оның қымбаттауы импорттаушы кей елдердің шығынын еселеп арттырып жіберді. Соның ішінде Үндістан, Чили мен тағы да Түркия. Егер мұнай бағасы кей сарапшылардың болжағанындай 100 долларға дейін жететін болса, аталған елдерде қаржы дағдарысы туындауы мүмкін.

Корпоративті қарыздың көптігі

Экономикалық дағдарысты туындатуы мүмкін жаһандық қатерлердің бірі әлем бойынша корпоративті қарыздың көптігі. Бұл негізінен америкалық компаниялардың есебінен өскен екен. Корпорациялар төмен мөлшерлеме мен жоғары сұранысты пайдалана отырып қарыз коэфицентін отыз жылға дейін көтеріп алды.

Қалай дегенде де қарызды белгілі бір уақытта қайтару керек. Алайда орталық банктер әлі мөлшерлемені төмендетуге асықпайды. Мөлшерлеменің 2008 жылғы дағдарысқа дейінгі деңгейге төмендемегендігінен компаниялар да қарызды қайтаруға асықпайды, дейді Swiss Re Institute бас экономисі Жан Хегели.

Quitaly мен Brexit қатері

Италия мен Британияның экономикалық жағдайы қазір Еуропа үшін ғана емес, әлем үшін уайым болып тұр. Британия одақтан шығатын болып шешкенімен, оның шарттарын одақпен әлі келіскен жоқ. Белгілісі 2019 жылы наурызда Британия одақтан шығып кетуі керек. Сарапшылар бұл процестің де оңай болмайтынын айтады. Британ компаниялары Еуропадағы жеңілдіктерінен айырылуы ықтимал. Ол кезде ел экономикасында дағдарыс басталмақ.

Сонымен қатар Италия билігі де таяуда еуродан бас тартып лирамен саудаласу туралы бастама көтеріп қалды. Бұл Quitaly қатерін сарапшылар әзірге тым күшті деп отырған жоқ. Алайда бұл да Еуроодақтың экономикасын "төңкеріп" тастауы мүмкін. Өйткені елдің мемлекеттік қарызы 2 трлн еуродан асады. Бұл Еуропадағы ең үлкен қарыз. Сол себепті Италияның одақтан шығуы елдің де, одақтың да экономикасына оңай болмайды.

Дағдарыстан аман шыққандардың қаупі

Қанша жерден парадокс болып көрінгенімен, 2008 жылғы дағдарыста құлаған дамыған экономикалардың өзі рецессияның туындауына өз үлестерін қосуы мүмкін. Bloomberg сарапшыларының мәліметінше, қаржылық дағдарыс кезінде ішкі жалпы өнімдері өсе берген елдер бар. Оған мысал Аустралия.

Сонымен қатар мұндай тізімде Канада, Швеция мен Норвегия бар. Олардан келетін қауіп сол, бұл елдердегі экономикалық даму ел ішіндегі жылжымайтын нарықта бағаның асыра сілтенуі, деп жазады Bloomberg сарапшылары.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу