Ішкі туризмге негізделген компания директоры Алмас Маратұлының айтуынша, шомылу маусымы аяқталған соң, халықтың басым бөлігі ауасы таза, тыныш жерлерде тыныққанды жөн санайды.
Бұл ретте жаздың соңғы айында Көлсай және Қайыңды көлдеріне сұраныс жоғары. Оның басты себебі, табиғаты тамаша мекен салыстырмалы түрде жақын және жолы жақсы. Осы уақытқа дейін көпшілік жол мәселесіне байланысты мұнда бара алмайтын. Жол жасалған кейін, Көлсай және Қайыңды көлдеріне барып демалушылар саны күрт өскен.
"Біздің туристік оператор биылғы маусымда осы көрікті мекенге 1200-ден аса турист апарды. Жалпы бұл аймақта бір адамға шаққанда 2 күндік демалыс құны 15500 теңге. Оған трансфер, эко төлемдер, 4 мезгіл тамақ, гид қызметі, жатын орын кіреді",-дейді Алмас Маратұлы.
Алматылықтар баратын келесі бағыт - Үлкен Алматы көлі және Аюсай сарқырамасы. Бұл туристік бағыт құны бір адамға шаққанда күніне 4500 теңге. Қаладан 30 минуттық қашықтықта.
Сонымен қатар Шарын шатқалы, Түрген сарқырамасы, Есік қорымдарына да баруға болады.
Алмас Маратұлы айтуынша, бұл бағыттар тек жаз айларында емес, тамыздан бастап қыркүйектің соңына дейін сұранысқа ие. Сондықтан алматылықтар қолы қалт етсе көркі көз тартар осы туристік аймақтарға барып қайта алады.
Сонымен қатар, алматылықтар шомылу маусымы аяқталуға таяп, жолының нашар әрі ұзақ болуына қарамастан Алакөлге де жиі барады. Бірақ, бұл бағыт көбіне шілде айында, шомылу маусымында айтарлықтай сұраныста.
"Мәселен, соңғы екі айда біз 2000-нан астам демалушыны осы аймаққа алып бардық. Алакөлде 2 күндік демалыс құны 16500 теңгеден бастап, 20000 теңгеге дейін жетеді",-туристік компания директоры.
Алайда өзге елдерден келетін туристер бұл бағытқа аса қызығушылық танытпайды. Әрі бұл бағыт тамыз айында қатты сұранысқа ие болмайды екен.
Құралай Құдайберген