"Суверендік интернет" және басқа бағыт

4615

Ресейде қабылданған ғаламдық желі туралы жаңа заң өзгелерге оп-оңай "жұғысты" болуы мүмкін.    

"Суверендік интернет" және басқа бағыт

Сәрсенбі күні жарияланған зерттеу қорытындысына қарағанда, Ресей мың түрлі жекеменшік провайдерлерге аса тиімді интернет-цензура орнату жолында табысқа жетіп отыр.

Зерттеуді Американың Мичиган университетінің ғалымдары жүргізді. Олардың сөзінше, Ресейдің интернетті қадағалау моделі өзге елдерге оп-оңай тарауы мүмкін. Сондықтан Қытай, Иран тәрізді мемлекеттердегі кең ауқымды цензура тәсіліне ешқандай орталыққа бағынбайтын интернет-сервис төтеп бере алады деген тұжырымдаманың өміршеңдігіне қазір күмән туындап отыр.

"Бұл баяндама Ресей интернет-сервис провайдерлері желісінің үстінен қарайтын жоспар құрғанын көрсетіп берді. Егер өзге елдер интернеттегі ақпараттың еркін тасқынына тосқауыл қоямын десе, осы жоспардан үлгі ала алады", – дейді аталған университеттің информатика бойынша жетекші маманы Дж. Халдермен "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұхбатында.

"Цензураланған планета"

Мичигандық ғалымдар өздерінің зертханасын "Цензураланған планета" деп атапты. Олар жеті жыл бойы қолжетімді мәліметтерді сараптай келіп, Ресей үкіметінің жекеменшік провайдерлерді президент Владимир Путиннің сыншылары мен тәуелсіз жаңалықтар агенттіктері қолданып жүрген онлайн-адрестерге тосқауыл қоюға мәжбүрлеп, осы жұмыста үлкен жетістікке жеткенін анықтап отыр.

Ресейде қабылданған жаңа заңға сәйкес, сайттарға веб-контенттерді сүзгіден өткізетін құрылғы қажет. Ол қазір "аралық жәшіктер" деген атпен көпке танылып келеді. Жіті бақылауға арналған бұл технологияны мемлекет өзі сатып алып, интернет-қызмет көрсетушілерге таратып, іс жүзінде интернет-трафикке тікелей бақылау орнатады. Осы "жәшіктер" Кремль интернет-трафикке кіріп, оны басқара алатындай күйге келтірілуі керек.    

"Үкімет фильтрлегіш жабдықты бақылай отырып, не істегісі келсе, соны істей алады. Ал, азаматтық қоғам мұны мұқият зерттей алмайды. Қытай мен Иранда адамдар интернеттегі әрекеттерінің бұғатталып жатқанын білмейді",– дейді Ресейдегі интернетті қорғау үкіметтік емес ұйымының қызметкері Александ Исавнин.

Қауіпсіздік пен бақылау

Ресей Федерациясында "суверендік интернет" туралы жаңа заң 1қарашада күшіне енді. Дегенмен жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, оны жүзеге асыруға қажетті жабдықтарды толық орнатуға тағы бір жыл қажет болуы мүмкін. Ал, кейбір сарапшылардың пікірінше, бұл ереже нәтижесінде, теріскейіміздегі көрші елде интернеттің сапасы құлдырап кетуі ғажап емес.

"Аралық жәшіктерді" қолдану деңгейі бүкіл әлемде артып келеді. Олардың көп бөлігін АҚШ-тың Cisco Systems және Procera Networks тәрізді компаниялары сатады. Сонымен қатар, мұндай технологияны жеткізумен Ресейдің EcoFilter, VAS, Қытайдың Huawei Technologies және Израильдің Allot Communications. фирмалары айналысады.

Censored Planet ұйымының негізін қалаушы әрі Мичиган университетінің компьютер маманы Роя Энсафидің сөзінше, мұндай "жәшіктерді" небәрі 8000 долларға табуға болады. Оны Құрама Штаттардың телекоммуникациялық компаниялары мен кәсіпорындары клиенттердің интернеттегі мінез-құлқын сараптау үшін және қолданушыларды фишингтік шабуылдардан (электрондық поштамен келетін күмәнді хаттардан) қорғау мақсатында пайдаланады. 

Халдерманның пікірінше, "аралық жәшіктерді" екі бағытта – қауіпсіздікке және ақпарат алуды жіті бақылауға қолдануға болады. 

РФ үкіметінің мәлімдеуінше, "суверендік интернет" туралы заң Ресейді сыртқы күштер ғаламдық желіден ажыратып тастаған жағдайда интернеттің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге және АҚШ-тың кибершабуылдарынан қорғануға қажет.

"Инженерлікпен шектелмей..."

Сәрсенбі күні жарық көрген зерттеуге ресейлік мамандар да атсалысқан. Олар Ресейдегі интернет-провайдерлердің контентіне тосқауыл қою жұмыстарын жеті жыл бойы бақылады. Ал, "Роскомнадзордың" дерегінше, 2019 жылдың сәуіріне дейін 132 798 интернет-домен бұғатталған. Солардың 63%-ы – орыс тілінде, 28 %-ы – ағылшынша.    

Энсафиге оралсақ, оны Үндістан, Индонезия, Португалия, Ұлыбританиядағы орталықсыздандырылған интернет-сервистің жағдайы да алаңдатып отыр. Оксфорд университетінің зерттеулеріне сәйкес, Ресейде сатылатын фильтрлеуші жабдықтар Беларусь, Украина тәрізді бұрынғы кеңестік республикалар мен одан тысқары елдерге - Алжирге, Кубаға, Мексикаға да тарала бастаған.

Ұлыбритания мұндай технологияны балаларға қарсы сексуалдық зорлық-зомбылықтар туралы сайттарды жабуға үкіметтің сұранысы бойынша,  қолданып отыр.

Демек, "аралық жәшіктердің" бағдарламасын өзгертіп, қауіпті немесе қажетсіз деген кез-келген контентке қарсы пайдалануға болады. Бірақ осындай икемділігінің арқасында бұл технология кейбір елдерде мемлекеттік цензураның құралына айналып кетті. Сондықтан зерттеушілер интернет-провайдерлер үшін аппараттық және бағдарламалық қамтамасыз ету жүйесін жасайтын инженерлерді өздерінің оқшауланған әлемінен бір мезгіл шығып, саясаттан тым алшақтамауға шақырып отыр.

"Сіздер тек инженерлікпен шектелмей, шынайы дүниеде атқарған істеріңіздің зардабын түсінуге де тиіссіздер", – дейді Халдерман.

Арыс Әділбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу