Жаңарған Конституцияларыңызбен, азаматтар!

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2276

Конституциялық "аламан" аяқталды.

Жаңарған Конституцияларыңызбен, азаматтар! Фото: reactor.inform.kz

Сөреден бұрқ еткен шаңы сонау ғаламтордан көрінген, елді елеңдетіп, халықтың делебесін қоздырған конституциялық "аламан" бір айдан астам уақытқа созылып барып, ақыры бүгін өз мәресіне жетті.

Төрешілердің (жұмыс тобының мүшелері) айтуынша, бұқара халықтың баптап, "баталап" қосқан "жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларының" бірен-сараны болмаса, көбісі дерлік сөреден көп ұзамай, бәйгеден шығарылған. Сөйтіп мәре межесінен негізінен, төрешілердің өздері дайындаған "арғымақтар" аттады.

Рас, доданың соңғы айналымында қазылар алқасы да сәйгүліктерін "сайдың тасындай" іріктеп, қосып жіберіпті. Алайда оның тек оны ғана озып, "жүлделі тұғырға" көтеріліп отыр.

Мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесі жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Мемлекеттік басқару академиясының профессоры Зинаида Федотова журналистерге берген сұхбатында халықтан түскен, Конституция баптарының барлық бөлімін қамтитын 6 мың ұсыныстың барлығы қаралғанын, бірақ олардың кейбірі ғана қабылданғанын айтады. Оның айтуынша, жұмыс тобы президенттің өз құзырын үкіметке және парламентке беру тақырыбынан тыс, шеткері шыққан ұсыныстарды "тіпті талқыға да салмаған".

Қазақстан азаматтары мәселен, мемлекеттік тілдің рөлін күшейту, оны этносаралық қарым-қатынас тіліне айналдыру, "ресми тіл" мәртебесін ағылшын тіліне беру, оралмандарды (этникалық қазақтарды) елге молынан тарту үшін оларды қабылдау тәртібін жеңілдету секілді өзін толғандырған мәселелерді көтеріп, жұмыс тобына ұсыныспен шыққан. Өлім жазасына қатысты да көп ұсыныс түскен, бұл ретте жұртшылықтың бір бөлігі оған Ата заңда мүлдем тыйым салу керек десе, басқа бөлігі керісінше, оны қайтадан қолданысқа енгізуді, тіпті айыптыны өлім жазасына кесуді көздейтін қылмыс түрлерін кеңейтуді сұраған. Мұның барлығы жаппай талқылауға шығарылған "ҚР Конституциясына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы" заң жобасына енбеді.

Әрине, халықтан жұмыс тобына осы заң жобасының негізгі тақырыбы саналатын билік тармақтары арасындағы құзыр бөліске қатысты да ұсыныстар түскен.

Нақтырақ айтқанда, халық парламентті қалыптастыру тәртібін өзгертуді ұсыныпты. Қазір халық өзі қалаған нақты депутатқа емес, партияға және оның тізіміне дауыс береді. Қай партия көп дауыс жинаса, мәжіліс депутаты мандатын да сол иеленеді. Ал сенатордың 32-сін мәслихат депутаттары сайлайтыны мәлім, қалғанын президент тағайындайды. Сондықтан халық бұрынғыдай мәжілісті қайтадан бір мандатты округтен сайлауға көшуді сұрапты. Сонда депутаттық үшін күрес нақты тұлғалар арасында жүрер еді. Сонымен бірге отандастарымыз қазіргі қос шатырлы парламентті "бір палаталы парламентке" айналдыру қажет деп есептейді екен. Бұған қоса, отандастарымыз мәжіліс және сенатқа депутат болғысы келетіндердің төменгі жасын көтеруді ұсынған.

Жұмыс тобына тек заңдардың Ата заңға сәйкестігін ғана тексеретін конституциялық кеңес орнына, "конституциялық сот" құру туралы ұсыныс жолданыпты. Мысалы, көрші Ресейде азаматтар қандай да бір заңды өз құқығы мен бостандығын шектейді деп санаса, бірден конституциялық сотқа жүгініп, сол заңның немесе оның әлдебір бабының күшін жойғызып жатады. Ал бізде болса, конституциялық кеңеске тек "президент, сенат төрағасы, мәжiлiс төрағасы, премьер-министр, сондай-ақ жалпы санының кемiнде бестен бiр бөлiгi қолдаса – парламент депутаты" ғана жүгіне алады. Қарапайым азаматтың тікелей Игорь Рогов командасына өтініш беру құқығы жоқ.

Кей азамат дамыған бірқатар елдегідей сотты да жергілікті жұртшылық сайлауға тиістігін айтып, ұсыныс жасапты. Ары созбай, бірден айтайық, жоғарыда айтылған бұл ұсыныстың ешқайсысы заңның ақырғы нұсқасында көрініс таппады.

"Биліктің ұйымдастырушылық құрылымы өзгеріссіз қалады. Парламенттің, үкіметтің және басқасының қазіргі ұйымдастырушылық құрылымын түбегейлі өзгерту туралы ұсыныс талқыланбады. Өлім жазасына қатысты мәселе де жұмыс тобында талқыға салынбады. Өйткені жалпыхалықтық талқылауға шығарылған жобада ол болған жоқ. Мұның бәрі тек талқылау барысында халықтан түскен ұсыныс болып табылады", – дейді Зинаида Федотова.

"Сонда халықтан түскен 6 мың ұсыныстың көпшілігінің тағдыры не болады? Болашақта билік оған қайта орала ма?" деп сұрады журналистер.

"Оралатын болар. Мемлекет басшысы жалпыхалықтық талқылау барысында түскен ұсыныстар қоғамда осы бағыттарда қордаланған мәселелер барлығын көрсеткенін, тиісінше, алда олар бойынша жұмыс күтіп тұрғанын жеткізді", – дейді жұмыс тобының мүшесі, профессор Зинаида Федотова.

Халықтың ұсынысына қатысты ойын парламент палаталарының 3 наурыз күнгі бірлескен отырысында президент Нұрсұлтан Назарбаев айта кетті:

"Біздің бәріміз конституциялық өзгерістерді талқылау бұқаралық сипат алғанын және сапалы түрде қанық жүргенін көрдік. Бірқатар бап аясында белсенді пікірталас өрбіді. Жұмыс тобына Конституция баптарының үштен екісіне және оның барлық тарауына қатысты болған 6 мың ұсыныс түсті. Халық енгізген ұсыныстар мәселелерді кең ауқымда қамтыды. 6 мың ұсыныстың бәрін Ата заңға енгізу мүмкін емес. Оның көпшілігін Ата заңға енгізбей-ақ заң арқылы шешуге болады. Қажеттілерін біз назарға алып, Конституцияға түзетулер арасына қостық. Қалған ұсыныстың барлығы мұқият талданып, мемлекеттік органдарды және заңнамалық процесті әрі қарайғы жетілдіру кезінде ескеріледі!", – дейді елбасы.

Халықтан түскен ұсыныстар ескерілмей қалды деп үзілді-кесілді айтуға болмайды. Мәселен осыдан біраз бұрын abctv.kz порталы "Қазақстан ардагерлері" қауымдастығы өткізген дөңгелек үстелден репортаж беріп, ардагерлердің Ата заңға ұсыныстары туралы жазған болатын.

6 наурыз күні мәжіліс пен сенат өзінің бірлескен отырысында конституцияны өзгертетін заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, мемлекет басшысының қол қоюына жіберді. Осыған байланысты біз "Қазақстан ардагерлері" қауымдастығының төрағасы, мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлды сөзге тартып, abctv.kz порталының оқырмандары, яғни халық алдында есеп беруін өтіндік.

Бақытбек Смағұлдың айтуынша, қауымдастық түзген концептуалды ұсыныстардың басым бөлігі қабылданып отыр.

"Бүкілхалықтық талқылау барысында біз, "Қазақстан ардагерлері" қауымдастығы бес концептуалды ұсыныс білдіргенбіз, соның біразы Конституцияны түзететін заң жобасына кірген екен. Бұл елбасының және жұмыс тобының халық пікіріне құлақ асқанын білдірсе керек. Дәлірек айтқанда, қауымдастық президентке парламент қабылдаған "заң жобасына" ғана емес, сондай-ақ күшіне мініп, қолданысқа енген заңның немесе өзге де нормативтік құқықтық актінің ел Конституциясына сәйкестігін қарау туралы Конституциялық кеңеске өтінішпен жүгіну мүмкіндігін беруді ұсынған еді. Ондай норма заң жобасына 44-баптың жаңа тармағы ретінде кірді. Елде қызу талқыланған 26-бапқа түзету жөнінде қауымдастық "халықтың пікірін ескеруді" сұраған болатын. Қоғам пікірімен санасқан елбасы шешімімен бұл бап ел сұрағандай, Ата заңда өзгеріссіз қалды", – дейді Бақытбек Смағұл.

Оның айтуынша, қауымдастық Конституцияның 57-бабының 6-тармағына өзгеріс енгізуді ұсынған. "Бұл тармақ бойынша республика заңдарын орындамаған министрді орнынан алу туралы өтінішке президент вето қойса, ол қарсылықты еңсеруге мәжіліс не сенат тек 6 айдан кейін ғана орала алатын. Біз осы алты айлық мерзімді алып тастауды ұсындық, сонда палата мемлекет басшысының қарсылығын еңсеруге бірден кірісе алатын. Жұмыс тобы бұдан әріге құлаш сермепті: нәтижесінде, бүгін құпталған заң жобасы бойынша палаталардың бірінен осындай өтініш түссе, президент ол министрді бірден қызметінен босатады", – дейді депутат.

Айтпақшы, өздеріне парламент рөлін күшейтетін дәл осындай салмақты тетік берілетінін естігенде, бірқатар депутат қорқып кетті. Солардың арасынан сөз алған сенатор Сергей Ершов президент әкімшілігінің басшысына жүгініп, осы тетікті жиі іске қосу арқылы депутаттар "үкімет жұмысының тұрақтылығын бұзбай ма?" деп ашық сұрады.

"Бұл қызық сұрақ екен, – деді Әділбек Жақсыбеков. – Үкімет жұмысының тұрақтылығына депутаттардың алаңдаушылық білдіруі – сіздер осы нормаға жауапты әрі сақтықпен қарайсыздар және бірінші кезекте ортақ істің мүддесін ескересіздер деген сенім ұялатады. Бұл ұсыныс шынында, жұмыс тобында да көптеген айтыс-тартыс туғызды. Қатысушылар тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде, 90-жылдарындағы парламенттің – Жоғарғы кеңестің жұмысын еске түсірді. Әйткенмен, парламенттің рөлін арттыру үшін осындай жаңалық ұсынылып отыр. Ешкімге құпия емес, сіздер мен біздер бұрыннан бірге жұмыс істеп келеміз. Депутаттар парламенттің үкіметке ықпал етер мүмкіндігі аз деген мәселе қойып жүр. Әрине, депутаттар өзіне ұнамаған министрді орнынан алып тастай бермейді. Мұның ережелері, тәртібі бар. Палата депутаттарының басым бөлігі, кем дегенде, үштен екісі осыны қолдауы керек. Оның үстіне мұндай шешім үкімет мүшелерінің есебін тыңдау қорытындысы бойынша ғана қабылдана алады", – дейді ол.

Мәжіліс депутаты, сарапшы Павел Казанцев те бір топ депутаттың өз ықтиярын орындамаған министрді қырына алып, креслосы мен кабинетінен қуып жіберуі қиындау болатынына сенімді.

"Біріншіден, үкіметтің қандай да бір мүшесін палатада жеке тыңдау үшін оған сенат не мәжіліс депутаттарының кемінде үштен бірі бастамашы болуға тиіс. Мәжілісте мысалы, 35-тен көп депутат қол қоюы керек. Екіншіден, сол тыңдау қорытындысында оны "Республика заңдарын орындамады" деп қызметінен босату туралы президентке өтінішпен жүгіну үшін депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысын жинау қажет болады. Оның үстіне мұндай маңызды мәселелер аяқ астынан қабылдана бермейді. Сіздер біздің заңды жалпы отырыста дауыс беріп, мақұлдағанымызды көресіздер. Шынында, жұмыс топтарында, комитеттерде ол заң жобалары айлап, жылдап талқыға салынады", – дейді Павел Казанцев.

Парламенттің бүгінгі бірлескен отырысында депутаттар енгізген және палаталар мақұлдаған он түзету жария етілді. Олардың бірі бойынша Ата заңда елбасының жетекші рөлі бекітіледі. Дәлірек айтсақ, заң жобасы бойынша Конституцияның 91-бабының 2-тармағы былай жазылады: "2. Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тәуелсіздігін, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, оны басқару нысанын, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанды құрушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптерін және ҚР Тұңғыш президенті – елбасының мәртебесін өзгертуге болмайды".

Сондай-ақ қолданыстағы Конституцияның 39-бабына өзгеріс енді. Қазір онда: "Ұлтаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады" деп жазылған. Осыған Қазақстан халқы ассамблеясы атынан сайланған депутаттар тобы тек "ұлтаралықпен" шектелмей, "дінаралық татулықты" бұзуға да тойтарыс беретін түзету енгізді. Дегенмен, кей сарапшы мемлекетіміздің діни емес, зайырлы сипатқа ие екеніне сілтеме жасап, бұл норманың қаншалықты конституцияға сәйкестігін тексеру керектігін айтады.

Ал Астананың атауы өзгертілмейтін болды. Парламенттегі жұмыс тобына ондай ұсыныс жазбаша түрде түспеген.

Сонымен бүгін парламент "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы" заңды қабылдап, мемлекет басшысына қол қою үшін ұсынған болатын. Осы күні-ақ мемлекет басшысы ол заңды "мемлекеттің қызмет қағидаттары мен басқару нысанына негізделген, Конституцияда белгіленген құндылықтарға сәйкестігі тұрғысынан қарастыру үшін" конституциялық кеңеске жолдады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу