Жануарлар тек адам үшін жаралған ба?

5458

Қытайдың жабайы табиғатқа тәбеті коронавирустан кейін де жалғасуы мүмкін. 

Жануарлар тек адам үшін жаралған ба?

Соңғы екі аптада Қытай полициясы бүкіл ел аумағында үйлерге, мейрамханаларға, базарларға рейд жүргізіп, 700-ге жуық адамды жабайы жануарларды аулады, жеді, сатты деген күдікпен тұтқындап әкетті.

Науқан барысында 40 мыңдай мақұлық тәркіленді. Олардың қатарында тиіндер, ақ тышқандар, қабан шошқалар және тағы басқа аңдар бар. Кейбір сарапшылар осыған қарап,  Қытайдың жабайы жануарларды тұтыну және оларды медициналық мақсатқа пайдалану тәбетінің бір түнде жоғалып кетпейтінін болжап отыр.

Есектің, бұғының, иттің, қолтырауынның  және өзге де жануарлардың етін заңды түрде сатумен айналысатын саудагерлер "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында айтқандай, олар базарлар ашылысымен үйреншікті бизнестеріне қайта кіріседі.

"Адамдарға жабайы жануарлар мен өсімдіктер ұнайды. Жұрт оларды жеу үшін немесе сыйға тарту үшін сатып алады", – дейді Гонг есімді кәсіпкер. Ол қолтырауын мен бұғының етін қазір үлкен тоңазытқышта сақтап, байбалам басылғасын супермаркеттерге өткізуді жоспарлап отыр.

Ғалымдардың ойынша, жаңа коронавирус адамдарға жарқанаттардан панголин (кішкентай сүтқоректі кесіртке) арқылы жеткен. Құмырсқаны қорек ететін панголиндер Қытайдың дәстүрлі медицинасында жоғары бағаланады. Дегенмен, зерттеушілер бұл нұсқаға әзірге бұлжымас дәлел таппай отыр.

Қауіпті инфекция алғаш рет Ухань қаласындағы теңіз өнімдері базарына барған адамдардан анықталды. Мұнда жарқанаттардың, жыландардың, циветталардың түр-түрі сатылады. Қытай үкіметі жабайы жануарларды тұтыну қоғам денсаулығына қауіпті деген себеппен осындай сауда орындарының бәрін қаңтарда уақытша жапты.

Алайда халықтың мәдениеті мен тарихында тамырын тереңге жайған мұндай тәбетті өзгерту үшін әкімшілік шаралар жеткіліксіз болуы мүмкін.

"Көптеген адамға жануарлар бірге тіршілік ету үшін емес, тек адам үшін жаралғандай көрінеді", – дейді Қытай ғылым академиясының зейнетке шыққан зерттеушісі, зоолог-ғалымы Ван Сон "Рейтерге" берген сұқбатында.

Онлайн дебат

Бүгінге дейін 1800-дей адамның өмірін жалмаған коронавирус интернетте жабайы жануарлар мен өсімдіктерді тағамға және медицинаға пайдалану туралы пікірталастарды тіпті күшейтті.

Көптеген академик мен қоршаған орта жанашырлары және Қытайдың қарапайым тұрғындары халықаралық табиғат қорғау топтарына қосылып, жабайы жануарлар мен өсімдіктер саудасына біржола тыйым салып, оларды сататын базарларды мүлде жабуға шақырып отыр.

Бұл бастаманы Қытай әлеуметтік желісінде, әсіресе,  жастар көбірек қолдай бастаған. "Бір жаман әдетіміз – бәрін жеуден тайынбаймыз. Жабайы жануарларды тұтынатындарды түрмеге жабатын уақыт жетті", – дейді Sun есімді қолданушы Sina сайтында қалдырған жазбасында.

Біржола тыйымды құптамай отырғандар да баршылық. Бірақ олар аздау.  Мұндай позицияны ұстанғандардың ойынша, жабайы жануарларды азық ету – денсаулыққа жақсы. "Жабайы жануарларды жеуден бас тарту – тамақтанудан бас тартуға ұқсас, өйткені арам қатуыңыз мүмкін", – деп жазады Onlooker Pharaoh деген қолданушы Hupu жаңалықтар платформасында.

Үкіметтен қолдау

Қытайда жабайы жануарларды көбейту мен саудалау ісін үкімет қолдап отыр. Себебі мұндай кәсіп – көптеген адамдар үшін табыс көзі. 2016 жылы жарияланған есепке жүгінсек, жабайы жануарлар мен өсімдіктер шаруашылығы экономикаға жылына 20 млрд доллар кіріс әкеледі екен.

"Мемлекеттік орман шаруашылығы бюросы – жабайы жануарлар мен өсімдіктерді қолдайтын негізгі орган. Оның ойынша,  Қытай өзін дамыту мақсатында жабайы табиғат ресурстарын қолдануға құқылы", – дейді the Human Society International ұйымының Қытай саясаты жөніндегі маманы Петер Ли.

Кейбір бақылаушылардың сөзінше, Қытайда жабайы жануарларды асырау мен сату шаруашылықтарының көбі шалғайдағы елдімекендер мен кедей аймақтарда орналасқан. Мұндай кәсіпке жергілікті басшылық экономикаға серпін беретін мүмкіндік ретінде қарайды. Ал, мемлекеттік телеарналар егеуқұйрық тәрізді жануарларды коммерциялық және тұтыну мақсатында ұстау туралы бағдарламаларды ұдайы көрсетіп тұрады.

Аражігін ажырату қиын

Аюдың өтінен бастап, панголиннің терісіне дейінгі жануарлар өнімі Қытайдың дәстүрлі медицинасында әлі күнге дейін қолданылып келеді. Бұл саланы Бейжің "Бір белдеу, бір жол" инициативасы аясында да кеңейтуді көздеп отыр.

Дегенмен, экологиялық қозғалыстардың айтуынша, бұл бизнестің заңдысы мен заңсызының аражігін ажырату қиын. Біріккен Ұлттар Ұйымының есебінше, әлемде жабайы жануарлар заңсыз саудасының көлемі жылына 23 млрд долларға жетіп қалды. Ал, Қытай бұл жағынан дүниежүзіндегі ең ірі нарыққа айналған.

Лондонда орналасқан тәуелсіз "Экологиялық тергеулер агенттігі" осы аптада жариялаған баяндамаға қарағанда, коронавирус эпидемиясы жабайы жануарларды заңсыз саудалауды тіпті күшейткен. Себебі Қытай мен Лаос трейдерлері мүйізтұмсықтың мүйізінен алынған дәріні дене қызуын басатын препарат ретінде сатып жатыр.  

Өткен аптада "Синьхуа" агенттігі хабарлағандай, Қытайдың жоғары заң шығару органы биыл жабайы жануарларды заңсыз саудалауға қарсы ережелерді қатаңдатуды жоспарлап отыр.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу