"Баспана Хит" 7,25%-ға дейін арзандауы мүмкін

10969

Басында баспанасы барлар да алда жеті пайыздық ипотека алуы ықтимал.

"Баспана Хит" 7,25%-ға дейін арзандауы мүмкін

Мұны Ұлттық банк жанынан құрылған "Баспана" ипотекалық ұйымының басшысы Қайрат Алтынбеков хабарлады.

– Сарапшылар жұрт жеті пайыздық жеңілдетілген ипотеканы ала алмай жатқанда, 12 пайыздық ипотекаға көп қызығушылық болмайды деген болжам айтады. Бұған қалай қарайсыз?

– Біз "7-20-25"-тен өзгешелеу бұл бағдарламамызға "Баспана Хит" деген елең еткізетін, есте тез сақталатын, әрі құлаққа жағымды атау бергенбіз. Енді ол расымен де хитке айналатын түрі бар. "Баспана" ипотекалық ұйымының Call-орталығы азаматтардан күн сайын жүздеген қоңырау қабылдайды. Әлеуметтік желілер және сайттағы кері байланыс түрі арқылы да келіп түсіп жатқан сұрақтар легі толастар емес. Біз жылжымайтын мүлікке коммерциялық мақсатта, не жеке баспана жағдайын жақсарту үшін қол жеткізгісі келетін қазақстандықтарға мемлекет ұсынып отырған ипотекалық бағдарламалардың қайсысын таңдау бойынша бағдар беріп, жөн көрсетуге тырысудамыз. 

– Жұрттың ықыласы бәрібір елбасының өзі айтып жүрген "7-20-25"-ке ауады ғой. Оның тасасында қала бермеу үшін "хиттеріңізде" нендей қосымша игілік көзделеді?

– Ұлттық банк басқармасының 2018 жылғы 31 мамырдағы №107 қаулысымен бекітілген "7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру" атты ипотекалық тұрғын үйді несиелендіру бағдарламасында нақты айтылғандай, оның аясында азаматтар тек "бастапқы тұрғын үйді", яғни құрылыс салушының өзі не оның тұрғын үйін өткізетін басқа заңды тұлғалары сататын, жеке меншік құқығы алғаш рет тіркелетін жылжымайтын мүлікті ғана иеленуге болады.

Ал "Баспана Хит" аясында жаңа да, ескі үй де жарайды. Иә, дәл осылай. "Баспана Хит" жаңадан салынған үйді де, қолданыста болған, ертеде салынған үйді де ипотекалық несиеге алуға мүмкіндік береді.

Рас, егер сіз пәтерді жаңа тұрғын үй кешенінен не бастапқы нарықтан сатып алғыңыз келсе және басыңызда тіркелген басқа үй болмаса, онда дұрысы "7-20-25" бағдарламасына назар аударуға кеңес берер едім. Өйткені қанша дегенмен, оның аясында 7 пайыздық жеңіл ипотека алуға болады.

Алайда егер өз атыңызда үй болса, онда сіз "7-20-25"-ке қатыса алмайсыз. "Баспана Хит" бағдарламасы болса, сізден үйіңіздің болмауын талап етпейді. Тіпті меншігіңізде қанша пәтер болса да, жаңа үйге де, бұрын салынған тұрғын үйге де ол бойынша ипотека ала бересіз.

Тек "Баспана Хиттың" жалғыз ғана шектеуі бар: өз атыңызда өтелмеген басқа ипотекалық кредитіңіз болмауы тиіс!

– Алдында айтылған 12 пайыздық ставка ары қарай да сақтала бере ме? Әлде арзандай ма?

– Қазір 12 емес, 11 пайыз. Және осы мөлшерлемемен қазір бекітсе, клиент үшін пайыз үстемесі ары қарай өзгеріссіз, 11 пайыз болып қалады.

Бірақ бір жайтты ескерте кеткен жөн. Қазір "Баспана Хит" бағдарламасының номиналды үстемесі жылына 11%-ды құрайтынын айттым. Бұл үстеме ойдан шығарылмайды, ол тікелей ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіне байланысты. Қаржылық реттеуші бекіткен базалық мөлшерлеме алынады да, оған 1,75 пайыз қосылады. Бүгінгі күні ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі 9,25%-ды құрайтыны белгілі (бұл көрсеткіш ҰБ сайтында ұдайы жарияланады). Демек, соған 1,75%-ды қосамыз да, 11% мөлшеріндегі қорытынды үстемені аламыз.

Яғни, егер ертең ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі 6 пайызға дейін түссе, "Баспана Хиттың" жылдық пайызы 7,25%-ға дейін арзандайды!

Осы орайда мынадай сұрақ туады: егер азаматтар "Баспана Хит" бойынша кредит алып қойғаннан кейін оны өтеу барысында, әлдебір жылы базалық мөлшерлеме арзандаса, ипотека да арзандай ма? Жоқ, шарт жасалған кезде қандай мөлшерлеме көрсетілсе, сол мөлшерлеме ипотека төленіп біткенше өзгермейді. Тиісінше, базалық мөлшерлеме көтерілсе, ипотека онымен бірге қымбаттамайды.

– "Баспана Хитке" банктердің қызығушылығы қандай?

– Бүгінде біз "Баспана Хит" бағдарламасы бойынша екінші деңгейлі бес банкпен қосымша келісімге отырдық. Олар "Цеснабанк", "Халық банк", "Банк ЦентрКредит", "BankRBK" және "Еуразиялық банк". Жуырда тағы екі банк қосылады деп отырмыз. Осылайша Қазақстанның 7 ірі банкі қазақстандықтарға "Баспана Хит" бағдарламасы бойынша 11 пайыздық ипотека беруге дайын.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу