"Қазақстан Орталық Азиядағы іскерлік туризмнің хабына айналады"

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
7822

Алдағы 5 жылда отандық туризмнің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 8%-ға жеткізу жоспарланып отыр. 

"Қазақстан Орталық Азиядағы іскерлік туризмнің хабына айналады"

"Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиев abctv.kz-ке эксклюзивті сұхбат берді.

– Қазақстан іскерлік туризмді ілгерілету үшін қандай қадамға барды?

– Елімізде іскерлік туризмге бейімделген инфрақұрылым қалыптасты. Бұған қоса 60-тан астам мемлекетпен визасыз қарым-қатынас орнатылды. Астана, Алматы қалалары шетелдік туристерге халықаралық стандартқа сай қызмет көрсетуге қол жеткізді. Мұның сыртында Алматы бүкіләлемдік туристік ұйымның қатарына "Жібек жолы бойындағы қала" деген мәртебемен қабылданды. Ал ЕХРО-2017 халықаралық көрмесі отандық туризмнің дамуына оң ықпал етті. Халықаралық көрме Қазақстанға әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған турист тартып, туризм саласынан түсетін табысымызды еселеді. Халықаралық көрме барысында біздің елдің туристерге қызмет көрсете алатыны айқындалды.

Қазақстан іскерлік туризмді дамыту үшін қарышты қадам жасады. Келесі жылы елорда да ITB-Eurasia атты халықаралық көрме ашылады. Аталмыш көрмені жыл сайын дәстүрлі түрде  ұйымдастыру жоспарланған. Біз осы шара арқылы әлемге Орталық Азияда бизнес пен туризмге тиімді алаң бар екенін көрсеткіміз келеді.

Мәлімет үшін айтайық, ITB – әлемге әйгілі бренд. Ол дүниежүзі бойынша көрме ұйымдастыру ісімен айналысады. Басты шараларын Берлинде өткізетін компанияның Шанхай мен Сингапурде өкілдіктері бар. Осыған дейін ITB компаниясы Берлинде - 50, Сингапурде - 10, Шанхайда - 2 халықаралық көрме өткізген.

Біз ITB компаниясымен бірлесіп, елімізге турист тартуды жоспарлап отырмыз. Түптің түбінде Қазақстан Орталық Азиядағы іскерлік туризмнің хабына айналады.

– Не себепті іскерлік туризмге басымдық беріп отырсыздар?

– Іскерлік туризм өте тиімді сегмент саналады. Себебі бизнес-туристен көп табыс түседі. Олар қоғамдық пікір қалыптастырады, түрлі салалардың өкілдерін жұмылдырып, инвестиция тартады. Бұған қоса бизнес-турист эко-турист пен этно-туристке ықпал етеді. Себебі бизнес-турист барған жерге туристердің соңғы екі тобы міндетті түрде қызығушылық танытады. Қазақстан бұқаралық туризмді дамытуға екпін түсірсе ұтылады. Бізге жоғары санатты демалыс түрін таңдайтын адамдарға қызмет көрсетуге бейімделген дұрыс.

– Іскерлік туризмді дамыту үшін не істеу керек?

– Ең әуелі әлемге әйгілі туроператорларға Қазақстан туралы ақпарат беру қажет. Яғни оларға "біздерде мынадай бар, мынадай бар" дегенді айту керек. Виза мәселесін шешіп қойдық, барлық бағытта әуе қатынасы бар деп қарап отырсақ, туризм саласының көші тоқтап қалады. Себебі шетелдіктердің басым бөлігі біздің елді дұрыс білмейді және туристік аймақ деп қарастырмайды. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін шетелде туризмнің тасын өрге домалатып отырған адамдармен байланыс орнату керек. Олар бізге шетел нарығын жаулауға көмектеседі.

Өзге елдердің азаматтары Қазақстанды мұнайлы мекен, аумағы үлкен ел деп қана біледі. Бізге осы түсінікті тереңдетіп,  туризммен де танымал бола алатынымызды дәлелдеу қажет.

Әлем экономикасының 70%-ын қызмет көрсету саласы ұстап тұр. Ал бізде бұл сала салыстырмалы түрде алатын болсақ, мүлде артта қалған. Бүгінгі таңда Өзбекстан өзін мәдени туризмнің ордасы ретінде танытуға талпынып жатыр. Ал біз іскерлік туризмге басымдық беріп отырмыз. Бұл ретте эко және этнотуризм де назардан тыс қалмайды. Бұл бағыттар да тиісінше дамиды.

– Жыл сайын Қазақстанға шамамен қанша турист келіп кетеді?

– Алысқа ұзамай, былтырғы көрсеткішке тоқталайық. Ресми статистиканың дерегінше, 2017 жылы Қазақстанға 6,5 млн турист келген. Шетелдіктердің  басым бөлігін еңбек мигранттары құраған. Олар Қазақстанды транзит арқылы басып өткен.

Тұрғылықты жерінде бір тәулік болмаған адам турист саналады. Қазақстан аумағы арқылы Ресейге өткен Өзбекстанның еңбек мигранттары біздің елде бір тәуліктен артық уақыт болатындықтан статистикалық есепте турист деп көрсетіледі. Шын мәнісінде олар турист емес. Өз-өзімізді алдамау үшін бізге статистикалық есеп жүргізудің дұрыс жүйесін ойлап табу керек.

Қазақстан туризмнің ішкі жалпы өнімдегі үлесін 8%-ға жеткізуді көздеп отыр. Қазір бұл көрсеткіш 1-1,5%-дан аспайды. Оның өзінде 1,5%-ды Алматы қаласы ғана еңсеріп тұр. Алдағы 5 жылда, яғни 2023 жылы туризмнің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 8%-ға жеткізу үшін біз қазіргіден екі есе қарқынмен ізденуге және қызмет көрсетуге тиіспіз. Орта есеппен алғанда бір бизнес-турист барлық қызмет түрі мен шопингті қоса алғанда күніне 300-500 доллар ақша жұмсайды. Мұндай туристер ел экономикасы үшін өте тиімді.

Туризм саласы бойынша әлемдік рейтингтің екінші сатысында тұрған Испания мемлекеті туризмді тоқыратпау үшін жыл сайын орталық бюджеттен 500 млн еуро бөледі. Каталония, Валенсия сияқты әкімшілік-аумақтық бірліктер туризмге жоғарыдағы сомадан бөлек қаржы құяды. Иә, Испания туризммен танылған ел. Табысын да туризмнен тауып отыр. Алайда олар туризмге инвестиция салуды назардан тыс қалдырмайды. Себебі туризм саласында бәсекелестік жоғары екенін жақсы біледі. Кішкентай Грузия туризм саласын алға жылжыту үшін жыл сайын 14 млн жұмсайды. Біз небары 1,5 млн бөлеміз.

 – Трансұлттық тур ұйымдастыру үдерісін жандандыруға қалай қарайсыз?

– Биыл наурыз айында Астанада өткен қазақ-өзбек туристік форумында жібек жолы бойындағы елдерге ортақ виза енгізу мәселесі күн тәртібіне қойылды. Ортақ виза Орталық Азия мемлекеттеріндегі туристік бағыттардың танымалдығын арттыру үшін қажет деген пікір айтылды. Нақтылай кетейін,  бұл жерде мультивиза жайлы сөз қозғалып тұрған жоқ. Мәселе бір елдің визасын екінші елдің мойындауында болып тұр. Мысалы Қазақстан аумағынан Өзбекстанға енген турист еш қиындық көрмеуі керек. Қазақстанның визасы оның ешкімге, ешқандай қауіп төндірмейтін турист екеніне кепіл болуға тиіс. Өзбекстаннан Қазақстанға келген туристерге де осы тәртіпті қолдану қажет. Алдағы уақытта Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерімен де ортақ виза бойынша келіссөз жүргізу жоспарланған.   Ортақ виза екі мемлекетке де тиімді болады. Мысалы Өзбекстанға келген турист Түркістанды көргісі келсе, 2 ақ сағатта біздің елде болады. Осындай мүмкіндікті неге пайдаланбасқа, неге туристерді жанама түрде болса да  қабылдамасқа?

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу