Жалақы инфляцияға ілесе алмай келеді

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
19473

Еліміздегі компаниялардың жартысынан көбі 2017 жылы қызметкерлерінің жалақысын көтеруді жоспарлап отыр. 

Жалақы инфляцияға ілесе алмай келеді

2017 жылы елдегі компаниялардың 55%-ы қызметкерлерінің жалақысын көтеруді жоспарлап отыр. Мұндай мәліметті Ernst&Young компаниясы  еліміздегі айлық жалақы мен өтемақы туралы кезекті шолуында жариялады. 

Келтірілген мәліметтерге қарасақ, сауалнамаға жауап берген компаниялардың шамамен 80%-ы биыл айлық жалақы мөлшерін көтерген. Сонымен бірге жалақыны көтеруде  қызметкерлер санатына қатысты таңдау жасалған.

Компаниялардың шамамен 75%-ы басшылардың орташа тобы мен мамандардың жалақысын көтерген. Берілген есеп мәліметіне қарасақ, 2015 жылдың шілдесі мен 2016 жылдың маусымы аралығындағы сауалнамаға қатысқан компаниялардың негізгі бөлімшелеріндегі қосалқы қызмет көрсетуші қызметкерлері мен жұмыскерлерінің жалақысы ғана инфляция деңгейінен аса алыпты.

Қызметкерлердің қалған санаттарына тоқталсақ (барлық санат басшылары мен мамандар), олардың көтерілген айлық жалақыларының орташа мөлшері есепті кезеңдегі инфляция деңгейінен төмен болыпты. Сонымен қатар EY атқарылған жұмыс нәтижесіне қарап, жоғары топтағы қызметкерлердің сыйақыларының мөлшерін арттыру үрдісі барын көрсетті.

Сауалнамға қатысқан компаниялардың ¾-і жұмыс қорытындысымен осы санаттың қызметкерлеріне берілетін сыйақы мөлшерін арттырған.

Сондай-ақ шолуда компаниялардың қызметкерлерге қосымша жеңілдіктерді белсенді ұсынып отырғаны атап көрсетіліпті. 

2016 жылы шолуға қатысқандардың шамамен 25%-ы спортпен айналысу, қызметкерлерге ұялы телефон беру сияқты көптеген жеңілдікті ұсынса, ал  компаниялардың 40%-ы тамақтануға жеңілдік беріпті.

2017 жылдың жоспарына тоқталсақ, компаниялардың көпшілігі келесі жылы басқарманың орта тобы мен мамандардың жалақысын көтеруді жоспарлап отыр. Сауалнамаға қатысқан компаниялардың шамамен 45%-ы басқа санаттағы қызметкерлердің де жалақысын көтеруді жоспарлапты.

Биыл айлық жалақыны көтерген компаниялардың саны былтырғымен салыстырғанда 20%-ға жоғары.

Компаниялардың ¾-нің жұмыскерлер санын өзгерткісі жоқ. Сауалнамаға қатысқан компаниялардың 25%-ы жұмыскерлер санын арттыруды жоспарлап отыр. Ал шамамен 10%-ы қызметкерлер санын қысқартпақшы.

Ernst & Young компаниясының қызметкерлерді басқару жөніндегі кеңес қызметі бөлімінің менеджері Октябрина Мырзағалиева: "Компаниялардың қалыптасқан экономикалық жағдайға бейімделгенін байқап отырмыз.

Сондай-ақ, нарықтың құбылуына қарамастан, қызметкерлерді ынталандыру мақсатында айлық жалақы, сыйақы және жеңілдік сияқты материалдық өтемақы түрлерін ұсынып отырғанын да көріп отырмыз. Биылғы айлық жалақының нақты мөлшері былтырғымен салыстырғанда жоғары. Бірақ, 2014 жылғы мөлшермен салыстыратын болсақ, онда төмен", – деп атап кетті.

Шолуға мұнай-газ, кен өндіру, банк, фармацевтика саласындағы, сонымен қатар тұтыну тауарлары секторындағы компаниялардың ішінен 73 компания қатысыпты.

Статистика комитетінің мәліметіне сәйкес, қыркүйек айында елдегі орташа айлық жалақы 139 279 мың теңгені құраған. Ал инфляция деңгейі қазанда (2015 жылдың желтоқсанына қатысты) 6,2% болған.

Сонымен қатар 2016 жылдың тоғыз айында азық-түлік тауарларының бағасы 5,7%-ға, азық-түлік емес тауарлар 7,6%-ға, ақылы қызмет 5,4%-ға қымбаттапты.

Фармацевтикалық өнімдер – 15,1%-ға, кеңсе тауарлары – 12,5%-ға, жеке тұтыну тауарлары – 10,3%-ға, тұрмыстық құралдар – 9,7%-ға, тазалау құралдары – 9,6%-ға, шыны және қыш бұйымдары – 8,7%-ға, тоқыма бұйымдары – 8,1%-ға, автокөліктер – 8%, киім және аяқ киім 7,5%-ға өскен.  

Дизель отыны – 33,7%, баллондағы сұйытылған газ 16,3%-ға қымбаттаған.

Жыл басынан бері шай – 33,3%, жарма  – 29,6%, қант – 18,1%, нан – 16,7%, өңделген және консервіленген көкөніс – 13,7%, кондитерлік тағамдар - 13,2% , сұйық май – 12,4%, салқындатылған сусындар –  11,3%, макарон өнімдері – 10,7%, құс еті –10,4%, жеміс пен көкөніс сусындары – 9,8%, нан өнімдері – 8,6%, кептірілген жеміс және жаңғақ 7,4%-ға қымбаттапты. Балғын көкөніс – 24,6%, шикі сүт – 6,2%, жұмыртқа – 1,1%,  картоп 0,9%-ға арзандаған.

Қызмет көрсету деңгейінің бағасы да өскен. Денсаулық сақтау саласы – 8,4%, білім беру – 6,5%, демалу, көңіл көтеру және мәдениет саласы – 5,6%, мейрамхана мен қонақүйлер – 5%, шаштараз және жекелей қызмет көрсету орындары 3,8%-ға қымбаттаған. Темір жол көлігімен жолаушыларды шалғай жерлерге тасымалдау ақысы – 11,8%, әуе жолы көлігімен тасымалдау – 9,4%-ға, қаларалық автобустар 8,4%-ға қымбаттаған.

Тұрғын үй-коммуналдық қызмет көрсету саласындағы тарифтер де көтерілген. Атап айтсақ, кәріз жүйесі – 25,2%, суық су – 12,2%, қоқыс шығару –11%, үлестіру жүйесімен тасымалданатын газ – 7,5%, орталық жылу жүйесі – 7,3%, электр энергиясы – 6,1%, ыстық су 5,3%-ға  көтерілген.

Ирина Севостьянова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу