Жаңғақ жегізіп, жұмыртқамен жарылқамақшы

Қажет Андас Қажет Андас
4061

Жетісулық кәсіпкерлер тыңға түрен салайын деп отыр. 

Жаңғақ жегізіп, жұмыртқамен жарылқамақшы

Жетісулық кәсіпкерлер жұмысын жүйелеп, заман талабына сай жаңғырта бастады. Өңіріміздегі өнімі өтімді бірқатар кәсіпорынның жағдайын зерделеу барысында осындай ойға келдік.

Ең алдымен ойымызға 2012 жылы іске қосылған жарық диодты шамдардың 350-ден астам түрі шығаратын  "Тексан Қазақстан Инвест" ЖШС оралды.

Өзге әріптестеріне үлгі болып отырған кәсіпорынның жетістігін бас директоры Диас Құрмашев: "Зауытта кеңсеге, көшеге, тұрмысқа және өнеркәсіп орындарына арналған әртүрлі шамшырақтар бар. Сонымен қатар біз ыңғайлы оқушы парталарын, көшеге, саябақтарға арналған әдемі орындықтар, кеңсе сейфтерін сатамыз. Соңғы кезде өнімдеріміздің өтімділігін арттыру үшін сырты көрінісін ұлттық нақышпен өрнектеуді қолға алдық. Нәтижесінде сатылым көркеткіші көбейді", – деп түсіндірді.

Оның сөзінше, жаңашылдыққа бет бұрған зауыт айына 200 мың бірлік өнім өндіріп, нарық сұранысының 70 пайызын қамтып отыр. Зауыттың өнімдері таяу шетелдерге, сонымен қатар Парсы шығанағы мен Латын Америкасына экспортталады. Аталмыш өндіріс орнының былтыр Дубай мен Панамада  филиалдары ашылған. Өндірілген өнімдегі қазақстандық мазмұн 92%-ды  құрайды.

Жетісу жерінде бақ өсіру ісі де жанданып келеді. Осы ретте Жамбыл ауданының Дегерес ауылдық округінде жаңғақ бағын өсіру елде бірінші рет қолға алынып отыр. Шаруалар "Салқын тау баурайында жаңғақ өсіруге болмайды" деген қағиданы тас-талқан етті. Бірақ мамандар бізбен өздерінің құпиясымен бөліспеді.

"Адамның адамшылығын істі қалай аяқтағанынан емес, бастағанынан біл" дегендей, "Green farm" шаруа қожалығы биылдан бастап үш жыл ішінде жаңғақ ағашының 220 мың данасын оның ішінде  "Чандлер", "Франкет" сортты көшеттерін 800 гектар аумаққа отырғызуды көздеп отыр. Жобаның алғашқы кезеңіндегі инвестиция көлемі 1,8 млрд теңгені құрады. Осы көктемде 200 гектар алқапқа 40 мың жас көшет ектік. Бақтың 400 гектарына тамшылатып суару әдісін қолданатын боламыз. Ол үшін қазіргі кезде 2 ұңғыма бұрғыланып, француз технологиясы бойынша су жинау үшін 5 мың текше метрлік екі бассейннің құрылысын аяқтадық. Бір ағаштан алғашқы 4-5 жылда 5 келіден одан кейінгі 10-11 жылда 180 келіге дейін өнім аламыз деп үміттеніп отырмыз, – деді шаруашылық басшысы Махмет Мимикенов.

Биіктігі алты метрге дейін жететін ағаш 65 жыл өмір сүреді. Жаңғақ экспортқа бағытталады. Тек жұмыс ауқымын кеңейтуге коммуникация желісі мен табиғи газ құбырының тартылмауы кедергі келтіріп тұр.

Жобалық құны 1,2 млрд. теңгені құрайтын  "Алматы Сұңқар құс фабрикасы" ЖШС өткен жылы 42,4 млн дана жұмыртқа өндірді. Биыл 80, 2018 жылы 130 млн  дана жұмыртқа өндіруді жоспарлап отыр.

"Бізде 80 адам жұмыс істейді. Олардың алаңсыз еңбек етуіне қолдан келгеннің барлығын жасаймыз", – дейді фабрика директоры Дмитрий Чалых.

"Империя Фуд" ЖШС 2014 жылы Үңгіртас ауылының сыртында инвестициялық құны 1,4 млрд теңге тұратын мал бордақылау алаңын салып, оны 2015 жылы іске қосқан болатын. Бүгінгі күні мұнда 2700-ге жуық етті бағыттағы еркек мал семіртілуде. Мұндағылар келешекте өндірістік қуаттылықты 10 мың басқа ұлғайтуға ниетеніп жүр. Әрқайсысы тәулігіне 2 келіге дейін салмақ қосады. Шаруашылық иесі Арман Джавидан малдың тез ет алып, көбірек салмақ қосуына жемшөп жейтін астауының сеп болып жатқанын әңгімеледі. Олар малға жем беретін астауды ағаштан ойып, әр басқа шақтап жасайды екен. Қайың мен доланадан ойылған ағаш астау жемнің сапасын бұзбайтын көрінеді.

"Мал шаруашылығы тұрғысынан алғанда шетелдік тәжірибеден гөрі ата-бабамыз қолданған әдіс-тәсілдің артықшылығы көп екен", – дейді шаруашылық иесі.

Қажет Андас

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу