Жас та, кәрі де құмар

Артур Мискарян Артур Мискарян
17697

Ойын индустриясы жыл сайын 6%-ға өсіп келеді – зерттеу.

Жас та, кәрі де құмар

Dell сарапшыларының есептеуінше, 2016 жылы ойын индустриясының көлемі ақшаға шаққанда 30 млрд долларды құрады. Жүргізілген зерттеуге сүйенсек, индустрия жыл сайын орташа алғанда 6%-ға өсіп келеді. Түрлі елдердің геймерлерін қатыстыра отырып жүргізілген сауалнаманы қорытындылай келе осындай болжам жасалды.

Онлайн-сауалнаманы Alienware (Dell-дің еншілес кәсіпорны) және Researchscape зерттеу бюросы жүргізген болатын. Сауалнамаға Аустралия, Бразилия, Ұлыбритания, Германия, Үндістан, Канада, Қытай, Жаңа Зеландия, АҚШ, Франция және Жапония секілді 11 елден 5763 ойыншы қатысты. Сауалнамаға компьютер ойынын аптасына тек бір сағаттан артық жиі ойнамайтын ойыншылар қатысты.

Сауалнама мәліметтеріне үңілсек, әр 10 ойыншының біреуі өзін геймер деп атаған кезде бейне бір "кінәлі", "ыңғайсыздау", "ұятты" сезінетінін айтқан. Ал қалғандарының барлығы дерлік өздерін дәл осылайша "айдарлағанды" жағымды қабылдайтынын: атап айтқанда 35%-ы рахаттанатынын, 29%-ы "мықты" сезінетінін және тағы 26%-ы шабыт алатынын білдірген.

Олардың көпшілігі өз орталарында өзгелерді компьютер ойындарына әдеттендіріп жүретін болып шықты. Мәселен, 27%-ы достарының немесе отбасы мүшесінің кемінде үшеуін компьютер ойындарын ойнауға үйретсе, 25%-ы бес немесе одан да көп адамға осындай әдет "жұқтырған". Сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі (60%-ы) ми сергіту үшін, 51%-ы – демалу үшін, 49%-ы дағдарыстан шығу үшін ойын ойнайды екен. Ал жартысынан көбі (40%-ы) ойнау шеберлігін одан әрі шыңдауды көксеп тұратын болып шықты. Бір қызығы, олардың ешқайсысы өзін ойынға енді қосылған жаңа ойыншы санағысы келмейді. Тек 6%-ы ғана компьютер ойындарын енді бастап ойнап жүргендерін мойындаса, 14%-ы шеберліктерінің біршама ілгері екенін, ал 25%-ы ойынды мықты ойнайтындығын айтқан. Тағы 8%-ы ғаламтор айдынында кәсіби ойыншылармен жекпе-жекке шығуға дайын екендерін мәлімдеді.

Геймерлер қарсыласының ғұрпына және ұлтына (тек 8%-ы ғана), саяси көзқарасына (7%-ы), сексуалдық бейіміне (6%-ы) мән бермейтінін айтады. Ойыншыларға (40%-ы) бәрінен де қарсыластың шеберлігі маңызды. Тек 14%-ы ғана қарсыласының жынысы маңызырақ екенін білдірген. Бұл соңғы жылдары әйел геймерлердің қатары өсіп бара жатқанын білдірсе керек. Әрбір екінші ойыншының (47%-ы) бейнеойын ойнайтын нәзік жанды досы бар. Әрбір үшінші жауап берушінің (29%-ы) апа-сіңлісі, ал 21%-ының қыз баласы ойын ойнайтын болып шықты. 17%-ы геймерлер өз қатарларында нәзік жандылардың көп болғанын қалайтынын білдірген.

Сауал тасталғандардың пайымынша, компьютер ойындары жақсы әдеттерді қалыптастыратын көрінеді: олардың 39%-ы ойынның арқасында стратегиялық ойлау қабілетін дамытса, 37%-ы үйлестіре білуге, 36%-ы шапшаң әрекет етуге дағдыланған. Олардың кейбірі компьютерлік ойындар командада тиімді жұмыс істеуге көмектескенін (27%-ы) және лидерлік қасиетті шыңдағанын (18%-ы) айтады.

"Бұл мәліметтер Мельбурндағы технологиялық институт жүргізген зерттеу нәтижесімен біріктірілді. Осылайша қорытындылай келе, тұрақты ойнайтын геймерлер халықаралық емтихандарда математикадан, әдебиеттен, жаратылыстанудан шаң қаптыратыны анықталды", - делінеді Alienware және Researchscape-нің баяндамасында.

Мұндай ойындарға аптасына орташа алғанда алты сағаттан тоғыз сағатқа дейін уақыт жұмсалады: 25%-ы аптасына ойынға 10-19 сағат, 21 %-ы 20 немесе одан да артық сағатын арнайды. Ол үшін геймерлердің 37%-ы ұйықтамауға және 27%-ы тамақ ішпеуге дайын. Дегенмен көпшілігі жұртпен араласудан да қашпайды: тек 23%-ы ойын үшін той-думаннан, 21%-ы досының туған күн кешінен, 18%-ы жақынының туған күнін мерекелеуден және 18%-ы спорттық шарадан бас тарта алады.

Сауалнамаға 14 пен 87 жас аралығындағылар қатысты. Олардың шамамен жартысына жуығы 20-30 (26%-ы) және 30-40 (22%-ы) және 12%-ы 14-17 жастағылар болды. Ерлер мен әйелдердің арақатынасы да шамалас (52% және 47%). Сауалнамаға қатысушылардың көпшілігі некелі адамдар және бір шаңырақта өмір сүреді (42%-ы) немесе азаматтық некеде тұр (15%-ы), жартысынан сәл асатындардың туған немесе асырап алған баласы (52%-ы) баласы бар.

"Зерттеу геймерлердің әдеттері мен пайымдарын терең ұғыну және мақсатты топты кеңірек зерттеу үшін жүргізілді", делінеді ғылыми жұмыста. Сауалнама 2017 жылдың 9 желтоқсанынан бастап 2018 жылдың 30 қаңтарына дейін жүргізілді.

Гүлназ Ермағанбетова, Артур Мискарян

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу