Жаңа әкімдердің жеті қыры

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
1614

Әкім ауыстыру – аласапыран емес, қисынды реформа.

Жаңа әкімдердің жеті қыры

Бүгін арайлы Астанадағы ақордадан бастау алып, "шұғылалы" қағидат бойынша жан-жаққа тараған үлкен толқын біраз өңірді басып өтті. Ел басшылығының ұсынысымен елімізде бірнеше облыстың басшысы ауысты.

Жыл басынан бері Қазақстанның басты "ньюсмейкері" – ресми Астана болды: қаңтардан бері жүрген конституциялық реформа мен Ата заңға түзетуді талқылау нәтижесінде елорда мен ақорда қоғамдық пікірді ұзақ уақыт бір өзі меңгерген еді. Енді әкімдерге келген ауыс-түйіс облыстарды қайтадан "жаңалықтың күн тәртібіне" оралтты.

Биліктегі әлдебір дереккөздер ақпарат құралдарына күні бұрын бірнеше облыс басшысының ауысатынын айтып, тіпті аймақ басқаратын жаңа кандидаттардың бір-екеуінің атын да хабарлап жібергенімен, әкім ауыстыру науқанының қарқынды және "оптом" жүргені сонша, бұл сарапшыларға өзгерістің мәнін талдауға мұрша бермеді.

Біз хабарласқан бірқатар саясаттанушы бұл өзгерістің конституциялық жаңарудан кейін күтілгенін, бірақ өңірлердегі билік басына келгендер бойынша әлдебір қорытынды пікір айту үшін болғанды қорытуға уақыт қажет болатынын айтып жатты.

Хош, сонымен біз өз бетімізше талдап көрсек. Бұл ретте барлық кандидатқа ортақ сипат-нышан бар екені назар аудартады.

Біріншіден, жаңа әкімдердің ешқайсысы жас емес, өткен ғасырдың 60-70-жылдарында өмірге келген аға ұрпақ өкілдері, өмір көрген, заманаға төзген, төселген тәжірибелі мамандар.

Екіншіден, олардың барлығын жақсы мағынасында технократ деуге болады.

Үшіншіден, олардың өңір, қала, аудан басқаруда тәжірибесі бар, бәрі әкім болған.

Төртіншіден, барлығын дерлік "жергілікті кадр" деп атасақ жаңылмаймыз, нақты сол облыста, не көршілес өңірде туған, бала кезден даласы мен тау-тасын аралап, табиғатымен тыныстап өскен.

Бесіншіден, біразы "Нұр Отанда" жұмыс істеген, қоғамдық күшті ұйымдастыру тұрғысынан біліктілігін шыңдаған.

Алтыншыдан, олар ақордада және оған жақын қызметтерде еңбек етіп, президенттің жанында жүрді.

Жетіншіден, олардың барлығы да перзент сүйіп, ұрпақ тәрбиелеп отырған отағасылар. Арасында сүр бойдағы жоқ.

Енді жаңа әкім мырзалардың бейнесіне жеке-жеке тоқтала кетсек.

Ел басшылығы стратегиялық маңызы бар Маңғыстау облысына Ералы Тоғжановты жолдады. Бұған дейін ол Қазақстан халқы ассамблеясында ұлтаралық және қоғамдық келісім мен татулықты нығайту бағытында біраз жобаны жүзеге асырғаны назарға алынса керек.

Ералы Тоғжанов 1963 жылы Батыс Қазақстан облысында өмір есігін ашқан. Еңбек жолы әртүрлі ғылыми-оқытушылық жұмыспен өріледі. Бірақ технократтық тәжірибесі де жетерлік. 2001-2006 жылдары Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарып, жергілікті бұқара мен бизнес мәселелерін шешумен айналысқан. Кейін 2 жыл Дін істері комитетінің төрағасы болды. Қарап тұрсаңыз, бұл да техникалық қыры көп жұмыс.

Айтпақшы, ол да өзге жаңа әкімдер секілді тікелей мемлекет басшысының қасында жүрді: 2008 жылдың ақпанынан бері Ассамблея төрағасының орынбасары – ҚХА хатшылығының меңгерушісі болды. Үйленген, үш баласы бар.

Мемлекет басшысы кезінде өзіне қанат қақтырған, содан бері жоғарғы эшелон үшін кадр даярлаудың "ұстаханасы" атанған Қарағанды облысын Ерлан Қошановқа сеніп тапсырып отыр. Ол бұған дейін премьер-министр кеңсесіне басшылық етті.

Осыған орай президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі өңірге сапарлап, жаңа басшыны жергілікті мәслихат пен активке таныстырып, ақ батасын беріп қайтты.

Ерлан Қошанов 1962 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Еңбек жолын темір ұстасы, "Жезқазғантүстіметал" байыту фабрикасының шебері ретінде бастаған. Сенат депутаты, көлік және коммуникация вице-министрі болды. Азаматтық авиация комитетін басқарды. 2012 жылдың ақпанынан бері премьер кеңсесін табан аудармай, басқарып келді. Үйленген, екі баласы бар.

Мәлік Мұрзалин Ақмола облысының әкімі болды. Ол 1971 жылы Ақтөбеде дүниеге келген. Мәскеу халықаралық қатынас мемлекеттік иститутын бітірген. Дипломат. Бірақ 2004-2008 жылдары көрші Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы, облыс әкімінің орынбасары, біріші орынбасары болған. "Нұр Отан" орталық аппараты басшысының орынбасары, "Қазақстан темір жолы" президентінің кеңесшісі қызметін де атқарған. Өмірбаянында президент іс басқармасы аппаратының басшысы лауазымы да бар. Үйленген, үш баланың әкесі.

Солтүстік Қазақстан облысының тізгіні Құмар Ақсақаловқа тиді. Қарапайым тілмен айтқанда, солтүстіктің жігіті, 1965 жылы Қостанай облысында туған. Жаңа қызметіне дейін президент әкімшілігі басшысының орынбасары лауазымын атқарды. Ол да Мәскеу ауыл шаруашылығы өндірісінің инженерлер институтын аяқтаған. Еңбек жолын совхоздың бас инженері ретінде бастапты. Содан ауыл шаруашылығы саласында әртүрлі басшылық қызмет атқарды, колхоз да басқарды. Меңдіқара ауданының, Таран ауданының әкімі, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болған. Өмір тарихы еліміздің билеуші партиясымен ұштасқан: "Нұр Отан" ХДП орталық аппаратының басшысы, партия хатшысы болды. Үйленген, төрт бала тәрбиелеп отыр.

Әкімдер арасында ауыс-түйіс жүргізе отырып, елбасы елдегі саяси реформа үдерісіне ерекше назар аударып, президенттік вертикалды сақтау аспектілерінің және мемлекеттік биліктің барлық тармағының жауапкершілігін арттырудың маңыздылығын айтып өтті.

Сондай-ақ елбасы бірқатар өзекті міндетті орындау қажеттігін айтып, әкімдер мен облыс тұрғындарын елдің экономикалық жаңғыруына белсене атсалысуға шақырды.

"Инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай туғызу керек. Қазақстан Дүниежүзілік банк рейтингінің "Бизнес жүргізу жеңілдігі" критериі бойынша 35-орынды иеленіп отыр. Бұл – жақсы көрсеткіш, алайда бізге ең әуелі өңірлердегі жұмысты жалғастыру қажет. Біз бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша облыстардың арнаулы рейтингін жасап, жыл сайын индустрияландыру күні табыс етілетін атаулы сыйлық тағайындаймыз!", – деп Нұрсұлтан Назарбаев жаңа әкімдерді ынталандырып қойды.

Сонымен бірге мемлекет басшысы кәсіпкерлік аясын кеңейту, мемлекет-жекеменшік серіктестігін дамыту, ауыл шаруашылығын субсидиялау, "Нұрлы жер" бағдарламасын іске асыру, өндірілетін өнімдегі Қазақстанның үлесін арттыру, сондай-ақ ғылыми-зерттеу институттарын қатыстыру арқылы өнеркәсіп секторын инновациялық тұрғыдан дамыту шараларына назар аударды.

"Біз бәсекеге қабілетті экспорттық кәсіпорындарға негізделген индустрияландыруды жалғастыруға тиіспіз. Тауар жеткізу, қызмет көрсету және оларды тұтыну жөнінен жаһандық жүйеден орнымызды табуымыз қажет. Бұл мақсатқа трансұлттық компанияларды тарту арқылы қол жеткізе аламыз", – дейді президент.

Нұрсұлтан Назарбаев елдегі әкімдер мен даму институттары басшыларының алдына отандық кәсіпорындарды одан әрі дамыту үшін инвесторлармен жұмысты жандандыру міндетін қойды.

Айтпақшы, әкімдерді "тобымен" ауыстырудың сыртында өзге де ауыс-түйіс қоса жүріп жатқанына назар аударған жөн. Мәселен Ералы Тоғжанов кеткен соң, елордадағы ассамблеяның резиденциясы саналатын "Бейбітшілік және келісім" сарайына қарама-қарсы орналасқан Қазақстанның Ұлттық музейін басқарып келген Дархан Мыңбай оның орнын басты. Мемлекет басшысының жарлығымен Дархан Мыңбай ҚХА төрағасының орынбасары-ассамблея хатшылығының меңгерушісі болып тағайындалды.

Ал бұған дейін Қарағанды облысын басқарған Нұрмұхамбет Әбдібеков Астанаға шақырылып, Есеп комитетінің төрағалығы тізгінін өз қолына алды.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу