Жұмыс істету үшін ынталандыру керек

4629

Зейнеткерлер мен мүгедектерді жұмыспен қамтудың тың тәсілі ұсынылды.

Жұмыс істету үшін ынталандыру керек

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) "Үш топқа арналған көзқарасқа шолу: жастар, егде жастағы жұмысшылар және халықтың осал топтарын қорғау" атты екіжылдық жоба  аясында Қазақстанда жұмыспен қамту бағдарламаларын дамыту жөніндегі ұсыныстарымен таныстырды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов түсіндіріп өткендей, бұл жобаға ЭЫДҰ-ның соңғы жылдардағы жастарды, егде жастағы еңбеккерлерді жұмыспен қамту және мүмкіндігі шектеулі жандарға мақсатты түрде әлеуметтік қолдау көрсету саласындағы жұмысы арқау етілген.

Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қатынастар жөніндегі директораттың басшысы Стефано Скарпетта қорытынды баяндама жасап, жұмыссыздық мәселесін шешуде Қазақстан үкіметі үлкен жетістікке қол жеткізгенін, сондықтан назарды осы жұмыстың өзге аспектілеріне аудару қажет екенін баса айтты. Сарапшының пікірінше,  "қиындық жұмыс орындарының аз болуында емес, өйткені Қазақстанда ашылып жатқан жаңа жұмыс орны көп".

"Мәселе осы жұмыс орындарының сапасында. Мұнда жұмыс бабымен көтерілу мүмкіндігі, еңбекақы мөлшері, жұмыскерлерге берілетін мүмкіндік ескеріледі", – деді ол.

Жұмыссыздардың табыс деңгейін арттырып қана қоймай, қазіргі еңбек нарығында аяғын нық басу үшін олардың құзыреттілігін жоғарылатып, назарды жұмыскердің біліктілігіне ауыстыру керек.

Стефано Скарпетта жастарды жұмыспен қамту үшін еңбек нарығының ахуалын бағалап қана қоймай, сондай-ақ жұмыс іздеп жүрген жастардың біліктілік деңгейін де бағамдау қажет деген ойда.

"Жастардың көбі оңай жұмыс тауып кете алады, бірақ көпшілігінің біліктілігі төмен, осы үлкен кедергі тудырады. Мұндай жұмыскерді қабылдаған кезде жұмыс беруші қандай нәтижеге қол жеткізетінін білмейді", – деп түсіндірді ол.

Сондай-ақ сарапшы Қазақстанда жұмыспен қамту қызметінде жұмыссыз жастардың тіркелу деңгейі төмен екенін аңғарды. Оның сыры мынада: жастар жұмыспен қамту қызметінің көмегі шамалы деп есептейді.

Бұл ретте Стефано Скарпетта бұл тек Қазақстанның басындағы жағдай ғана емес, ЭЫДҰ-ның көптеген елінде осыдай проблема бар екенін айтты.

Еңбек нарығындағы екінші маңызды мәселе – егде жастағы жұмыскерлер. ЭЫДҰ-ның сарапшысы бүгінде оларды жұмыспен қамтуда барынша көп күш жұмсау қажет деп есептейді, оларды ынталандыру жұмыстарын жүргізу қажет.

"Қазақстанда зейнетақы мөлшері өте төмен, өмір сүру жасы қысқа, сондықтан еңбек нарығында қалудың пайдасы аз. Адамдар зейнетке шығып, әлдебір көлеңкелі, ресми емес секторға ауысып кетуі мүмкін, ал бұл басқа проблеманың туындауына жол ашады. Зейнетақы жинақтаудың жаңа жүйесіне көшу жұмыскерлерді еңбек нарығында ұзағырақ қалуға ынталандыруы мүмкін", – деді сарапшы.

Оның пайымынша, зейнетке шыққан соң жұмыс істейтін адамдарға белгілі бір қаржылық немесе салықтық жеңілдіктер жасау үлкен көмек болар еді.

"Егде жастағы адамдардың жұмыспен қамтылуын күшейту керек. Жұмысқа егде жастағы адамдарды қабылдап, ұстап тұру үшін жұмыс берушілермен бөлек жұмыс істеу керек", – деп баса айтты ол.

Тағы бір маңызды мәселе – мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмыспен қамту. Бұл Қазақстан үшін күрделі мәселе – бүгінде нарықта мүгедектердің шамамен 30%-ы жұмыс істейді. Бұл мәселеде ЭЫДҰ мүмкіндігі шектеулі адамдарға арнайы бейімделген жұмыс орындарын ашу үшін жұмыс берушілермен тығыз жұмыс істеуді ұсынады.

"Мысалға, бірқатар ел мұндай жұмыс берушіден жүктемені алып тастайды", – деп түсіндірді Стефано Скарпетта. Бұл ретте мүгедектермен жұмыс істеген кезде олардың қабілетін, не істей алатынын ескеру керек.

Еңбек вице-министрі, өз кезегінде, қабылданып жатқан шараларға қарамастан қиындық әлі де бар екенін, дәлірек айтсақ "тек құжат жүзінде жұмыс істеу және жасырын жұмыссыздықтың" етек алып бара жатқанын айтты.

"Бізде жұмыс істеп, еңбекақыны конвертпен алатын адамдар бар. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың қатарына жататын адамдардың үлесі үлкен, бірақ олардың табысы өте төмен, яғни олар өнімсіз жұмыс істейді. Статистикаға сүйенсек, 2 млн жұмыскердің шамамен 300 мыңға жуығы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, бірақ біз министрлікте ауқымды сауалнама жүргіздік, елде өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтығандар үлесі көп деп есептейміз.

Миллионнан астам адам терминология бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарына жатқызылуы мүмкін, бірақ жалпыадамзаттық көзқарас тұрғысынан қарағанда бұл – жұмысты, тұрақты табыс көзін қажет ететін адамдар", – деді Біржан Нұрымбетов. Сонымен қатар жұмыспен қамту орталықтарының қызметі де реформалауды қажет етеді. Вице-министр бұл бағыттағы жұмыс басталып кеткенін айтты.

"Олар ең алдымен жұмыс берушіге, сапалы бос жұмыс орнын алуға ден қоюын қалаймыз. Екінші жағынан, біз жұмыс іздеушілермен істелетін жұмысты жетілдіруіміз керек. Егер іздесеңіз, жұмыс табуыңыз керек, – деп түсіндірді ол. – Мысалға, былтыр жұмыспен қамту орталықтарына жұмыс берушілер 544 мың бос жұмыс орнын ұсынды, мұны жұмыспен қамту орталығы білсе, халық білмейді. Тек орталыққа жүгінгендер ғана білуі мүмкін. Екінші жағынан, былтыр жұмыспен қамту орталығына 518 мың адам жүгінді, оларға осы жұмыс орындары ұсынылды.  Бірақ жұмыс берушілер, жекеменшік жұмыспен қамту орталықтары осыншама адам жұмыс іздеп жүргенін білмейді. Сондықтан біз бүгін ауқымды реформа жүргізіп,  жұмыспен қамту орталықтарының жұмыс стандарттарын өзгертіп жатырмыз. Сондай-ақ электрондық еңбек биржасын жасаудамыз, мұндағы бос жұмыс орындары барлық халыққа қолжетімді болады, ал жұмыс іздеп жүргендерді жұмыс берушілер көре алады. Яғни мұнда жарияланатын ақпарат өте көп болады".

Еске сала кетейік, алға қойылған жоспарларға сәйкес, электрондық еңбек биржасы биылғы жылдың соңына дейін іске қосылуға тиіс.

Әйгерім Сүлейменова, Ирина Севостьянова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу