Жаңа туған нәрестенің құжаттарын бір ғана SMS-пен алуға болады

Заң жобасы бірнеше мелекеттік қызметті бір ғана өтініш арқылы алуға мүмкіндік береді. 

Жаңа туған нәрестенің құжаттарын бір ғана SMS-пен алуға болады

Парламент Сенатында экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік жөніндегі комитеттің мүшелері мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері туралы заңнамалық актілерге түзетулер мен өзгертулер енгізу жобасын талқылады. Құжат мемлекет тарапынан халыққа көрсетілетін қызметтерді қолжетімді ете түсуді көздейді. Цифрлық жүйелердің мүмкіндігін пайдалана отырып, халықтың уақытын үнемдеуге арналған заң жобасын Мәжіліс депутаты Майра Айсина таныстырды.

"Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтің 72%-ы электронды түрде көрсетілетін болса, сол көрсеткішті жыл аяғына дейін 80%-ға, 2020 жылы 90%-ға жеткізу көзделіп отыр. Президенттің халыққа Жолдауында айтылған "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы да осы міндеттерді қамтиды. Әлеуметтік жағынан алғанда бұл өте маңызды заң жобасы деп есептейміз.  Құжатта  Кодекс пен  заңға өзгертулер мен түзетулер енгізу көзделген", – деп бастады Мәжілі өкілі. 

Заң жобасында мемлекеттік қызметтер үш топқа бөліп қарастырылған. Оның бірі – проактивті қызмет. Қарапайымдап айтқанда алдын ала көрсетілетін қызмет деуге болады. Мысалы, жаңа туған сәбиді тіркеу, жөргекпұл рәсімдеу, балабақша кезегіне қою сияқты бес түрлі қызметті бір ғана электронды өтініш арқылы алуға болады. Оны босанған ана қолындағы гаджет арқылы перзентханада жатып-ақ атқара алады.
"Бұл  қызметті алу үшін бұрын азаматтар 2 апта уақыт жоғалтатын. Ал енді соның бәрін бірнеше минуттың ішінде SMS-хабарлама арқылы алады. Осындай 17 өмірлік жағдай бойынша 27 проактивті қызмет көрсетілетін болады. Зейнетақы, жәрдемақы, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу сияқты қызметтер де осындай тәртіппен іске асады", – деді депутат.

Ал компазиттік қызметтер "бір терезе" қағидатынан "бір өтініш" қағидатына көшіріледі. 

"Бұрын зейнет жасына жеткен адамдар құжатын рәсімдеу үшін бір орталыққа 3-4 рет баратын болса, қазір соның бәрін бір өтініш арқылы ғана алады. Бұрын жеке-жеке көрсетіліп келген 55 қызмет 21 түрге жинақталып отыр", – деді Майра Айсина.

Жаңа құжаттың үшінші тармағы тұрғылықты мекенжай бойынша ғана көрсетілетін қызметтерді Қазақстанның кез келген нүктесінде көрсетуді көздейді. 

"Кез келген қазақстандық қай түкпірде жүрсе де, ұялы телефоннан интернетке шығу арқылы мемлекеттік қызметтің көмегіне жүгіне алады. Бұрын біз Эстонияға таңқалып қарайтынбыз. Олар эксаумақты қызмет жүйесін іске қосқаннан кейін халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыссыз қалғанын айтып күлетін. Бізде ондай бола қоймас, әрине. Егде жастағы, электронды қызметті тұтына алмайтын адамдар бар. Үкімет бүкіл елді 2022 жылға дейін кеңжолақты интернетпен қамтамасыз етпекші. Соған дейін шалғай елдімекендер үшін халыққа қызмет көрсету орталықтары әлі де қажет", – деді Мәжіліс депутаты. 

Комитетке мүше депутаттар заң жобасын жекелеген түзетулер енгізе отырып, мақұлдауды ұйғарды.  Жаңа құжат енді Сенат отырысында қаралады. 

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу