"Алаш туы астында..."

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
14719

Астанада Алашорданың 100 жылдығына арналған деректі фильм көрсетілді.

"Алаш туы астында..."

Ш. Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ "Ел" продюсерлік орталығымен бірлесіп, Алаш ұлт-азаттық қозғалысының тарихы туралы деректі фильм түсірді.

"Алаш туы астында..." деген атпен жарық көрген туындының таныстырылымына мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысып, пікір білдірді.

"... Алаш азаматтарының тарихи аз уақытта қазақ халқына сіңірген еңбегінің бағасы өлшеусіз.  "Алаш туы астында, күн сөнгенше сөнбейміз!" –  деп жырлаған Сұлтанмахмұт Торайғыровтың ізбасарлары күні бүгінге дейін Алаш аманатына адалдық танытып келеді...", – деді министр.

Айта кетейік, мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен түсірілген деректі фильмге белгілі тарихшы Мәмбет Қойгелді бас кеңесші, әдебиет сыншысы Тұрсынжан Шапай шығармашылық кеңесші болған. Деректі фильмде Ерген Тоқмурзин режиссердің, Мұстафа Өнер қоюшы оператордың, Бейбіт Ақош композитордың міндетін атқарған. Ал Болат Мүрсәлім сценарий  авторы болған.

Деректі фильмнің көрсетіліміне халық қалаулысы Азат Перуашев Алаш азаматтарын ардақтау бүгінгі буынның перзенттік парыздарының бірі екенін атап өтті.

"Осыдан 100 жыл бұрын алаш азаматтары өздерін құрбандыққа шалды. Олар мұндай жанқиярлыққа жарқын болашақ үшін барды", – деді депутат.

Түсіру тобы Алаш қайраткерлерінің ізімен Мәскеудегі Кремльде, Санкт-Петербургтегі Дума отырыстары өткен Таврия сарайында, Смольныйда, Қазан университетінде, мемлекеттік мәжіліс өткен Уфадағы бұрынғы "Сібір" қонақүйінде болған.

Естеріңізге салайық, 1918 жылы қыркүйекте Ресейдің Уфа қаласында мемлекеттік мәжіліс өтті. Оған Ресейдің сол кездегі большевизмге қарсы барлық саяси күштері қатысты. Осы жиында Алаш қайраткерлері ұлт-азаттық күрес мүддесін қорғаудың жарқын үлгісін көрсетті. Биыл осы оқиғаның болғанына 100 жыл толды.

"Бұл – деректі фильм Алашорданың жүз жылдығына арналғандықтан, бір ғасырдан кейінгі тарихты қорыту, салмақтау, Алаш қайраткерлері қазақ халқына қандай ұран қалдырды тағы бір ой елегінен өткізу, – деді сценарий авторы Болат Мүрсәлім.

Біле жүріңіздер, "Алаш туы астында" деректі фильмі 3 бөлімнен тұрады. "Оян, қазақ!" атты алғашқы бөлімде Алаш қозғалысының қалыптасу кезеңі, жәдидтік ағым мен батыс мәдениетінің ықпалы, қазақ баспасөзінің бастау бұлағы, Дума жұмысына араласу, 1916 жылғы көтеріліске көзқарас сынды мәселелер қамтылады.

Екінші бөлім "Жарияланбаған автономия" деп аталады. Мұнда 1917-1920 жылдардағы Алашорда үкіметінің қызметі көрсетіледі. Алаш қайраткерлері неге тәуелсіздікті емес, автономияны таңдады? Алаш әскері қалай жасақталды? Алаш автономиясы жарияланды ма, жоқ па? Ә.Бөкейхан мен М.Шоқай Уфадағы мемлекеттік мәжілісте ұлт-азаттық күрес мүддесін қалай қорғады деген сұрақтарға жауап ізделеді.

"Қатерлі өткел" деп аталатын үшінші бөлім – 1920 жылғы қазақ шекарасын анықтаумен басталатын Алаш қайраткерлерінің Кеңестік дәуірдегі күресіне арналған. Бұл бөлімде Голощекиннің қырғыны, Сталиндік репрессия жылдарындағы Алаш тағдыры нақты деректермен дәйектеледі.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу