Жастық ішірткісін экспорттаудан Қазақстан миллиардтар табар еді

3152

Мемлекеттердің мәңгілік тұруға ұмтылатыны сияқты, адамдар да мәңгілік жасауды армандайды. 

Жастық ішірткісін экспорттаудан Қазақстан миллиардтар табар еді

Адамзат бос қиялмен шектелмей, осы арманды ақиқатқа айналдырудың әртүрлі амалын да қарастыруда. Бұл ретте бұрын "ертегі" ретінде естілетін "жастық эликсирін" ойлап табуға ғалымдар енді шындап кіріскен. Бұл істен қазақстандық ғалымдар да қалыс қалмауда. Тіпті бұл істе алға озып шығуға да ниетті. Кейбір мәлімдемелерге сенсек, Астана тіпті осы "жастық эликсирін" әлемге экспорттаудан миллиардтап пайда табуы мүмкін.

Қазақстанда адам жасын ұзарту бағытындағы зерттеулер бірнеше бағытта жүруде. Мысалға, астаналық агроном Елена Суслова бидай шырынын ойлап тауыпты. Оның "жастық эликсирі" қысқы бидайдың жас өскіндерінен жасалатын көрінеді: "Күніне бір стақан бидай шырынын ішкен адам тұтас бір жылға өз ағзасын жасартады",- дейді ол.

Е.Суслова өз эликсирінің жасалу әдісімен де бөліседі: "Қыста егілген бидайдың жас өскіндері көктемде көгеріп шыға салысымен, ол түбінен кесіп алынады. Одан кейін оны жақсылап жуып, тазалап, шырынсыққыштан өткізу қажет. Қою жасыл сусын шығады. Оның аңқыған жұпар иісінің өзінен бас айналады. Өйткені бұл шырын – антиоксиданттардың қуатты қайнары!"

Агрономның айтуынша, егер өнеркәсіптік жолға қойса, елорда, сонымен бірге бүкіл Қазақстан оның экспортынан миллиардтаған доллар пайда таба алар еді. Оның үстіне осыған ұқсас өнім Жапонияда біраздан өндіріледі екен: олар бидайдың жас өскіндерінен құрғақ ұнтақ жасайды. Бірақ жапониялық өнім қымбат тұратын көрінеді. Оған "Күншығыс елінде" астықтың өсірілмейтіндігі себеп болса керек. Бұған қоса, құрғату әсерінен емдік және жасарту қасиеттері біраз жоғалады деседі.

"Ал, Қазақстанда осы табиғи өнімді мол шығарып, бүкіл әлемге өткізудің мүмкіндігі бар",- дейді елордалық агроном. Оның сендіруінше, бидай шырыны адамды мең-зең күйден арылтады, тәбетті жақсартады, тыңайтады. Ерлерде де, әйелдерде де жыныстық тонусы артады.

"Назарбаев Университетінің" ғалымдары да қазақстандықтардың ұзақ өмір сүруі жолын әйтеуір табуға уәде етеді. Ғылыми орталықтың мамандары генетика саласында терең зерттеулер жүргізуде, нәтижесінде "жастық эликсирі" деп аталған әзірлеме ойлап табылды.

Зерттеуге Қазақстан мен Оксфорд университетінің ғалымдары тартылыпты. Олар осы өнертабыстың арқасында адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы 80 жасты құрайтынына сендіреді.

"Назарбаев Университетіндегі" National Laboratory Astana бас директоры, медицина ғылымдарының докторы Жақсыбай Жұмаділовтің айтуынша, қартаюға қарсы ғылыми зерттеулер Қазақстанда үміттендірерлік нәтижелер беріп отыр.

Бұған дейін "Назарбаев Университет" Оксфорд университетімен және Кардифф университетімен бірлесіп, "шағын молекулаларды" зерттеу жобасын қолға алған екен. Бұл молекулалар қартаю үдерісін реттеуде маңызды рөл атқарады: олардың міндеті – қартаюшы жасушалардың өлуінің алдын алып, олардың функциясын күшейту болып табылады.

"Біз, әріптестерімізбен бірлесіп, осы шағын молекулаларды идентификацияладық. Енді оларды қартаюды болдырмау үшін қолдану мақсатында синтездеуге талпынып жатырмыз. Әрине, қартаюды толық тоқтату мүмкін емес, біздің зерттеуіміз қартаю қарқынын бәсеңдетуге арналған. Бүгінде "Назарбаев Университетінің" Өмір туралы ғылымдар орталығының ғалымдары дәл осы бағытта күш-жігер шоғырландыруда",- дейді Ж.Жұмаділов.

Оның мәліметінше, алғашқы нәтижелер үлкен үміт ұялатады. "Бірақ олар әзірге зертханалық және жасушалық деңгейде. Осыдан кейін біз жануарларға тәжірибе жүргізуге көшеміз. Артынан ендігі клиникалық зерттеулерді қолға аламыз. Бұлар бірнеше жылға созылады",- дейді профессор.

Қазақстандық ғалымдар дәл ертегі-аңыздарда сипатталатындай "жастық эликсирін" жасау әзірге мүмкін емес деген ойда. Яғни, қартайған адам іше салысымен, жасқа айналып кететіндей ішімдік ойлап табу беймүмкін. Әзірге тек қарттықты тоқтату туралы сөз болуда.

"Жастық эликсирі, яғни, қандай да бір сусынды ішіп жіберіп, бірден жасарып шыға келу – адамдардың арманы ғана,–дейді Жақсыбай Жұмаділов,–Дегенмен, тарихта ол бағытта шынында ізденістер жүргізілген. Бірақ біз ондай ізденіске құлаш ұрмаймыз. Өйткені біздің ғылыми тұжырымдамамыз бойынша адам ағзасының жүйесі әралуан және қандай да бір препаратпен соның бәріне бірдей ықпал ету мүмкін емес. Бұл жерде кешенді келу керек. Сондықтан да бұл тұрғыда жалғыз қандай да бір "жастық эликсирі" бола алмайды, оның орнына адамдарды жасартуға, денсаулығын жақсартуға бағытталған кешен керек".

"Мен жеке тәжірибеме жүгінсем, адам өмірін ұзарту мүмкіндігін ашатын қандай да бір алтын кілт жоқ, олар бірнешеу,–дейді медицина профессоры Алмаз Шарман,–Жасушалық және молекулалық технологиялармен бірлесе, тек жиынтықты контексте айналысу қажет. Біз алдағы онжылдықта адам өмірін ұзарта бастаудың табалдырығында тұрмыз".

Ғалымдардың айтуынша, "салауатты өмір салтын" да "жастық эликсирі" деп атауға болады. Арақ ішпейтін, темекі тартпайтын, денесін шынықтыратын, бірақ экстремалды спорт түрлерімен

айналыспайтын адам өз өмірін басқаларға қарағанда 10-нан 20 жылға дейін ұзарта алады екен. Ал, гендік терапияға, жасушалық клондауға, регенеративтік медицинаға, жасанды органдарға және нанотехнологияларға негізделген биомедициналық технологияларды қолдану адамдар өмірін тағы біршама уақытқа созуға мүмкіндік беруі ғажап емес.

Мұның сыртында адам өміріне әлеуметтік, экономикалық, экологиялық көптеген факторлар үлкен ықпал етеді. Демек, Қазақстандағы осы салалардағы жағдай жақсарған сайын қазақстандықтардың да өмір сүру ұзақтығы арта түспек.

Қалай болғанда, "жастық эликсирін" іздеумен айналысатын барлық ғалымдардың ойлары бір арнада тоғысады: қартаю адам үшін табиғи әрі физиологиялық үдеріс. Ол қандай да бір ауру емес, жазылмаған заңдылық бойынша жаны бар, тірілердің бәрі ерте ме, кеш пе, қартаяды, "кәрілік" кезеңіне кіреді. Осынысымен-ақ адамдар мәселен, аңыздағы "қансорғыш-вампирлерден" ерекшеленеді. Сондықтан еш ұлттың тілінде "қартайма!" деген тілек жоқ.

Демек, қазақтың "Ұзақ жаса!" деген тілегі өзекті болып қала бермек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу