Елімізде отбасылық-тұрмыстық қылмыстар үшін жазалар тағы да қатайтылатын болды. Президент кеше осындай міндет қойды және мұны "менің принципті позициям" деп қадап айтты. Бұл ретте қолға алынып жатқан реформа аясында құқық қорғау органдарының жұмысы да осыған қайта бағдарланатын болады.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен, полицейлер енді "азаматтар бәрінен көп зардап шегетін қылмыстармен", атап айтқанда, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен, сондай-ақ есірткіге қатысты қылмыстармен, алаяқтықпен және қаржы пирамидаларымен күреске бар күш-жігерін шоғырландыратын болады.
Ал әзірге үйдегі әлімжеттік оқиғалары тек өсу үстінде. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, 2018 жылы Қазақстанда отбасылық зорлықтың 24,8 мың оқиғасы тіркеліпті. Соның 23 904-і – әкімшілік құқықбұзушылық, ал 919-ы – қылмыстық құқықбұзушылық. Соңғыларында отбасылық тиран қосағын не өлтіріп, не мертіктіріп тынса керек.
2019 жылы тиісінше 25 730 және 902 құқықбұзушылыққа қатысты хаттама толтырылды.
Мамандар пандемиялық карантин кезінде құрбандар үйлеріне қуып тығылып, зорлықшымен бірге қамалғанда, статистика күрт өседі деп қауіптенген. Алайда 2020 жылы 25 844 әкімшілік және 1 072 қылмыстық құқықбұзушылық рәсімделіпті. Ал пандемия іс жүзінде аяқталған, карантин болмаған 2021 жылы бұл көрсеткіш 16,9%-ға артып, 29 мыңды құрады. 27 975 әкімшілік және 1 047 қылмыстық іс тіркелді.
Мамандардың бір тобы ұрда-жық адамдардың өз жақындарын соққыға жығуының деректері бұдан әлдеқайда көп деп санайды. Әр шаңырақта, жабық есік жағдайында қанша қайғылы оқиға болып жатқаны белгісіз. Өз үйінде теперіш көріп, ауыр тіршілік кешкен қаншама әйел зомбылыққа соңына дейін шыдап бағады, полицияға хабарласпайды.
Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың мәліметінше, биыл полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың болғаны туралы 100 мыңнан астам хабарлама түскен. Оның көпшілігі Шымкент, Астана, Алматы қалаларына, Қарағанды, Павлодар және Қостанай облыстарына тиесілі.
"Алайда олардың 60%-ы бойынша полиция тиісті шара қолдана алмады. Өйткені полиция оқиға орнына жеткенде, жәбірленушілер райынан қайтып, шағым жазудан бас тартқан. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, шағым бермесе, полицейлер үй тирандарын жауапқа тарта алмайды. Салдарынан олар өздерін ешкім жазаламайтынын түсінеді. Жазасыздық – бассыз кетуге жол ашады. Қол жұмсау әдетке айналып, түбінде ауыр зардаптарға соқтырады", – деді ІІМ басшысы.
Министр Марат Ахметжанов маңызды бір мәліметті келтірді. Жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 67 мың қорғау нұсқамасы шығарылды.
Қарапайым тілмен айтқанда, биыл осынша шектен шыққан отбасылық зорлықшыл анықталып, оларға шетін шара қолданылған, яғни оларға өз үйіне, өз жарына жолауына, жақындауына тыйым салынған.
Психолог Сандуғаш Кебекова заңдағы олқылықты кейбір арамза адамдар да пайдаланатынын ескертті.
"Қабылдауыма бір әйел келді. Күйеуінен үнемі таяқ жейтініне шағымданды. Бірақ тілдесе келе, жағдайдың басқаша екенін білдім. "Сенің миымды ашытқаның керек емес, маған психологиялық тұрғыдан қатты зардап шекті деп жазып берсең болды" дейді. Ол жұбайына қарсы қорғау нұсқамасын да алыпты. Бірақ шынында өзі адуынды, Альфа адам көрінеді, айналасындағыларға күн көрсетпейді. Күйеуі жас бойжеткенмен көңіл қосып қойыпты, сол үшін оны жазалап, дүние-мүлкін, баласын тартып алмақ. Осы мақсатта оның үй тираны бейнесін сомдауда. Ол кісіні аяп кеттім, бірақ кабинетімде айтылған сөз сонда қалады, медициналық құпия. Шын зорлықшыларды лайықты жазалаған жөн. Бірақ полиция жәбірлеуші деп қудаламас бұрын байыбына барғаны жөн. Әйтпесе, Human Rights Watch, #НеМолчи сияқты ұйымдар билікке шектен тыс қысым көрсетіп, осы саладағы заңнаманың үсті-үстіне қатаюына қол жеткізуде", – деді психолог.
Алматы облысының тұрғыны, полицияда істеген маман Сержан Аршабеков таяуда деректерді талдай отырып, бір тосын жайтқа назар аударыпты.
"Нақтылай кетсем, Алматы облысының қалалары мен аудандарының полиция бөлімдері мен аумақтық басқармалары 2019 жылдың маусымының соңғы күндері Ішкі істер министрлігінің деректер базасына 2 мың қорғау нұсқамасын тіркепті. Бірнеше күн ішінде. Ешқандай негіздемесі де жоқ. Салдарынан, заңды негізсіз мыңнан астам азамат ішкі істер органдарында есепке қойылған. Олар отбасылық-тұрмыстық салада құқықбұзушылық жасамаған, олардың үстінен ешкім шағым түсірмеген, полицияға өтінішпен жүгінбеген. Әлгі тірлік тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, сондай-ақ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бағытындағы полиция қызметінің жартыжылдық қорытындысын шығару кезеңінде жүзеге асырылған. Демек, жоғарыдағы әлдекімнің ұйымдастыруынсыз немесе нұсқауынсыз барлық аумақтық бөлімшелер мұндай әрекетті синхронды түрде, бір мезгілде жасауы мүмкін бе? Бірінші кезекте азаматтардың заңды құқықтары өрескел бұзылып отыр. ІІМ жүйесіндегі қарқынды жұмысты имитациялаудың жарқын көрінісін байқап отырмын", – деді С.Аршабеков.
Ол тағы бір түсініксіз жайтты аңғарыпты. "Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы" заңының 20-бабына сәйкес, "Қорғау нұсқамасының көшірмесі өзіне қатысты қорғау нұсқамасы шығарылған адамға табыс етілген кезінен бастап 24 сағат ішінде прокурорға жіберіледі".
"Яғни полиция қызметкерлері осындай әрбір факті бойынша бір тәулік ішінде прокуратура органдарын хабардар етуге тиіс. Себебі тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асыратын басты орган – прокуратура. Бұл құқықтың императивтік нормасы, оны бұзғаны үшін әкімшілік жаза қарастырылған. Алайда сол кезде шығарылған қорғау нұсқамаларының бірде-бірі бойынша прокуратураға хабарлама бағытталмаған. Бұған қоса, ішкі істер министрінің №432 бұйрығындағы талапқа сәйкес, қорғау нұсқамаларында аттары жазылған, зорлықшыл деп танылған тұлғалардың үстінен профилактикалық бақылау орнатылуға, бұл үшін профилактикалық іс ашылуға тиіс. Ол Профилактикалық істерді есепке қою журналында тіркеледі. Сонда профилактикалық жұмысты жүргізетін тұлғаның аты-жөні жазылады. Әлгі айтылған нұсқамалардың бірде бірі бойынша профилактикалық іс ашылмаған", – деді С.Аршабеков
Жалпы Ішкі істер министрлігі оның өтінішін қарапты.
"Тексеру көрсеткендей, 2019 жылғы маусым айы үдерінде Алматы облысының Полиция департаментінің қызметкерлері 1 мың қорғау нұсқамасын шығарған. Жауапты лауазымды тұлғалар ведомстволық базаға мәліметтерді енгізу кезінде есепке қоюға негіз болған материалдарды тексерген. Алайда қазіргі уақытта сол 2019 жылғы маусымда қозғалған профилактикалық істерді де, прокуратураға хабарламаларды да тексеру мүмкін емес. Себебі мұндай істерді сақтау мерзімі өтіп кетті. Ведомстволық бұйрыққа сәйкес, есептен алынған соң 1 жыл өткенде ол істер жойылуға жатады", – деп жауап берді Ішкі істер министрлігі.
Сондай-ақ ІІМ құзырлы органдардан және професепке қойылған тұлғалардан полиция қызметкерлерінің заңсыз істеріне қатысты ешқандай шағым түспегенін алға тартты. Сондықтан тексеріс қорытындысында Алматы облысы Полиция департаменті қызметкерлерінің заң бұзушылығы анықталмапты.
Олай болса, статистика қалды, ал оның ар жағында қандай тағдырлар тұрғаны беймәлім.
Жалпы азаматтар "отбасылық тиран" ретінде есепте тұрғанын білмеуі де ғажап емес. Ендеше биыл берілген 67 мың қорғау нұсқамасында кімдердің аты жазылғаны, олардың түзелген-түзелмегені белгісіз.