Жыл соңына дейін доллар айтарлықтай арзандауға тиіс

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
2852

Макроэкономиканың "тынышталуы" мен мұнай нарығындағы оң жаңалықтар және ішкі нарықтағы жағдайлар теңгеге оң ықпал етпек.

Жыл соңына дейін доллар айтарлықтай арзандауға тиіс

Өткен апта 370-тен асып кеткен доллар-теңге қатынасы өткен апта соңы мен осы апта басында аздап төмендеді.

Әдетте мұнайдың бағасымен тура пропорционал жылжитын доллардың теңгеге шаққандағы бағамы соңғы уақыттары жүрісінен жаңыла бастады. Мәселен, жаз соңы мен күздің басында қара алтын құны айтарлықтай қымбаттап кеткенімен, доллардың Қазақстандағы бағасы оншалықты арзандады дей алмаймыз. Оның үстіне Ұлттық банк қыркүйекте 520 млн долларға интервенция жасаған еді. Демек, қыркүйектің өзінде доллардың бағамы 370-380 теңге аралығында болуға тиіс еді деген сөз.

Жыл соңына қарай доллардың теңгеге шаққандағы бағамы төмендейді. Мұнай нарығындағы ахуалдар, АҚШ орталық банкінің ақша-несие саясаты, одан бөлек ішкі факторлар, теңгенің базалық мөлшерлемесінің өзгеруі мен жыл соңындағы салық төлейтін уақыттың жақындау – осының барлығы ұлттық валюта үшін қол болмақ.

Қазан айының басында соңғы бірнеше жылдық рекордты жаңартып, барреліне 86 долларға дейін қымбаттаған қара алтын соңғы бірнеше күнде 80 доллардан төмендеп кеткенімен, апта басы қайта көтерілді. Оған себеп Иранға қарсы санкциялардың жандана бастауы. Осылайша, мұнай бағасы қайта оң динамикаға түскен секілді. Оның үстіне ОПЕК+ елдерінің мұнай өндірісін қысқарту туралы келісімді ұзартуға бірауыздан келісуі қара алтын нарығына оң әсер етпек. Бұл тұрғыда мұнай нарығына кесірін тигізуі мүмкін жалғыз нәрсе АҚШ-Қытай арасындағы сауда соғысы. Егер қос тарап бір келісімге келмейтін болса, жаһандық экономиканың өсімі бәсеңдеп, бұл өз кезегінде қара алтынға деген сұранысты төмендетуі ықтимал. Бұл әрине, бағаға да кері әсер ететіні анық.

Доллардың теңгеге шаққандағы бағамында АҚШ Федералды резерв жүйесінің ақша-несие саясаты да біраз нәрсені шешеді. Биыл бірнеше рет ФРЖ доллардың базалық мөлшерлемесін көбейтіп, доллардың өзіндік құнын көтеріп алды. Бұл дамушы мемлекеттердің валютасына ауыр соққы болғаны анық. Мәселен, Бразилия, Түркия секілді дамушы экономикалардың валюталары күрт төмендеп кетіп, Қазақстан секілді мұнай импорттаушы елдер үшін де жақсылық әкелген жоқ. Осы орайда, жоғарыда айтылған, жаздың соңында мұнай қымбаттағанда неге теңге нығаймады деген сауалдың жауабын тапқандай боламыз. Доллардың теңгеге шаққандағы бағамының төендемеген себебі – доллардың өзіндік құнының көтерілуі. Қалай дегенде де, АҚШ Федералды қор жүйесі жыл соңына дейін енді доллардың базалық мөлшерлемесін көтермеуге тиіс. Олай болса, жыл соңына дейін доллардың бағамы да тұрақталады деген сөз.

Қазақстан мен Ресейде төл валютаға бірден тікелей әсер ететін тағы бір маңызды фактор бар. Ол, әрине, санкция. Ақ үй жағы соңғы қыркүйектені санкциядан кейін әзірге тыныш. Енді жыл соңына дейін де тыйым салатын құжаттардың жаңа легі шықпайтын да шығар. Егер санкция жариялана қалған жағдайда Қазақстандағы доллар бағамы тағы 5-10 теңгеге "секіріп" кететінін несіне жасырайық.

Сыртқы факторлардан бөлек, өзіміздің ішкі факторлар да шешуші рөл ойнайды. Жаз айларындағы долларға деген сұраныстың артуы маусымдық ерекшелік болғанымен, соңғы уақыттарда девальвацияның үшінші толқыны болуы мүмкін деген қауесеттер халықтың жаппай ақша айырбастау пунктеріне лап қоюына алғышарт болды. Ұлттық банк доллардың қымбаттауына осының да ықпал еткенін алға тартады.

Дей тұрғанымен, Ұлттық банктің мұнай нарығындағы дағдарыстан бері ішкі ақша-несие саясатын оңтайландыру үшін теңгенің базалық мөлшерлемесін 17 пайыздан 9 пайызға дейін төмендетіп тастағаны белгілі. Дегенмен, осы жаздан бастап мөлшерлемені қайта көтере бастады. Ондағы мақсат теңгенің өзіндік құнын өсіру. Ұлттық банктің бұл бағыттағы жұмыстары да елдегі теңге бағамына оң әсер етуі тиіс.

Бұдан бөлек жыл соңы жақындаған сайын салық төлейтін уақыттың жақындай түсуі теңгеге деген сұранысты айтарлықтай арттырады. Бюджетке төленуі тиіс төл валюта биржада тапшы болса, доллардың құны төмендеп, теңге нығая түспек.

Қорыта айтар болсақ, жыл соңына дейін, егер антиресейлік санкция мен "қолдан жасалған" девальвация секілді форс-мажорлар болмаса, теңге нығайып, доллардың бағамы айтарлықтай арзандап, 350 теңгеге дейін жақындауға тиіс.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу