Жамбылдық бағбан 30 жылдан бері таңқурай өсіріп келеді

3765

Ол бұл кәсіпке бірден араласып кете қойған жоқ.

Жамбылдық бағбан 30 жылдан бері таңқурай өсіріп келеді

Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданындағы Абай ауылының тұрғыны Орынбай Бекназаров 30 жылдан бері үй жанындағы 25 сотық жерде таңқурай өсіріп келеді. Ол бұл кәсіпке бірден араласып кете қойған жоқ.

"Алдымен бақшама алма, алмұрт ектім. Алманың маусым, шілде, тамыз, қыркүйек, қазан айларында пісетін сорттарын өсірдім. Ондағы ойым жылына 6-7 ай дастарқаннан жеміс үзбеу еді. Қызанақ, қияр сынды көкөністерді болсын-болмасын жыл он екі ай тұтынамыз ғой", – дейді ол.

Орынбай жеміс-жидектен бөлек, сарымсақ та өсіріпті. Бәрінен де денсаулыққа таңқурай зор пайда тигізетінін денсаулық журналдарынан оқып, білген бағбан жаңа кәсіптің қыр-сырын жан-жақты зерттеп барып, осыған ден қояды. Оның ең көп өнім беретін "Техас" сортын тауып, бақшасына отырғызады. Америкалық таңқурайдың бұл түрін бақшасына отырғызған ол бірнеше жылда оның түбін 1500-ге жеткізеді. Таңқурайдың бұл сортының әр түбінен 3-5 келі өнім алынады екен. Сөйтіп жылына 20-25 сотық жерден 2-3 тонна өнім жинап, 3 млн теңгеге дейін табыс тауып отыр.

Таңқурайды қайда өткізем деген уайым жоқ. Өйткені тапсырыс берушілер үйінен келілеп өздері алып кетуде. Алғаш таңқурайды тіккен жылы Орынбай Бекназаров 80 мың теңге тапқан. Жыл санап пайдасын еселеген ол 25 сотық жердің 5 сотығына қора-жай салып мал ұстап отыр.

Жалпы таңқурай егіп жұмыс бастағалы жағдайлары да түзелген. Өзінің "Кемел" шаруа қожалығын құрып, жылқы басын бір үйірге, қой басын екі отарға жеткізеді. Бірақ осынша малды баптап, бағып отырса да, қожалық жетекшісі таңқурай өсіруден танбай келеді.

"Таңқурай жемісін жинау нағыз дене жаттығуына жатады. Мысалы, 1 литр банкада шамамен 1000 таңқурай дәні болады.  Сонда әр өнімді еңкейіп теру қаншама қимылды керек етеді. Одан басқа қырқу, суару, шөбін жұлу, байлау т.б. әрекеттер бар. Мұның балаларымды, немерелерімді тәрбиелеуде мәні үлкен.

Алма, алмұрттың сорттары, барлық жеміс ағаштары 100-ден асады. Жеміс-жидек ойлы-қырлы жердің бәріне егілген. Ал таңқурайлардың бір өзі 20-25 метрден 60 арық немесе шамамен 0,03 га жерді алып жатыр. Бізде кәдеге аспайтын 1 шаршы метр жер жоқ. Пайғамбар жасына келсем де, таңқурайды өзім күтіп-баптаймын", – деді Орынбай Көшкінұлы.

Өз отбасы жылда 200 келі тосап жауып алады екен. Артылғанын елге сатып, пайда тауып отыр. Ал кәсіпкер 1 шаршы метрден 1000 теңге табуға болатынын алға тартуда. Яғни осынша жерге 2 шелек қи төгіп, таңқурай егіп, 2-3 бақыр су құйып тұрса, ол жер міндетті түрде еңбектенген адамға мол өнім сыйлары анық.

Бағбанның айтуынша, мұны мүмкіндігі шектеулі адам да істей алады. Тек ниет болса болғаны.

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу