"Ауыл тұрғындарының несие портфеліндегі үлесі 10 пайыздан аспайды"

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
2482

Ауылға қандай маман қажет екенін Астанадағы атқамінерлер емес, жергілікті жердегі басшылар біледі.

"Ауыл тұрғындарының несие портфеліндегі үлесі 10 пайыздан аспайды"

Алматыда  отандық сарапшылар мен агросектор өкілдері  "Азық түлік қауіпсіздігі, отандық  ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілік деңгейін көтерудегі мемлекеттің рөлі" деген тақырыпта өткен форумда бас қосты.

Модератор-сарапшы Жарас Ахметовтың cөзінше, ІЖӨ-дегі  агросектордың үлесі жыл өткен сайын төмендеп келеді.

"Агросекторға қатысты мәселелерді кешенді түрде шешу керек. Бұл мәселе мемлекеттің дамыту стратегиясының құрамдас бөлігіне айналуы тиіс. Агросекторды кешенді түрде дамытудан бас тартудың түбі жақсылыққа апармайды, бұл тарихтан белгілі",   деді ол.

1993-2010 жылдары үкіметтің экономикалық блогына қарасты министрліктердің бірінде жауапты қызметте болған Шәміл Дәуренов үкіметтік деңгейде қолға алған бастамаларды аяғына дейін жеткізуге жауапты тұлғалардың құлықсыздық танытқан кездері көп болған. Мысалы, 2000 жылдары ауыл шаруашылығы саласына  тамшылатып суару жүйесін енгізу мәселесі көтерілген. Тиісті қаржы да бөлінген. Арада уақыт өткен кезде бұл жүйенің тиімсіз екені айтылған.  

"Сол кезде тамшылатып суару  жүйесін бізбен бірге  Өзбекстан да қолға алған болатын. Кейін жұмыс бабымен  Өзбекстанға талай бардым. Олар бізбен бірдей бастаған бизнес-жобасының қызығын көріп отырды", деді Шәміл Дәуренов.     

2017 жылдың қорытындысы тілге тиек етілгенде сарапшылар бұл жылдың ауылды дамытуға айтарлықтай өзгеріс әкелмегенін айтты.

"Ауылды көтеру туралы әңгіме мемлекеттік деңгейде 1994 жылдан бері қозғалып жүр. Бар болғаны осы. Өткенде ауылға бардым,  1994 жылдан бері ештеңе өзгермепті. Ауылда саны көп, сапасы жоқ жеке шаруа қожалықтары бар, бұдан басқа ешнәрсе жоқ", деді Жарас Ахметов.

Сөз арасында ол ауыл шаруашылығы кооперативтерін қайта жаңғырту  мәселесінің мемлекеттік деңгейде көтеріліп жатқанын айтты.

"Билік "ауыл шаруашылығы коперативтері ауылды дамытудың драйверіне айналу керек" дейді. Бірақ осының нақты механизмі белгісіз. Ауыл  шаруашылығы коперативі өткенге оралу десек, баяғы колхоз, совхозға қайта келу керек болады. Бұл дәл қазір мүмкін емес жағдай. Өйткені қазір кез келген секторда мемлекеттің қатысуын азайту жүзеге асырылып жатыр",  деді Жарас Ахметов.

Кәсіпкер Әділхан Нұржан ауыл шаруашылығын кооператив жүйесіне көшіру ұсақ ойыншылардың бірігуіне, сөйтіп олардың үлкен күшке айналуына ұйытқы болатынын баяндады.

"Бұл жүйе осыдан біраз бұрын ДСҰ немесе ЕАЭО -ға мүше болмай тұрғанда қабылданғанда әлдеқайда тиімді болар еді", деді кәсіпкер.

Оның ойынша, биотехнологияның мүмкіндіктерін ауылға апаруға мемлекеттің мүмкіндігі жетеді. Бірақ оны ары қарай алып кететін маман жоқ.  Кәсіпкер-инвестор Асқар Елемесовтың пікірінше, бізге ауыл шаруашылығы саласын қаржыландырудың жаңа жүйесі қажет.

"Субсидия жүйесі ауылдың көшін алға жылжыта алмады. Бүгінде ауыл тұрғындарының несие портфеліндегі үлесі 10 пайыздан аспайды. Бұрын КСРО кезінде  агросектор дотациямен жұмыс істеді. Дотация шығынға батты  деп КСРО одан бас тартқан жоқ. Қаржыландырудың  жаңа жүйесін ойлап тапты. Әрбір колхоз бен совхоздың табысының бір пайызын арнайы қорда сақтап, оны ауылды дамытуға жұмсады.  Мүмкін бізге сақтандыру компанияларының жұмысын агросектордың табиғатына бейімдеп, сақтандыру компанияларының жұмысын ауылға бағыттаудың механизмін қарастыру қажет шығар", деді  кәсіпкер.

Әділхан  Нұржанов  азық-түлік өнімдерін өндірумен айналысатын ірі шаруашылықтар жанынан арнайы оқу орталықтарын ашатын  кез келгенін айтты. Себебі ауылға қандай маман қажет екенін Астанадағы атқамінерлер емес, жергілікті жердегі басшылар біледі.

"Білім және ғылым министрлігі  ірі шаруашылықтардың  жанынан қысқа мерзімде маман даярлау мәселесін қолға алуы керек. Біздіңше мамандарды Астана, Алматы қалаларында  4 жыл оқытудың қажеті жоқ. Оларды  3-5 айда жергілікті жердегі оқу орталықтарында даярлауға болады",   деді  кәсіпкер.

Гүлбаршын Сабаева 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу