Жасыл экономика көмір лоббиіне тәуелді болып тұр

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
4517

Ықпалды топтың құрсауынан құтылу үшін 1990 жылдардың екінші жартысында жасалған келісімшарттарды қайта қарау керек.  

Жасыл экономика көмір лоббиіне тәуелді болып тұр

Астана ЭКСПО-2017 көрмесі елі­мізде жасыл технологияны да­мы­ту­дың драйверіне айналды. Белгіленген бағыт бойын­ша 2020 жылдың соңына дейін елі­мізде 53 ЖЭК нысанын, оның ішін­де 23 ЖЭС, 17 КЭС және 13 су элек­тр стан­сасын салып, пайдалануға бе­ру жоспарланып отыр. Танымал қазақстандық энер­гетик Александр Трофимовтың пайымдауынша, қайта қалпына келетін энергия көздерін пайдалануды дамыту әлі де болса бастапқы кезеңінен алға жылжыған жоқ. Қазіргі таңда энергия  көздерін үнемдеу туралы жаңа заң әзірленіп жатқанына қарамастан, кедергі көп. Бірінші кедергі - мұнайға тәуелділік болса, екіншісі - көмір лоббиі.

"Қазір мұнайға деген тәуелділіктен құтылуға мұнай магнаттарының өздері мүдделі болып отыр. Бірақ көмір лоббилерінің алдында біз әлсізбіз. Себебі көмірдің көбі шетелдіктердің қолында. Өзгеріс жасау үшін 1990 жылдардың екінші жартысында жасалған келісімшарттарды қайта қарау қажет. Ол қиын. Екіншіден,  теңгенің құнсыздануы баламалы қуат көздеріне қатысты бірқатар жобаларды тоқтатып тастады. Тек өткен жылы ғана 30- ға жуық  күн, жел және биогазды станцияларға қатысты жобалар жүзеге аспай қалды, – деді Александр Трофимов.    

Көмір лоббиінің тым тереңдеп кеткенін сарапшылар жоққа шығара алмайды. Мысалы Алматыдағы ЖЭС-2  бүгінге дейін көмір жағып, ауаны ластап отыр. Бұл жерге көмір негізінен Екібастұз бен Қарағандыдан жеткізіледі. Ал ЖЭС-2 мен қатар салынған   ЖЭС -1 газбен жұмыс істейді.   

Қазақстанның инженер-энергетиктер одағының бас директоры Марат Дұлқайров ЖЭС -2-нің құрылысы басталған кезде оның технологиясын газга бейімдеу туралы мәселе  қозғалғанын, бірақ ұсыныс қаперге алынбағанын, енді бұл мәселемен "КазНИПИЭнергопром" айналысуы тиіс екенін айтты. Себебі кезінде  ЖЭС- 2-нің жобасымен осы ұйым айналысыпты.

Энергетик Александр Трофимовтың пайымдауынша, жасыл экономика қаржы салғанда ғана алға жылжиды. Ал біздің банктер осы бағыттағы жобаларға қайтарымы күмәнді деп қарайды. Ал ауыл шаруашылығын қаржыландырумен айналысатын қаржы институттары үшін экономиканың бұл түрі өгей баламен бірдей. 

"Қолданыстағы энергия көздерінен алынған 1 киловатт  энергия қуатының құны 1 мың АҚШ доллары тұрады. Құны 1800-2000 мың АҚШ доллары тұратын жел қондырғысында өндірілген 1 киловат қуат көзінің бағасы да сол мөлшерде. Қазақстанда жұмыс істеп жатқан  ЖЭС-тың көпшілігі өткен ғасырдың 50-60-шы жылдары салынған. Олардың кем-кетігін жөндеуге бюджеттен жыл сайын  млрд-ған қаржы бөлінеді. Біз соларды жөндеуге бөлінген қаржы көзін үнемдеу арқылы да баламалы қуат көзін өндіруге қол жеткізе аламыз", –  дейді Александр Трофимов.

Назар аудармасқа болмайтын екінші фактор – ел эконимикасының шикізатқа тәуелділік деңгейінің тым жоғарылығы.

Александар Трофимов баламалы қуат көздеріне қатысты мәселеде қазақ даласының табиғи-географиялық мүмкіндіктеріне жіті көңіл бөлінбегенін айтады. Оның сөзінше, жасыл экономиканын игілігін көргіміз келсе, жел, су көздері көбірек тұйықталатын аймақтардың  географиялық картасын түзуіміз керек.

"Мен маман ретінде баламалы қуат көздерін өндіретін қондырғы орнату ісін Алматыдан бастау керек деймін. Себебі Алматы облысында жоңғар қақпасынан басталған жел Қордай асуымен тұйықталады. БҰҰ дамыту бағдарламасының жел энергетикасы жөніндегі жоба аясында жүргізілген зерттеу  Алматы, Жам­был, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Ақмола, Қарағанды облыстары жел қондырғыларын орнатуға өте қолайлы аймақ деп шешкен. Бізге осы аймақтардың географиялық мүмкіндігін зерттеуді қолға алу керек.

Жақында Қазақстанның тау-кен өндірушілері мен тау-металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец көмір қазатындарға салық салуда жеңілдік сұрады. Біз оларға жеңілдік жасауымыз емес, керісінше көмір тұтынудан бас тартуымыз керек. Біздің мұнайлы экономикадан кейінгі өмірге дайындығымыз жасыл экономиканы дамытудан басталады", – деді Александр Трофимов.

Оның айтуынша, 2020 жылға дейін елімізде баламалы қуат көздерін игеруде 100 жоба жүзеге асырылады. Ал бүгінде күн, жел, су энергиясын өндіретін 48 станса жұмыс істеп тұр.  

"2050 жылға дейін елімізде тұтынылатын электр энергиясының 50%-ын баламалы қуат көзімен алмастыру жоспарланып отыр. Энергетика министрі Қанат Бозымбаев  алдағы 2-3 жылда дәстүрлі энергия мен баламалы қуат көздерінің бағасы теңесетінін айтты. Демек жел мен күннен және судан алынатын энергияның дәстүрлі қуат көздерімен бәсекеге түсетін күн алыс емес.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу