Жұмбақ вирус

6039

Шетел асқан коронавирус қазір бүкіл әлемді алаңдата бастады.    

Жұмбақ вирус

Қытайда жұмбақ вирустан екінші адам қайтыс болды. Және де оған тағы ондаған тұрғын шалдығып, солардың үшеуі Азияның өзге елдерінде ауруханаға түсіп отыр. 

Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, 69 жастағы ер адам Қытайдың орталығындағы Ухань қаласында жан тәсілім еткен. Бұл қала талай адамның ажалына себеп болған SARS (ауыр әрі өткір респираторлық синдром) патогені тектес коронавирустың эпицентріне айналып отыр. 

2002-2003 жылдары материктік Қытайда 349, Гонконгте 229 адамның өмірін жалмаған SARS-пен байланысты болғандықтан, ол қазір бүкіл әлемді алаңдатып отыр.  

Бүгінде Қытайда жаңа вируске қатысты пневмониямен 41 адам госпитальге түскен. Бірақ, британдық эксперттер (Лондон империалдық колледжінің зерттеушілер) олардың саны 1700-ден асып кеткенін болжап отыр. 

Ухань денсаулық сақтау комиссиясының дерегінше, 12 адам дертінен айығып, үйлеріне жіберілгенімен, бес пациент ауыр халде жатыр. 

Қайтыс болған егде жастағы адам желтоқсанның 31-де науқастанып, бес күннен кейін оның жағдайы өкпе туберкулезінен және түрлі органдарының зақымдануынан тіпті нашарлап кеткен. 

Бұл вирус осы аптада Қытайдан тыс жерлерде де табылды. Белгісіз коронавирус симптомымен екі адам Таиландта, бір науқас Жапонияда карантинге алынды. Олар госпитальге түспес бұрын Уханьға сапар шеккен.  

Ухань әкімшілігінің мәлімдеуінше, қауіпті вирустың ошағы – теңіз өнімдерін сататын жергілікті базар. Бұл сауда орны қаңтардың 1-де жабылды. 

Адамнан адамға жұғуы мүмкін бе?

Өткен аптада Уханьда 61 жастағы ер адам пневмониядан жазылмай, о дүниеге аттанды. Оның ажалы дәл осы жұмбақ вирустан келді деген күдік бар. 

Бұл инфекцияның адамнан адамға жұққаны туралы бұлжымас фактілер әзірге жоқ. Алайда, Ухань дәрігерлері оның күндердің күнінде адамнан адамға берілуі мүмкін екенін "жоққа шығара алмайтынын" мәлімдеп отыр. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы докторларының сөзінше, "әсіресе, бір-бірімен байланыстағы отбасы мүшелері арасында" коронавирус адамнан адамға жұғып жатса, бұл таңданатын жағдай болмауы мүмкін. Өйткені, Ухань денсаулық сақтау комиссиясының дерегінше, теңіз өнімдері базарында жұмыс істеген ер адамға қойылған диагноз оның әйеліне де қойылған. 

Дегенмен, Таиландта осындай ауруға ұшыраған әйел бұл базарға бармаған. Мұны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары растап отыр. Олардың сөзінше, Қытайдан жетіп, карантинге түскен қытайлық азаматтың жағдайы апта басында қалыпты болды. 

Жапониядағы пациент госпитальден шықты. Ол да Уханьдағы теңіз өнімдері базарына бас сұқпаған. Дегенмен, жапондық медиктердің болжамынша, бұл ер адам Уханьда жүргенде жұмбақ вирусты жұқтырған адаммен байланыста болса керек.

Коронавирустар – тұмаудан бастап, SARS-қа дейінгі түрлі инфекцияларға шалдықтыратын вирустардың үлкен тобы. Олардың кейбірі жеңіл-желпі ауруға ұшыратса, ендігі бірі MERS (Таяу Шығыс Респираторлық Синдромы), тәрізді адамды қалшылдататын, жөтелдіретін, деміктіретін дертке душар етуі мүмкін. Айта кетсек, бұл вирус 2012 жылы Сауд Арабиясында анықталған еді.  

SARS болса, 2002 жылы Қытайдың оңтүстігінен табылып, кейін оны әлемнің 37 елінде 8 мыңнан астам адам жұқтырып, солардың 800-ге жуығы ем қонбағандықтан, о дүниелік болды. 

Қазақстан да сақ

Қазақстан әуежайлары мен вокзалдарында Қытайдан келетін жолаушылардың температурасы тексеріліп жатыр. Олардың барлығы тепловизордан өтуі керек. Егер ауруға қатысты күдік туындаса, медиктер тексеруден өтуді ұсынады. Дәрігерлер құпия вирус қазақстандықтарға да жұғуы мүмкін деп қауіптеніп отыр. Мұны inbusiness.kz-ке жақында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау жөніндегі мемлекеттік комитетінің көліктегі тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің жетекшісі Ермек Тоқбергенов айтып берді. 

Сонымен қатар, осы комитеттің төрайымы Людмила Бюрабекова мәлімдегендей, Қытайда жаңа коронавирус таралып жатқандықтан, қазақстандық пилоттар құрамы мен бортсеріктер арнайы дайындықтан өтіп, Қытайдан келіп-кетіп жатқан азаматтар үшін арнайы ескертпелер әзірленген. 

Және де бұл комитет еліміздің сыртқы істер министрлігін Қазақстаннан шетелге аттанатын барлық адамдарды қалыптасқан жағдай бойынша хабарландыру туралы құлағдар етіп отыр.

Қазір Сингапур мен Гонконг Уханьннан жеткен жолаушыларды скринингтен өткізіп жатыр. Осындай тексеруді жұма кұні Құрама Штаттар үкіметі Сан-Франциско, Лос-Анджелес, Нью-Йорк авиациялық порттарында жүргізе бастады.

Айта кету керек, Уханьнның халықаралық әуежайы күніне 19  миллион адамға қызмет көрсетеді. Бірақ, күніне солардың 3400-і ғана халықаралық рейстермен сапарға аттады екен. 

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу