"Астана келіссөзден пайда көздеп отырған жоқ"

Куралай Абылгазина Куралай Абылгазина
10091

Сирия мәселесіне арналған Астанадағы жиыннан 389 шетелдік және 120 отандық БАҚ хабар таратады.

"Астана келіссөзден пайда көздеп отырған жоқ" Фото: Мария Матвиенко

Сирияның қазіргі үкіметінің және қарулы оппозицияның делегациясы, сондай-ақ кездесуге бастама білдірген елдер – Ресей, Түркия және Иран өкілдері Астанаға жетті және келіссөзді бастауға дайындалып жатыр. Кездесу жабық тәртіпте өтетіні расталды, оның үлгісі келіссөздің басына қарай анықталады. Астанадағы келіссөз – Дамаск делегациясы мен опозицияның Женевадағы кездесуіне дайындық кезеңі.

Сирияның қарулы оппозициясының өкілдері делегация басшысын тағайындаған жоқ және әр топ өзін-өзі таныстырады деп баса айтты сыртқы істер вице-министрі Роман Василенко. Жалпы келіссөзге Сирияның 15 оппозициялық тобы қатысады. Олардың барлығы Ресей мен Түркияның жәрдемімен желтоқсан айының соңында атысты тоқтату тәртібін қолдады.

"Олар өз-өзін таныстырады және өз ұстанымын үйлестіреді. Қазір үстелге кім, қалай отырады және кім-кімге қарсы отырады деген сынды мәселелер талқыланып жатыр. Барлығы келіссөз басталған кезде белгілі болар деп ойлаймын. Біз келіссөз барынша нәтижелі өтуі үшін қолымыздан келгеннен аянбаймыз", – дейді Роман Василенко.

Одан бөлек Роман мырза қажет болған жағдайда бұдан кейін келіссөз жүргізу үшін Қазақстан өз алаңын ұсынуға әзір екенін баса айтты. Бұл кездесуде республикамыз тек қабылдаушы тарап екенін және қосымша кездесу үшін алаң таңдау шешімін қабылдай алмайтынын нақтылады.

"Біз оны Женевадағы келіссөз үдерісінің баламасы ретінде қарастырмаймыз, керісінше, оның қосымша кезеңінің бірі деп санаймыз", – деп Роман Василенко министрліктің көқарасын білдірді.

Астана, бірінші кезекте, Сириядағы соғысты тоқтатуға көмектескісі келетінін және содан кейін ғана әлемдік саясаттағы өз ұстанымын нығайтпақ екенін қадап айтты.

"Біз мұнда пайда көздеп отырғанымыз жоқ. Бұл біздің мәртебеміздің нығаюына септігін тигізеді деп ойлаймыз, алайда бұл біз үшін басты мақсат емес. Баршаға мәлім Қазақстан – осы жылдың қаңтарынан бастап БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі және екі жылдан бері осы маңызды саяси органның құрамында жұмыс істейміз. Астанадағы келіссөздің қорытындысы біздің БҰҰ қауіпсіздік кеңесіндегі жұмысымызда көрініс береді деп күтеміз. Кепілдеме берген елдердің өтінішімен осы келіссөзді ұйымдастыруымыздың басты себебі де сол, біз Сирия жеріндегі соғысты тоқтатуға көмек қолын созғымыз келеді", – дейді Роман Василенко.

Бүгін Астанада Сирия үкіметі мен оппозициясының арасында келіссөз өтеді, оған Ресей, Түркия және Иран кепілдік беріп отыр. Келіссөз жергілікті уақытпен сағат 13:00-де Rixos мейманханасында басталады. Қазақстанның және шетелдік БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз орталығы оларға қарама-қарсы орналасқан. Келіссөз жабық тәртіпте өтеді және алдын-ала болжам бойынша бір тәулікке созылады. Жиынның басты мақсаты – 2016 жылдың 29 желтоқсанында Сирия жерінде атысты тоқтату туралы келісімді бекіту болуы тиіс.

Интерфакс-Қазақстанның хабарламасы бойынша, жексенбі күні бес жарым сағаттан астам уақытқа созылған Ресей, Түркия және Иран делегацияларының үшжақты кездесуі өтті.

Келіссөз мүшелері:

Ресей делегациясының басшысы – РФ президентінің Сирия бойынша арнайы өкілі Александр Лаврентьев.

Сирия үкіметі делегациясының басшысы – БҰҰ-дағы Сирияның тұрақты өкілі Башар Аль Джафари.

АҚШ – Қазақстандағы АҚШ елшісі Джордж Крол.

Түркия делегациясының басшысы – сыртқы істер министрінің орынбасары Седат Онал.

Иран делегациясының басшысы – сыртқы істер министрінің орынбасары Садек Хусейн Джабири Ансари.

Сирияның қарулы оппозициясы – 15 топ.

Сирия оппозициясы делегациясының кеңесшісі – Яхья аль-Ариди.

БҰҰ – Сирия мәселесі бойынша БҰҰ-ның арнайы елшісі Стаффан де Мистура. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу