Жастардың бастамаларын қолдайтын арнайы қор құрылады

3351

Президент Қазақстанның болашағын жастарға сеніп тапсыруға болатынын айтты. 

Жастардың бастамаларын қолдайтын арнайы қор құрылады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 жылды жастар жылы деп жариялау туралы былтырғы ұсынысы ақиқатқа айналды. Бұған елбасының қатысуымен өткен атаулы жылдың салтанатты ашылу рәсімі дәлел болды.

"Тәуелсіздік ұрпақтары" деген тақырыпты ту тұтқан жиынға үкімет мүшелері, парламент депутаттары, президент жанындағы жастар саясаты кеңесінің мүшелері, "100 жаңа есім" байқауының жеңімпаздары, "Болашақ" бағдарламасының түлектері сонымен қатар түрлі салада жасындай жарқырап жүрген таланты жастар қатысты.

Басқосу барысында сөйлеген сөзінде мемлекет басшысы Қазақстанның болашағы – жастар екенін атап көрсетіп, үкімет 100/200 қағидасы бойынша "Жас маман" бағдарламасын әзірлейтінін айтты.

"Үш жылда жоба еліміздің барлық өңірінде 200 мыңға тарта жас азаматты қамтуы қажет. Сұранысқа ие индустриалдық-сервистік 100 кәсіп бойынша жетілдірілген 200 оқу орны базасында маман даярлануы керек", – деді президент.

Мемлекет басшысы әр өңірде бір университетті үздік ету қажеттігіне тоқталды.

"Университеттер шетелдік білікті профессорларды шақыртуға қауқарлы болуы керек. Сонымен қатар үздік заманауи технологиямен қамтамасыз етілген үздік 10 колледж қамтылуға тиіс. Бұл шаралар 100/200 қағидасы арқылы іске асырылады. Жаңартылған оқу бағдарламасына, білікті оқытушылық құрамға ерекше назар аудару керек. Бұл маңызды жұмысқа Қазақстанның өңірлеріндегі барлық жүйе құраушы кәсіпорындары мен ірі бизнес өкілдерін қатысуға шақырамын. Аталған білім беру орталықтарында жастардың инновациялық жобаларын қолдау үшін стартап-орталықтар іске қосылады. Нәтижесінде 3 жылда 200 мыңнан астам маманды жаңа стандарттармен даярлай аламыз, сондай-ақ 15 мыңнан оқытушының біліктілігін арттырамыз", – деді елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев жастардың бастамаларын қолдайтын арнайы қор құру қажеттігін алға тартты.

"Дамыған елдерде жастардың идеяларын жүзеге асыруға көмектесетін арнайы қорлар бар. Олар орталық және жергілікті атқарушы органдар, университет және жеке құрылымдар тарапынан құрылады. Біз де үкіметпен бірлесіп, осындай қор құруымыз керек. Үкіметке ірі бизнес компаниялары және олигархтармен бірлесіп, Жастардың стартаптарын қолдау қорын құруды тапсырамын", – деді елбасы.

Мемлекет басшысы үкіметке жас ғалымдардың фундаменталды және қолданбалы зерттеуіне бөлінетін гранттық қаржыландыруды жыл сайын 3 млрд теңгеге арттыруды тапсырды.

"Қазіргі таңда өнерлі жастарды қолдау үшін белсенді түрде жұмыс жүргізіліп жатқанын білесіздер. Қоғамда түрлі бағыттағы креативті азаматтардың тұтас шоғыры қалыптасты. "Болашақ" бағдарламасын бекіткеніміздің дұрыс болғанын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Біздің еліміз үшін ең күрделі болған 1993 жылы қарттарға зейнетақысы бере алмай жатқан кезде, мұғалімдер мен дәрігерлерге, әскерилерге айлығын төлей алмай жатқан тұста жастарымызды әлемнің ең үздік ЖОО-ларына жолдап жаттық. Мемлекет әрбір жас үшін жыл сайын 30 мыңнан 50 мың АҚШ долларына дейін төлеп отырды. Міне, осы жолмен қазіргі таңда 14 мың жас өрен оқып, тағы да 20 мыңын ата-аналардың өзі жіберіп отыр. Олардың 12 мыңы қайтып келіп, ел экономикасына жұмыс істеуде. Үкіметке жас ғалымдардың фундаменталды және қолданбалы зерттеуіне бөлінетін гранттық қаржыландыруды жыл сайын 3 млрд теңгеге арттыруды тапсырамын", – деді президент.

Президенттің пайымынша, жастардың бойында әлеуметтік жауапкершілік, қоршаған ортаны аялау сезімін қалыптастыру ең негізгі міндет.

"Әсіресе үлкенге - құрмет, кішіге - ізет білдірудің, мейірімділік пен адамгершілік қасиеттерді дамытудың маңызы зор. Біздің ата-бабамыздан қалған салтымыз бар.  Кішілер үлкенді сыйлайды, ерлер әйелді сыйлайды. Батысқа ілесеміз, демократ боламыз деп мұның барлығын ұмытуымызға  болмайды", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы қазақта қарттар үйі болмағанын атап көрсетті.

"Қазақта мұндай бәле болған жоқ. Әкесін, қартайған шешесін үйінде ұстайтын. Кіші баласын отау иесі деп  айтқан. Қазақта баласын жетімдер үйіне беру болған жоқ. Қазақстанда жетімдер үйі болмауы керек. Жетім балар үйіндегі балаларды асырап алу қажет", – деді Қазақстан президенті.

Елбасының алдында сөз сөйлеген бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайымқызы: "Мен сізбен кездесуді армандаған едім. Міне, бүгін - сол арманым орындалған күн. Шынымды айтсам, сәл қобалжып тұрмын. Себебі күнде президентпен кездесе бермеймін ғой. Мен Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында туып өстім. Бірақ та атамакенім Қазақстан екенін ешуақытта ұмытпадым. Соның арқасы шығар, қазір "Нұр орда" халықаралық мектебінде оқып жатырмын", – деді.

Сөз арасында ол мемлекет басшысына Алтайдағы аз қазақтың аманатын жеткізді.

"Сізді Баян-Өлгейге қонақ болуға шақырамыз. Ақ дастарханнан дәм татсаңыз, алыстағы ағайынның рухы бір жасап қалар еді", – деп қорытты ойын бүркітші қыз.

Өз кезегінде өнертапқыш-ғалым, "Жас Отан" жастар қанатының мүшесі Иван Крепак жастар жылы өскелең ұрпаққа білімі мен дағдысын кеңейтуге жол ашатынына сенетінін жеткізді.

"Жас Отан" жастар қанаты барлық жастардың жобаларын біріктіруге күш жұмсайды. Біз Қазақстанның игілігі үшін жұмыс істеуге дайынбыз", – деді Иван Крепак.

Атыраулық 27 жастағы кәсіпкер Тамила Розметова Астанада тамшылап суару жүйесіне қосылған алма бағын салуды жоспарлап отырғанын жеткізіп, президенттен Астанадан арнайы орын белгілеп беруді сұрады.Осыған орай президент Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтановқа тапсырма жүктеді.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу