Жақсы дәрігер табу мәселесін министр емес, кәсіпкерлер палатасы көтерді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4061

Мемлекеттік медициналық сақтандыру қорының құрылғанына көп болған жоқ, бірақ қазірдің өзінде оған жүздеген миллион қаржы тасқындай құйылып жатқан көрінеді.

Жақсы дәрігер табу мәселесін министр емес, кәсіпкерлер палатасы көтерді

Бұл туралы үкіметтің бүгінгі отырысында әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрайымы Елена Бахмутова жария етті. Ол енді жаңа басталған осы айда "миллиардтарды" бағындыруға құлшынуда.

"Биылғы 1 шілдеден бастап, жаңа заң күшіне енді, біздің қорға азаматтардан, компаниялардан және мемлекеттен жарналар мен аударылымдар соған сәйкес аударылатын болады. Олар 1 шілдеден келіп түсе бастады. 27 шілдедегі жағдай бойынша 548,2 миллион теңге құйылды. Оның ішінде аударылымдар үлесіне 38%, ал, жарналар үлесіне 62% тиесілі. Бұл ретте келіп түскен қаржының 44%-ы жеке кәсіпкерлердің ағымдағы жылдың екінші жартысына арналған аванстық төлемдері болып табылады", – деді Елена Бахмутова.

Себебі, өз бетінше нәпақа тауып, жеке кәсіпкер атанған азаматтар медициналық сақтандыру үшін де өздері төлем төлейтіні мәлім.

Қор басшысының мәліметінше, аударылымдар мен жарналар төлеу бойынша көшбасшылық тізгінді бірден төрт өңір өз қолына алыпты, бұлар – Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Алматы облыстары. Тек осы өңірлердің өздері ғана топтаса келе, қорға түскен барлық қаражаттың 49%-ын қалыптастырған. Ал қалған он облыс пен Астана және Алматы қалаларының еншісіне небары 51 пайызы тиесілі.

"27 шілдедегі жағдай бойынша қаржы 235 мың азамат үшін төленді. Жедел мәліметтер бойынша, келіп түскен қаражаттың жалпы көлемі қазір 800 миллион теңгеден асты. Яғни, медициналық сақтандыру жарналары мен аударылымдары төленген жеке тұлғалардың саны 384 мыңнан асып түсті", – деді Елена Бахмутова.

Бұл тек басы ғана. Байқап отырғанымыздай, ол тізгінін ұстаған қорға арқырай ағындап жатқан қаражаттың көлемі күн сайын, тіпті сағат санап артуда. Осы орайда әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрайымы негізгі төлемдер тамыз айында басталатынын баса айтты.

"Сондықтан, біз тек тамыз айында ғана қорға шамамен 4,5 миллиард теңге келіп түседі деп күтудеміз. Жалпы алғанда, шілде айының көрсеткіштері болжамға сай келеді. Тұтастай алғанда, ағымдағы жылғы базалық аударылымдар көлемі 27 миллиард теңге болуға тиіс", – деді Елена Бахмутова.

Сарапшылар қор басшылығы мен мамандары БЖЗҚ-дағылар секілді бонустар мен сыйақылар ала алатынын еске салады. Олар атқарған жұмыстарының тиімділігіне, қазіргі тілмен айтқанда, "KPI"-ға (Key Performance Indicator), яғни өз қызметтерінде нақты қол жеткізген нәтижелер мен мақсаттарға сай болса болғаны.

Бір қызығы, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың қаражат сомасы бойынша жария еткен болжамы қор басшылығы деректерінен өзгешеленеді. Ведомство басшысының айтуынша, "2017 жылы 23 миллиард теңге көлемінде міндетті сақтандыру жарнасы түсуге тиіс". Оның 95%-ы жұмыс берушілердің аударымдары болса, 5%-ы жарналарға тиесілі болмақ.

"Қазіргі таңда министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен және "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясымен бірлескен жұмыс жүргізуде. Бұған қоса, осы бағытта электронды денсаулық паспортын әзірлеу, жергілікті медициналық ақпараттық жүйелерді қалыптастыру жұмысы да жалғасын тауып жатыр", – деді Елжан Біртанов.

Министр алдағы тамыз айында қорға түсетін түсімдердің көлемі артуға тиістігін растады.

Еске сала кетсек, келесі 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, бірде бір адам қалмай, барша қазақстандық медициналық көмекті міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша ала бастауға міндетті. Бұл жүйе 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап іске қосылды. Осы кезден бері қорға аударымдар мен жарналарды жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт негізінде еңбек ететін азаматтар төлеуде.

Заң бойынша жұмыс беруші ай сайын қарамағындағы қызметкерінің жалақысының 1%-ы көлемінде аударым аударуға міндетті. Бірақ аударым сомасы 3668,9 теңгеден аспауы тиіс, бұл – 15 төменгі айлық жалақының (шамамен 24 мың теңге) 1%-ы, яғни ең жоғарғы аударылым сомасы.

Жеке кәсіпкерлер мен осы санатқа жатқызылған жеке меншік адвокаттар және нотариустар, кәсіби медиаторлар да жарнаны 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап аударады. Бұл санаттағылар жарнасы 2 төменгі айлық жалақының 5 пайызын немесе 2017 жыл үшін 2 мың 445,9 теңгені құрамақ. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлер қарамағындағы жұмыскерлер үшін жұмыс беруші ретінде жарна аударады.

Сонымен қатар, биылғы 1 шілдеден бастап азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін жұмыскерлер де жарна аударуға міндетті. Бұл топ тапқан табысының 5 пайызы көлемінде жарна аударады. Дегенмен аталған санаттағы азаматтардың да жарна есептелетін табысының ең жоғарғы мөлшері 15 төменгі айлық жалақыдан аспауға тиіс.

Айтқандай, кез келген оқырманымыз жарналар мен аударымдардың нақты сомасын қордың fms.kz сайты арқылы есептеп білуге болады. Төлеушілерге арналған нұсқаулық пен жарна есептейтін калькулятор сайттың басты бетінде орналасқан.

Ал 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап сақтандыру жүйесіне мемлекет пен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қосылады. Мемлекет жеңілдігі бар 14 санаттағы 10 миллион азамат үшін жарна төлейді. Атап айтқанда, МӘМС жүйесінде тегін сақтандырылғандар қатарына балалар, зейнеткерлер, мүгедектер, жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендер және басқалары жатады.

"Сақтандырылған азаматтар МӘМС пакеті шеңберіндегі медициналық көмекті 2018 жылдан бастап пайдалана алады. Сол кезге дейін жекеменшік клиникалармен және мемлекеттік емдеу мекемелерімен медициналық қызмет көрсету туралы келісімшарттар бекітіліп бітуге тиіс. Сондай-ақ, еліміздің барлық тұрғындары әлеуметтік маңызы бар ауруларға қоса, жедел жәрдем, шұғыл көмек, санитарлық авиациялық кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетін пайдалана алады", – деді министр Елжан Біртанов.

Оның мәліметінше, алдағы 2 жылда – 2018-2019 жылдары сақтандырылмаған қазақстандықтар үшін жеңілдік мерзімі қарастырылған. Жарна төлемеген азаматтар амбулаторлық көмек пен шұғыл жағдайлар туындағанда көрсетілетін стационарлық көмекті ғана тегін пайдаланады.

Денсаулық сақтау министрі жүйе жұмысында болуы ықтимал ақаулардың алдын алу мақсатында МӘМС-ті енгізудің тәуекелдерін басқару бойынша іс-шаралардың кешенді ведомствоаралық жоспары бекітілгенін атап өтті. Бұл жоспар 4 бөлімнен тұрады: біріншісі – "мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын", екіншісі – "МӘМС жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуді", үшіншісі – "ақпараттық жүйелер және оларды ықпалдастыруды", төртіншісі – "нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуді" қарастырады.

"Әрбір тәуекел бойынша оларды жоюға қажетті іс-шаралар анықталған. Сондай-ақ, қазір МӘМС-тің негізгі нормативтік-құқықтық актілері келісуден өтіп жатыр: көрсетілетін қызметтердің пакетін кеңейтуді көздейтін "Тегін медициналық кепілдендірілген көмек тізімін бекіту туралы" және "МӘМС жүйесіндегі медициналық көмек тізімін бекіту туралы" үкімет қаулыларының жобалары дайын", – деді министр.

Оның түсіндіруінше, жарнаны мемлекет төлейтін тұлғаларды есепке алу "Төлемдерді өңдеуді ұйымдастыру" автоматтандырылған жүйесі негізінде 14 санат бойынша жүргізіледі екен. Оған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 5 ақпарат жүйесінің мәліметтері мен ішкі істер, білім және ғылым және денсаулық сақтау министрліктері базаларының мәліметтері өзара кіріктіріледі.

"Нәтижесінде, барлық ақпарат денсаулық сақтау министрлігінің "Тіркелген халық тіркелімі" жүйесіне жүктеледі және азаматтардың МӘМС жүйесіндегі мәртебесін анықтау үшін барлық медициналық ұйымдарға қолжетімді болады. Мемлекеттік органдардың ақпараттық базаларынан "түсіп қалуы" мүмкін азаматтар үшін өтініш түрінде халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы өзінің нақты санатқа жататынын растау мүмкіндігін жасау ұсынылуда", – деді Елжан Біртанов.

Ол сондай-ақ МӘМС енгізудің осы кезеңінде денсаулық сақтау министрлігі, басқа да мүдделі мемлекеттік органдар, облыс әкімдіктері түрлі мақсатты топтар арасында кеңінен ақпараттық-түсіндіру жұмысын жалғастырып жатқанын баяндады.

Өз кезегінде бұл науқаннан "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы да тыс қалған жоқ. Палата реформаны түсіндіру жұмыстарына белсенді тартылған. КҰП қормен бірлесе отырып, басты сұрақтар мен олардың жауаптары жинағын әзірлеп, интернет-ресурстарға орналастырыпты.

"Атамекен" палатасы үкіметке өз ұсыныстарымен де шықты. Мәселен, қазіргі кезде азаматтар өздері емделетін емхананы өз беттерінше таңдап, тіркеле алады, бірақ мұны онлайн режимде жасау тәртібі әлі регламенттелмепті. Палата медициналық бизнесті дамыту үшін тіркелудің онлайн-форматын да реттеуді сұрайды.

Палата көтерген келесі бір мәселе сол, медсақтандыру қорының сайтында осы қордың жүйесі бойынша аккредиттелген жеке клиникалардың және мемлекеттік емханалардың (олар да болашақта бизнес ортаға тапсырылады) тізімі берілген. Алайда қор сайтында сол клиникалар туралы ешқандай ақпарат көрсетілмепті. Сондықтан КҰП ол ұйымдардың мекенжайын, байланыс телефондарын және оларда тіркелген азаматтардың тізімін де қоса орналастыруды ұсынады.

Тағы бір жайт, медсақтандыру жүйесіне қатысушы азаматтар өздерін емдейтін дәрігерді де таңдай алады. Әйткенмен, бұл мәселе де тәртіпке келтірілмепті. Біріншіден, еліміздегі барлық дәрігерлердің ортақ базасы жоқ. Адамдар жақсы дәрігер туралы деректі не "фольклорлық" тәсілмен, яғни ауыздан ауызға беру арқылы, не интернеттегі пікірлер арқылы ғана біледі. Екіншіден, әрбір дәрігерге бекітілу тәртібі де әлі күнге жоқ көрінеді. Салдарынан, бір дәрігерге 15, ал екіншісіне 1,5 мың адам тіркелуі мүмкін. "Атамекен" палатасы бұл мәселені де реттеу бойынша денсаулық сақтау министрлігіне міндет жүктеу туралы үкіметке ұсыныс жолдады.

Бүгінгі үкімет отырысын қорытқан премьер Бақытжан Сағынтаев МӘМС енгізуді бақылауды күшейтуді тапсырды.

Ол Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды одан әрі енгізу бойынша басқа да бірқатар тапсырмалар берді.

Бақытжан Сағынтаев денсаулық сақтау, ақпарат және коммуникациялар министрліктеріне облыстардың, Астана, Алматы қалаларының әкімдіктерімен бірге жұмыс берушілер, кәсіпкерлер және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысын жандандыруды жүктеді. Бұдан өзге, мемлекеттік кірістер комитеті жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлердің аударымдары мен жарналарын төлеу бойынша апта сайынғы мониторинг жүргізуге міндеттелді.

Сондай-ақ, премьер табыстары төмен, немесе жоқ азаматтарға баса назар аударуды тапсырды. Оған бейресми сектор жұмысшылары, тіркелмеген жұмыссыздар, мәртебесі жоқ тұлғалар жатады. Бұл азаматтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалмауы үшін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне облыстардың, Астана, Алматы қалаларының әкімдерімен бірге келесілерді пысықтау жүктелді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу