Жеткіншектер не жеп жүр

Қажет Андас, Алматы облысы Қажет Андас, Алматы облысы
2943

Мектеп асханалары балалардың денсаулығына зиян келтіретін өнімдерді саудалауды тоқтатар емес.

Жеткіншектер не жеп жүр Фото: sputniknews.kz

Алматы облысындағы 756 мектептің  568-де балаларды ыстық тамақпен қамту ұйымдастырылған, бұл 75,2 пайызды көрсетеді. Ал буфеттік қызмет көрсету 88 білім ошағында ұйымдастырылған, ол 11,6 пайызды құрайды.

Барлық 568 мектеп асханаларын кәсіпкерлер жалға алып жұмыс істеуде. Оған қажетті тексерулер жүргізіліп тұрады. Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті биылғы 9 айда 173 мектеп асханасын тексеріп, ережені сақтамағандарға 3 998 375 теңге көлемінде 126 айыппұл салған.

"Тексеру кезінде Талғар ауданында № 17, № 23 орта мектеп асханаларында тыйым салынған дайын өнімдер – гамбургер, хот-дог, пицца сатылғаны анықталған. Қапшағай қаласында мектепке дейінгі шағын орталығы бар №5 орта мектеп асханасында кондитерлік өнімдер, демек, "Сникерс", "Кит-Кат", "Милки-Уэй" шоколадтары, №6 орта мектеп буфетінде тұтыну қаптамадағы тәттілер – шоколад, кекс, печеньелер сатылып, № 2 орта мектеп асханасында хот-дог, пиццаларды дайындап өткізуге жол берілген", – дейді облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Е. Сыдыманов.

Ал мектеп асханасын жалдап отырғандар: "Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мен білім басқармасы тарапынан бекітілген ас мәзірі бар. Сол бойынша балаларды дәрумендерге бай тағамдармен тамақтандырып келеміз", – деп жауапкершіліктен бойын алып қашады.

Расымен де, асханалардың кіре берісіне құзырлы мекемелер белгілеген ас мәзірі әдемілеп ілінген. Алайда, ондағы жазылған дәрумендердің бәрі шөмішке ілініп, кесеге құйылмайтыны белгілі.

Өкінішке қарай, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінен алынған ақпарат бойынша, Талдықорған қаласындағы №5, №21 орта мектеп асханаларында кремді-кондитерлік және кулинария өнімдері және тұтыну қаптамадағы тәттілер – кекс, печеньелер, үй жағдайында дайындалған консервіленген қияр, малдың субөнімдері және алкогольсіз тәтті сусындар сатылғаны анықталған. Осы аталған кемшіліктер бойынша жауапты тұлғаларға 312650 теңге көлемінде 8 айыппұл салынып, 8 санитариялық нұсқама беріліпті.

Тағы бір жан ауыртар жайт, балалардың көбі "хот-дог" секілді жартылай дайын өнімді және газды сусындарды да күнделікті тұтынады. Әрине, мектеп асханаларында мұндай тауарларды сатуға тыйым салынған. Алайда, ондай өнімдер білім шаңырағынан екі аттам жердегі дүкендерде самсап тұр. Ата-анасы берген ақшанының жартысына жеңіл-желпі тамақ сатып алып, қалғанын үнемдеп қалуға тырысатын балаларда көбейіп келеді.

Бір уаққы ыстық тамақтың құны да  қымбат. Бүгінде Талдықорған қаласындағы бір баланы ыстық тамақпен қамту 305 теңгені құрайды. Оның ішінде наны, бірінші және екінші тамағы, салаты, компоты қарастырылған. Оған көңіл тоғайтқанымызбен, 305 теңге бірнеше баласы мектепке баратын отбасына оңай тимесі анық. Сондықтан сыныптағы барлық баланың тамағы тоқ, көйлегі көк дей алмаймыз. Кейбір балалар тойынып тамақ ішсе, енді бірі үйінен әкелген тіскебасарға қанағаттанып, келесі бірі тіпті аш отыруға мәжбүр.

"Осы жағдайлар оқушылардың толықтай ыстық тамақпен қамтылды дегенімізбен, оның өз дәрежесінде жүзеге аспай отырғандығынан хабар берсе керек. Әлі де балалардың чипсы, кириешки сынды түрлі аурулар тудыратын, жеткіншектің қалыпты өсіп-жетілуіне зиян келтіретін тағамдарды тұтынып тұратыны да жасырын емес", – дейді ата-аналар.

Қажет Андас, Алматы облысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу