"1000 орын – көше саудасы" төңірегіндегі мәселе таусылар емес

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3719

Кәсіпкерлер мен корпорация түсінісе алмай жүр.

"1000 орын – көше саудасы" төңірегіндегі мәселе таусылар емес Фото: tengrinews.kz

Астанада "1000 орын – көше саудасы" жобасының қолға алынғанын жақсы білеміз. Кәсіпкерлердің айтуынша, жоба жақсы-ақ. Алайда, әлі піспеген, шикі күйінде қалып отыр. Өйткені, талаптары түсініксіз. Жобаны жүзеге асыру жолдары жетілдірілмеген, сауда жасауға жағдай жасалмаған, дейді бизнес өкілдері. Аталған жобаға қатысты мәселелердің дүркін-дүркін көтерілуі де сондықтан шығар.

Мәселен, елордалық кәсіпкер Ернар Рақымжановтың сауда орындарын аукцион арқылы бөлу ережесіне көңілі толмайды. Ол "1000 орын – көше саудасы" жобасының операторы "Астана" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жұмысына наразы. Оның айтуынша, сауда орындарын бөлу шараларында ашықтық жоқ.

Астаналық тағы бір кәсіпкер Данияр Оспановтың айтуынша, жоба шын мәнінде жұмыс істеп тұрған жоқ.

"Мен аукцион арқылы жеңіске жеттім. Сауда орынын пайдалану үшін қыруар қаржы жұмсадым. Орынды жалға алу мерзімі келісімшарт бекітілген күннен бастап есептеледі екен. Бірақ, нысанды электр энергиясына қосу секілді мәселелер шешілген жоқ қой. Оны реттеу үшін біршама уақыт керек. Мәселен, нысанды электр энергиясына қосу үшін үй тұрғындарының шамамен 80 пайызынан рұқсатын алу керек. Тұрғындардың бәрі кәсіпкерге рұқсатын бере ме, бермей ме, ол бөлек мәселе. Міне, дәл осылай шапқылап жүргенде бір жыл уақытым өте шықты. Демек, бір жылым зая кетті деген сөз. Ал мен осы уақыт аралығында тұрақты түрде сауда жасап, табыс табуым керек еді. Орынды жеті жылға жалға алдым. Оның бір жылы босқа өткені өкінішті", – деді Данияр Оспанов Астана қалалық  кәсіпкерлер палатасында өткен жиында.

Кәсіпкер жоба операторына сауда орындарын конкурсқа қоярда коммунальдық қызметтерден келісім алу мәселесін де қарастыруды ұсынып отыр.

"Бәлкім, заңға өзгеріс енгізу керек шығар. Әкімдікпен келісу керек пе, әйтеуір мәселені бір жақты еткен жөн. Кәсіпкердің қолында нақты нұсқаулық болуы шарт. Мәселен, кәсіпкер корпорациямен келісімшартқа отырды. Меніңше, нысанды электр энергиясына қосу мәселесі бір айдың ішінде шешілуге тиіс. Ол үшн кәсіпкер бес күн ішінде пәтер иелері кооперативіне барып, өтініш беруі керек. Қалған 25 күнде электр энергиясын тарту жұмыстарымен айналысады. Сондықтан "1000 орын – көше саудасы" жобасына түзетулер енгізу қажет деп есептеймін", – дейді Данияр Оспанов.

Сондай-ақ оның айтуынша, жер учаскелерін жалға алу мерзімі аяқталған соң, кәсіпкерге келісімшартты ұзарту мүмкіндігі берілуі керек. Өйткені, жалға берілген жеті жыл ішінде кәсіпкер нысанға қыруар қаржы жұмсайды, сауда орнының жарнамасымен айналысады.

"Сондықтан кәсіпкердің жалға алу мерзімі аяқталған соң, оны бірден жобадан алып тастауға болмайды. Оған келісімшартты ұзарту мүмкіндігі берілуі керек", – дейді Данияр Оспанов.

"Астана" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың сөзінше, бұдан былай сауда орындарына қатысты конкурстар ашық түрде жүргізілетін болады. Мәселен, алдағы қыркүйек айында болатын аукцион блокчейн платформасында өткізілмек.

"Бұл дегеніміз – электронды аукцион. Осылайша, біз адами факторды біржола шектейміз. Ал құжаттарды қабылдау шарасы "Smart Астана" қосымшасы арқылы өткізіледі. Бұл да адами факторды шектейді. Егер кәсіпкер өтінішті дұрыс толтырса, ол автоматты түрде жүйеге енгізіледі. Корпорация қызметкерлері аталған процеске ықпал ете алмайды", – дейді Нұрлан Жақыпов.

ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Жазира Жылқышиеваның пікірінше, ашықтық пен қоғам тарапынан бақылаудың болуы жобаға қатысты мәселелердің барлығын шешпек.

Нұрлан Жақыповтың сөзінше, "1000 орын – көше саудасы" жобасы бойынша жер учаскелерін жалға алу бағасы әлдеқайда арзан. Бұл ретте, ол жобаны Мәскеудің дәл осыған ұқсас бағдарламасымен салыстырды.

"Дәл осыған ұқсас жоба Мәскеуде де бар. Бірақ, ол жақта қала басшылығы павильондарды орнатып береді. Оларды электр энергиясына қосу да қала басшылығының құзырындағы шаруа. Тек содан кейін ғана аукцион өткізеді. Ал мұның ақшасын жалға беру төлемі арқылы шығарады. Мәскеудегі аукциондардың бастапқы бағасы бір шаршы метріне 80 доллардан басталады. Егер конкурсқа бірнеше адам қатысса, ай сайынғы төлем 300-400 долларды құрауы мүмкін. Егер дүңгіршек 10 шаршы метрді құраса, демек кәсіпкер айына 1 млн теңгеден астам қаржы жұмсайды. Ал бізде 10 шаршы метрге небары 18 мың теңге ғана төлейді", – дейді корпорацияның басқарма төрағасы.

Нұрлан Жақыповтың түсіндіруінше, "1000 орын – көше саудасы" жобасының талаптарына сәйкес, дүңгіршектің бір метрін жалға алу құны – 20 мың теңге. Келісімшарт 7 жылға жасалады.  

"20 мың теңге кәсіпкер үшін аса көп ақша емес. Бір шаршы метр үшін бір жылда 20 мың теңге төлеу тиімді деп ойлаймын. Жобаның ережесіне сәйкес, кәсіпкер павильонды өз қаражатына салады. Коммуникациялық жүйелерге де өзі қосады. Мұның бәрі ережеде жазылған. Сондықтан бізге ең алдымен құқықтық сауаттылықты арттырған дұрыс секілді. Бұл ретте, кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізуге дайынбыз", – дейді Нұрлан Жақыпов.

Оның айтуынша, "1000 орын – көше саудасы" – әлеуметтік жоба. Ол шағын және орта бизнес саласында қолжетімді орта қалыптастыруға бағытталған. Сондықтан, мұнда анау айтқандай кедергілер жоқ, деп есептейді басқарма төрағасы.

Астана қалалық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Дәурен Сатқанбаевтың сөзінше, бағдарлама әу баста құрылған уақытта сауда орынын инженерлік желілерге қосу мәселесі барлық коммуникациялық қызметтермен келісілуі керек болған.

"Келісімшартта нысанды инженерлік желілерге қосу кәсіпкердің мойынындағы шаруа екені айтылған. Алайда, инженерлік желілерге қосылу мен инженерлік желілерді қай жерден тартуға болатындығын анықтау екі бөлек дүние. Кәсіпкер аукционға қатысуға өтінім бермес бұрын қанша метр электр желісін тарту керектігін түсінуі керек. Яғни, бұл жұмыстарға қанша қаржы жұмсалатынын да есептеуі тиіс. Сондықтан, желілер тартылатын орын мен тиісті қызметтердің келісімін алу алдын-ала белгілі болуы керек. Сонда кәсіпкер де желіні қайдан тартамын деп бас қатырмайды. Әрбір жер учаскесіне қатысты ақпаратты осының бәрі ескерілуі қажет", – дейді Дәурен Сатқанбаев.

Палата өкілінің сөзінше, "1000 орын – көше саудасы" жобасының операторы "Астана" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы әрбір жер учаскесінен орташа есеппен алғанда 2-3 млн теңге пайда көреді. Демек, кәсіпкерлерге жағдай жасау корпорацияның негізгі міндеті болуы керек. Жергілікті тұрғындар мен кәсіпкер арасындағы дау-дамайдың орын алмауына да корпорация кепіл болуы қажет. Сол секілді әкімдік пен кәсіпкер арасындағы мәселені де корпорация реттеп отыруға тиіс.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу