Жол бойындағы сервистік қызметтің сәні кетіп тұр

2336

Павлодар облысындағы 56 нысан ұлттық стандартқа сай емес.   

Жол бойындағы сервистік қызметтің сәні кетіп тұр

Ресми дерекке сүйенсек, Павлодар облысында жол бойында сервистік қызмет көрсететін 105 нысан бар. Оның 30-дан астамы қаңтарылып бос тұр. Ал 56 нысан ұлттық стандартқа сай келмейді. Талапқа сай емес нысандардағы басты проблема – жылы дәретханалар мен автотұрақтардың жоқтығы.

Бір қызығы жергілікті билік стандартқа сай келмейтін нысандарды жауып тастай алмайды екен. Өйткені ондай құзырет берілмеген. Ал жазалау үшін тұрғындардан өтініш түсуі керек.  

"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы" АҚ Павлодар облыстық филиалының директоры Ақылбек Қабылдиннің айтуынша, 2015 жылы заңнамаға өзгерістер енген соң салынған нысандардың барлығы дерлік талапқа сай емес. Ал 2015 жылға дейін салынған нысандарды жаңғыртуға 3 жыл уақыт беріліпті. Бірақ ештеңе өзгерген жоқ. Берілген мерзім былтыр аяқталғанмен, жергілікті билікте талапты орындамай отырған қызмет көрсету орындарының жұмысын тоқтатар құзырет жоқ, ал бизнес тұтынушыларға қолайлы жағдай жасауға құлықты емес.   

"Бірқатар кәсіпкер ұлттық стандарттардың талаптарын орындады. Десе де басым бөлігі ескертулерді ескеруге асығар емес. Асықпайтыны – оларды ешкім жазалай алмайды. Мұны жақсы біледі. Бізге тұрғындар тарапынан "дәретхана жоқ", "жылы дәретханаға кіргізбейді" деген арыздар түсе бастағанына да назар аударар емес. Мәселен жол бойындағы жанар-жағармай құю бекетін алайық. Ондағы жылы дәретханаға келушілерді кіргізбейді. "Қызметкерлерге арналған" деген уәж айтады. Алайда келушілерге жылы дәретхана жасап бере алмасаң, оларды ішке енгізуге міндеттісің", – дейді облыстық филиалдың директоры.

Сондықтан мұндай кәсіпкерлерді жазалау керек деп есептейді Ақылбек Қабылдин. Ол үшін заңға өзгерістер енгізу керек. Сосын соның негізінде айыппұл салуға болады. Жазалаудың тағы бір жолы бар. Ол – нысанға бұрылатын жолды жауып тастау. Сонда клиенттен қағылған бизнес өкілдерінің талапты орындаудан басқа амалы қалмайды.

Павлодар облыстық кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының басшысы Дастан Рыспековтың сөзіне сүйенсек, өңірдегі жол бойындағы сервис нысандарының жағдайы айтарлықтай жақсарып келеді. Мысалы 2018 жылы Павлодар облысында жол бойында қызмет көрсететін 4 нысан іске қосылған. Олардың бәрі ұлттық стандарттарға сай. Сонымен қатар жұмыс істеп тұрған екі нысан қайта жаңғыртылған. Биыл 9 жаңа нысан салынады деп жоспарлануда.

"Бизнес тарапынан шамалы қиындықтар бар. Бірақ біз соңғы екі жылда барлық қалалар мен аудандарда белсенді түрде түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Нысандарға бақылау жүргізу құзыреті берілсе, жұмыс жеңілдер еді", – дейді Дастан Рыспеков.

Ал Павлодар облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің хабарлауынша, қоғамдық дәретханалар эпидемиялық маңызы шамалы нысандардың қатарына жатады екен. Сондықтан кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, мұндай орындар жеке және заңды тұлғалар тарапынан арыз түскенде ғана тексеріледі.

Павлодар облысындағы нысандардың деңгейінің төмендігі бір мәселе. Ал қызмет көрсету орындар санының аздығы мүлде бөлек тақырып. Себебі кейбір жолдарда мұндай орындарды өте сирек кездестіресіз. Мысалы Ленин кенті – Ертіс – Русская Поляна бағытындағы 270 шақырымдық республикалық жолдың бойында небары 3 нысан бар.

Жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының аздығы тұтас республикаға тән мәселе екені анық. Сондықтан ел үкіметі аталған мәселені KazWay контейнерлік типіндегі модульді павильондар арқылы шешпек. 2025 жылға дейін еліміздің жолдарында дәл осындай 360 сервистік нысанды орнату көзделіп отыр. Олар бетон конструкцияларды алмастырады деген сенім бар. Алғашқы кезекте 66 модуль салынады екен. Аталған бағытқа 1,5 млрд теңге бағытталған. Модульдердің 5-і Павлодар облысына орнатылуы тиіс.

"Осы жазда модульдерді Ақтоғай, Железин, Баянауыл, Аққулы аудандарына және Ленин кентінің шыға берісіне орнатамыз. Мұндай модульдер тиімді я тиімсіз боларын уақыт көрсетеді. Модульдің құрамына ас ішетін орын, азық-түлік дүкені және жылы дәретхана кіреді. Бір модульдің бағасы – 28 млн теңге. Мұнда тамақ әзірленбейді. Дайын тамақты ысытып береді. Десе де барлығы ойластырылған. Тіпті мүгедек жандарға да мүмкіндік қарастырылған", – дейді Ақылбек Қабылдин. 

Ақтоты Қабдықайыр, Павлодар облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу