"Бизнеске қисынсыз талап қою сыбайлас жемқорлыққа итермелейді"

3120

Ветеринарлық және санитарлық бақылау саласында орын алған сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс санының көбейгені байқалады.

"Бизнеске қисынсыз талап қою сыбайлас жемқорлыққа итермелейді"

Ветеринарлық және санитарлық бақылау органдарының тарапынан қойылатын шамадан тыс талап кәсіпкерлерді мәселені заң аясынан тыс әдіспен шешуге итермелеп отыр. "Атамекен" кәсіпкерлер ұлттық палатасы өткізген талдау нәтижесінде бұл салада сыбайлас жемқорлықтың туындауына бірқатар фактор әсер ететіні анықталды.

Біріншіден аталмыш салада үзік-үзік заңнамалық нормалар саны  айтарлықтай көп, бұлар мемлекеттік қызметшілерге рәсімдерді субъективтік ой қорытулары негізінде жүргізуге мүмкіндік береді деп мәлімдеді мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде (МҚІ СЖҚІА) өткен отырыста "Атамекен" КҰП басқарма төрағасының орынбасары Рүстем Жүрсінов.

Ол қолданыстағы ветеринарлық және фитосанитарлық сертификат беру регламенті де сыбайлас жемқорлыққа жол ашатынын баса айтты.

"Ветеринарлық сертификат үш жұмыс күні ішінде, ал фитосанитарлық сертификат бес күннің ішінде беріледі. Ең көп уақыт алатыны – мемлекеттік ветеринарлық инспектордың ауыстырылатын нысанды қарап тексеруі, сондай-ақ көлік құралының ветеринарлық-санитарлық жағдайын бағалауға екі жұмыс күні беріледі. Мұндай тексеруді екі күн бойы жүргізудің не қажеттілігі бар? Тез бүлінетін тауары бар кәсіпкер бұл мәселені өзінше шешетіні түсінікті. Оның басқа амалы қалмайды", – деді Рүстем Жүрсінов.

Аталған жағдайда сақтау мерзімі 12 күннен аспайтын тоңазытылған етке байланысты мысал бұл нормативтердің кемшілігін тайға таңба басқандай көрсетеді. Нормативтік реттеуге сәйкес бұл өнімге ветеринарлық сертификат алу үшін 10 күн уақыт кетеді.

"10 күн бойы құжат реттеп жүрсе, бұл өнім тоңазытылған ретінде емес, мұздатылған ет ретінде өткізілетіні айқын. Бұл кәсіпкердің табатын табысына тікелей әсер етеді. Жануар өнімін экспорттау, импорттау және тасымалдауға рұқсат алуға өтініш 30 жұмыс күні ішінде қаралады. Біздің ойымызша, мұндай іс жарамайды", – деді Рүстем Жүрсінов.

Шалғайдағы аудандарда ветеринарлық зертханалардың болмауы да сыбайлас жемқорлық қылмысының орын алуына негіз береді деген ойда ұлттық палатадағылар. Кәсіпкерлер тауарын тек облыс орталықтарында ғана сараптамадан өткізе алады, ал өнімді өткізу орны, әдетте одан бірнеше есе алыс орналасады.

Оның үстіне іс жүзінде Қазақстанда тек мемлекеттік зертханалар ғана ветеринарлық сараптама жүргізе алады. Жекеменшік құрылымдар бұл қызметке араласады деген теория ғана. Іс жүзінде ұйымдастыру шарттары бұған  жол бермейді. "Бұл мәселеде мүмкіндігіміз неге тар? Қызметтің аталған түрін импорт секілді аутсорсингқа неге тапсырмаймыз? Импорт бойынша бұған жол берілген, ал экспорт бойынша бір ғана жол. Мемлекеттік саясат экспортқа барынша қолдау көрсетуге тиіс", – деп баса айтты КҰП басқарма төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар Рүстем Жүрсінов бүгінгі таңда ветеринарлық қадағалау тәуекелдерді басқару жүйесіне негізделгеніне, осыған сәйкес прокуратура органдарында тіркелмейтініне назар аударды. Бұл мәселені түрбегейлі өзгерту керек деп есептейді ол.

Ал санитарлық бақылау саласында сонау кеңес заманынан бері келе жатқан санитарлық нормалар мен ережелерді тексеріп шығу қажет екенін айтты.

Одан бөлек кәсіпкерлер палатасы тұтынушылар құқығын қорғауға шақырды. "Бұл мәселеде тепе-теңдік болғаны дұрыс. Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетін осыған назар аударуға шақырғым келеді. Егер қажеттілік болса, қаржыландырып, ұйымдасып қолдау көрсету керек. Мемлекет тарапынан бақылау азайса, жұртшылық тарапынан болу керек. Осы мәселеде сыбайлас жемқорлықтан нақты бақылауға көшу керек", – деп сөзін түйіндеді "Атамекен" КҰП басқарма төрағасының орынбасары.

Өз кезегінде мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев  ветеринарлық және санитарлық бақылау саласында сыбайлас жемқорлық схемаларының жиі кездесетінін баса айтты.

"Бұл салаларда сыбайлас жемқорлық қылмысын жасауға итермелейтін негізгі фактор – мемлекеттік органдардың орындауға келмейтін талаптары", – деп түсіндірді мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік басшысының орынбасары.

Қадағалау саласының екеуінде де сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс санының көбейгені байқалады. 2016 жылы ветеринарлық бақылау саласында 31 жемқорлық қылмыс тіркелсе, биылғы жылдың бірінші жарты жылының өзінде 27 жемқорлық қылмыс анықталған.

Санитарлық қадағалау саласында 2016 жылы 12 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген, ал 2017 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша 14 факті әшкереленген. Бұл істердің басым бөлігі ақша бопсалаумен байланысты болған.

Әйгерім Сүлейменова, Динара Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу