Жемқорлардың жегені желкесінен шығады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2688

Ұрлықпен байып, шетелге тайып тұрған қылмыскерлер жазадан құтылмайды.

Жемқорлардың жегені желкесінен шығады

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы коррупциялық қылмысы үшін сотталғандардың тәркіленген дүние-мүлкін көпбалалы отбасылар мен балалар үйіне беруді қарастырып жатқандарын мәлімдеді.   

"Біз өз жұмысымызды жемқорларды әшкерелеумен және тұтқындаумен шектемейміз. Сондай-ақ тәркіленген мүліктердің ары қарайғы қозғалысын да бақылап, мемлекет кірісіне қосылғанға дейін қадағалаймыз. Біздің бастамамыз бойынша қазір жемқорлардың активтерін халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған топтарына беру мәселесі пысықталуда", – деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық конференцияда сөз сөйлеген ұлттық бюро басшысы Талғат Татубаев.

Әзірге елімізде жемқорлығы үшін тұтылғандардан тартып алынатын қаражат тұтас мемлекет пайдасына жатқызылады, олардың жылжымайтын және жылжитын мүліктері меморгандар мен жергілікті әкімдіктің пайдалануына беріледі. Бір бөлігі сатылады. Егер ұлттық бюро бастамасы мақұлданса, тәркіленген коттедждер мен кең сарайдай үйлер тікелей аз қамтылған отбасылар мен жетім балалар үйінің игілігіне тапсырылуы мүмкін.

Бұл идеяны бірқатар шетелдік сарапшылар қызу қолдады. Мысалы, ресейлік белгілі экономист Михаил Делягин солтүстік көршімізде де осы тәжірибе қарастырылып жатқанын айтады. Бірақ дәл қазақ еліндегідей ол ұсыныс құзырлы меморган бастамасы деңгейіне дейін жетпеген. РФ мемдумасындағы КПРФ партиясы өкілдері коррупционерлерден тәркіленген дүние-мүлікті және миллиардтарды жинақтайтын жеке резервтік қор құруды және одан қайыршылық жағдайына жеткен ресейліктерді демеуді ұсынған  екен.   

Жемқорлықпен күрестің "екпіні мен тепкіні" неғұрлым күшті болса, оның берер игілігі мен ырысы да көп болмақ. Оның үстіне оның шапағаты өзге салаларға тарайды. Қит етсе бизнес пен халықтың қалтасына қол салғысы келіп тұратын арамза шенеуніктерден арылған елдің шетелдіктер үшін тартымды болатыны және бар.

Бұдан бюджет те ұтады. Сарапшылар айтқандай, ел қаржысын талан-тараж ететіндермен жойқын күрес бастаған Сауд Арабиясы қазірдің өзінде мемлекет қазынасын шамамен 100 млрд долларға толықтырған.

Ал Қазақстанда ұлттық бюро сыбайлас жемқорлықтың 8 мыңнан астам фактісінің жолын кескен. Қылмыс жасағаны үшін шамамен 3 мың адам жауапкершілікке тартылған. Олардың арасында орталық органдардың да, сондай-ақ жергілікті биліктің де басшылары бар.

Елімізге сыбайлас жемқорлардың 60 миллиард теңгеден астам шығын келтірілгені анықталды. Оның тең жартысы немесе 30 миллиарды өндіріліп, кері қайтарылған.

Талғат Татубаев бұл қаражаттың ауқымдылығын бағамдай келе, ол сомаға 19 мектеп, не 100 балабақша, болмаса 18 аурухана салуға болатынын айтты.

Осы орайда ұлттық бюро бұрын үкіметті басқарған Серік Ахметовтың ісі кезінде жария болған 360 млн теңге Біріккен Араб әмірліктерінен қайтарғаны мәлім болды.

"Біз шетелдік әріптестерімізбен тұрақты ынтымақтастық орнатып, байланыстарды жолға қоюдамыз. Осы арқылы іс-қимыл өрісі кеңейтілуде. Қазір бүкіл әлемде жүріп жатқан заңсыз табылған мүлікті "тазартумен" күрес те біздің жұмысымызға оң ықпал етуде. Бүгінде бұл бағытта нәтижелеріміз де бар. Мысалы, бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовтың ісіндегі ұрланған бюджеттік қаржының 360 млн теңгесі БАӘ-ден әкелінді. Әмірліктердің құзырлы органдарымен өзара әрекеттесе отырып, бұл қаражаттың қайда жатқанын анықтадық және республикалық бюджетке қайтардық", – деді Талғат Татубаев. 

Ұлттық бюро дәл осылайша, "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ермегияевтің және ұлттық компанияның өзге де лауазымды тұлғаларының заңсыз табылған капиталдарын Германияға жөнелткенін анықтапты. Олар "былғанған" қаражатты батысқа әкетіп, заңдастыру үшін көрме жұмысын сүйемелдейтін әкімшілік шығын ретінде рәсімдеген. Сөйтіп 13 миллиард теңгені шетелдік фирманың есепшотына аударыпты. Ұлттық бюро басшысы осы және басқа да кез келген ұрланған қаржыларды жемқорлардың кейін өз пайдасына жұмсауына жол бермейтіндеріне уәде етті.   

Ал Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаровтың айтуынша, 2001 жылдан бері сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін елімізде 10 мыңнан астам тұлға сотталған. Яғни 17 жыл ішінде екі бұрынғы үкімет басшысын, 17 министрді, орган төрағасы және олардың орынбасарларын, 15 облыс пен қала әкімдерін, 8 ұлттық компания жетекшісін және 8 күш құрылымдары басшыларын темір торға қамаған.   

Қайрат Қожамжаров журналистермен сұхбатында Мұхтар Әбілязов, Виктор Храпунов секілді ұрлықпен байып, шетелге тайып тұрған қылмыскерлер жазадан құтылмайтынына сендірді. Қазақстан қылмыскерлерді қайтару туралы көптеген елдермен келісімге келіп, өзінен табанын жалтыратқан жемқорлардың бас сауғалайтын елдер санын жыл сайын азайтып келеді.

"Соңғы он жылда Қазақстаннан сырт жерлерде жасырынып жүрген 205 коррупционердің 152-сі елімізге қайтарылды. Алайда әзірше шетелде жалпы сомасы 8 миллиард доллардан асатын қаражатты ұрлаған бұрынғы министрлер мен әкімдер жасырынуын жалғастыруда. Бірінші кезекте, бұл көшті ұйымдасқан қылмыстық топ жетекшілері Мұхтар Әбілязов пен Виктор Храпуновтың отбасы бастап тұр. Олар қара бастарын аман алып қалу үшін өз істеріне саяси сипат беріп бағуда. Бірақ соған қарамастан, олар жазадан қашып құтыла алмайды. Біз шетелдік әріптестерімізбен ынтымақтастығымызды өрістетудеміз, соның нәтижесінде әрбір қашқын жемқор сот кескен әділ жазасын алады. Бұл үшін әлемдегі барлық мемлекеттер қылмыскерлерді беру мен активтерді қайтару кезінде "екіжүзді" стандарттарды болдырмау үшін күш біріктірулері керек", – деді антикоррупциялық агенттік басшысы.

Қазірдің өзінде қазақ елі Испания, Түркия, Польша, Оңтүстік Корея, БАӘ, Литва, ТМД елдері сияқты 40 мемлекетпен қылмыскерді беру және активті қайтару туралы келісім бекітті. Алда АҚШ кіретін америкалық қос құрлық елдерімен арадағы осындай құжат күшіне енеді деп күтілуде.

Қайрат Қожамжаров мол қаражатты ала қашқан қылмыскерлерді өзге аумақтан қайтару қазір кез келген ел үшін көкейтесті мәселеге айналып отырғанын айтады. Өйткені заңсыз қаржы, көлеңкелі мүлік террорды қаржыландыру көзіне айналды. Сондықтан қазір бейтарап елдердің банктеріндегі есепшоттар мен офшорлық аймақтарда тіркелген компаниялардың шын қожайындарын әшкерелеу қозғалысы жаһандық ауқымда барған сайын өріс алуда. Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің хабарлауынша, "Қазақстан бұл күш-жігерді толық қолдайды және әрекеттесуге әзір".

Айтқандай, мәселе тек заңсыз шетелге жылыстатылған қаражатпен шектелмейді. Қайрат Қожамжаров ұлттық компаниялардың және қазақстандық кәсіпорындардың шетелдік банктер есепшоттарында ұстап отырған 12 млрд доллардан аса қаражатын елге қайтару жайын әңгіме етті.

"Шетелде қаржы ұстауға біздің заңнамада тікелей тыйым салынбаған. Бұл жерде сол қаражаттың қаншалықты бүтін болатынын компаниялардың өздері шешулері тиіс. Қазіргі күрделі заманда олардың елге оралғаны дұрыс деген ұсыныс айтылды. Негізі, менің ойымша, бұл жұмысты жасауға болады. Үкімет те, ұлттық компаниялар да бұл іспен айналысады", – деді ол.

Сонымен бірге құзырлы орган ұлттық компаниялардың шетелдегі миллиардтарының ұрланған қаражат еместігін және қылмыстық сипаттан ада екенін растады. Агенттік төрағасының айтуынша, ол қаражат – адал табылған табыс, сондықтан бұл мемлекет пен бизнес арасындағы экономикалық мәселе болып табылады.

"Бірақ біз де бұл жұмысқа араласып отырмыз. Қазіргі кезде ешқандай проблема көріп отырған жоқпыз. Дегенмен бақылауды да тоқтатпаймыз. Үкіметке тиісті заң жобасын әзірлеу жүктелді", – деп түйді Қайрат Қожамжаров.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу