"Бизнестің мүддесі мемлекеттің мүддесіне айналуы керек"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
6182

"Атамекен" КҰП бизнес саласында бірқатар жаңашылдықты жүзеге асыруды жоспарлап отыр.  

"Бизнестің мүддесі мемлекеттің мүддесіне айналуы керек"

Бизнесті қорғауға арналған "Кәсіпкерлік саласындағы прокуратура қадағалауы" атты ІІ форумда "Атамекен" КҰП пен Бас прокуратура 2018 жылға арналған жол картасын бекітті. 6 бөлімнен және 64 нақты іс-шарадан тұратын құжаттағы басымдықтар туралы ұлттық палатаның басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов айтып берді.

"Қазіргі таңда әкімшілік заңнаманы ізгілендіруге бағытталған және бизнеске түсетін әкімшілік ауыртпалықты мейлінше азайтуды қарастыратын заң жобасы сенаттың қарауында жатыр. Екі жыл бойы аталған заң жобасына қатысты жұмыс жүргізілді. Оған кәсіпкерлердің заң алдындағы жауапкершілігін жеңілдету және осыған қатысты институт енгізу, әкімшілік айыппұлды 30%-ға дейін азайту, Қылмыстық кодекстің 300-ден астам құрамы бойынша бизнеске айыппұлды 50% жеңілдікпен төлеу мүмкіндігін ұсыну, ескертуді қолдану институтын кеңейту секілді жаңашылдықтар енгізілген", – деді Рустам Жүрсінов.

Оның айтуынша, әкімшілік заңнаманы ізгілендіруге бағытталған заң жобасын қабылдау бизнес саласындағы ахуалды жақсартып, кәсіпкерлердің белсенділігін арттырмақ.

"Мемлекеттің бизнесті қолдау бойынша қабылдап жатқан шаралары мен бақылау-қадағалау қызметтерін жоспарлы түрде азайтуына қарамастан, әкімшілік жауапкершілікке тартылатын кәсіпкерлер саны ұлғайып отыр. 2015 жылдың 6 айында 126 мың кәсіпкер жауапкершілікке тартылса, 2016 жылдың 6 айында бұл көрсеткіш 160 мыңды құрады. Ал осы жылдың 6 айында жауапкершілікке тартылғандар саны 200 мыңға жетті", – деді спикер.

Рустам Жүрсінов ұлттық палатаның заңнаманы ізгілендіруге қатысты бастамасын президент әкімшілігі қолдағанын атап өтті.

"Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексті қалай ізгілендіру керек?  Кодексте мынадай мәселелер бар. Біріншіден, бап саны өте көп. Оларды азаматтық-құқықтық негізге айналдыру керек немесе кінәлілерді тәртіптік формада жазалау қажет. Екіншіден, формальды бап құрамы көп. Үшіншіден, тәркілеу белгілі бір әдіссіз жүргізіледі. Төртіншіден, кодекс құрамында құқық бұзудың нақты тізбесі жоқ. Мәселен, санитарлық, гигиеналық нормаларда, техникалық регламенттерде мыңдаған талап бар. Осының бәрін бір ғана бап бойынша жазалауға болады. Біз кодекстегі осындай басы артық дүниелерді алып тастау бойынша жұмыс жүргізетін боламыз", – деді Рустам Жүрсінов.

Сондай-ақ ол лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін күшейтуге ерекше назар аудару керек деп есептейді. Өйткені бизнеске зиян келтірген шенеуніктер өз қателіктері үшін көп жағдайда жауапкершілікке тартылмайды.

Мәселен ұлттық палатаға 20 мың өтініш түскен. Оның 8 мыңы расталды. Прокуратура экономика саласында 23 758 заң бұзушылықты анықтаған. Қадағалау актілері бойынша 3 597 заңсыз акт алынып тасталып, өзгертілді. 2016 жылы лауазымды тұлғалардың әрекетіне қатысты 44 920 шағым түскен, алайда тәртіптік жауапкершілікке небары 17 шенеунік тартылған. Әкімшілік жауапкершіліктің құрығы 15 адамға ғана тиген. Ал 2017 жылдың бірінші жартысында 18 077 шағым түссе, тәртіптік жауапкершілік арқалаған мемлекеттік қызметшінің саны 6-ақ адам болған. Сондай-ақ 20 қызметші әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қылмыстық кодекс бойынша кәсіпкерлердің құқығын бұзуға қатысы бар 68 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. 2017 жылдың бірінші жартысында ҚР ҚК 365 ("Заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау") және 370 ("Қызметтегі әрекетсіздік") баптары бойынша 5 лауазымды тұлға сотталған.

"Шағымдар мен жазаға тартылған лауазымды тұлғалардың арасындағы теңгерімсіздікті жою керек. Бұдан бөлек бизнес пен мемлекет арасындағы дауға қолданылатын сот тәжірибесіне талдау қажет. Себебі көп жағдайда шешім мемлекеттің пайдасына шешіледі. Тек 20-30%-да ғана бизнес жеңіп шығады. Әсіресе мемлекет салық және басқа да төлемдер бойынша бизнесті үнемі шығынға батырады. Мәселен салық органдарының қызметімен келіспеу бойынша кәсіпкерлердің соттағы талабын қанағаттандыру көрсеткіші тым төмен. Бұл көрсеткіш 2015 жылы 30%-ды (805 өтініштің 243-і қанағаттандырылды), 2016 жылы 22%-ды (1355 өтініштің 304-і қанағаттандырылды) құрады", – деді Рустам Жүрсінов.

Спикер бизнесті реттеуді алып тастау және шығынды азайту бағытында ауқымды жұмыс жүргізілгенін атап өтті.

"Бұл шаралар мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау қызметтерін азайту және тексерушілердің санын қысқарту бағытындағы жұмыстың басы болып табылады. Статистикалық деректер кейбір органдарда бақылау ауыртпалығы әлі де жоғары екенін көрсетіп отыр. Жекелеген мемлекеттік органдар өздерінің ведомствоға бағынышты ұйымдарының – республикалық мемлекеттік кәсіпорын, ақционерлік қоғам, жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен институттардың көмегімен, оларға мониторинг, зерттеу және талдау жасау қызметтерін беру арқылы бақылау жүргізгілері келеді. Жалпы алғанда тексеру тәуекелді басқару жүйесіне ыңғайластырылған, тексеру нысандары автоматты түрде берілетіндей етіп жасалуы керек", – деді Рустам Жүрсінов.

Басқарма төрағасы орынбасарының сөзінше, "Атамекен" КҰП 570 салалық мәселені анықтаған. Оның 362-сі шешімін тапса, 58 мәселе әне-міне шешілгелі тұр, ал 150-ін мемлекеттік органдар өкілдері қарап жатыр.

Оның айтуынша, ең көп мәселе құрылыс пен сәулет саласында анықталған – 53 немесе 10,3%. Одан кейінгі орындарда көлік және логистика (51 немесе 10%), медицина және фармацевтика (40 немесе 8%) салалары тұр.

Рустам Жүрсіновтің сөзінше, бизнестің мүддесі мемлекеттің мүддесіне айналуы керек. Бас прокуратурамен бірлескен жұмыста көзделген негізгі мақсат осы.

"Елбасы отандық арбитражды халықаралық үздік стандарттар негізінде дамыту керектігін айтқан болатын. Арбитраж жұмысы соттардың жұмысын жеңілдетіп, әділ сот мәртебесін көтермек. Бұл ретте "Арбитраж туралы" заңды және жеке тұлғалар мен квазимемлекеттік кәсіпорындар арасындағы дауларды қарастыру үшін өкілетті орган келісімі керек. Келісімді алу өте қиын әрі қағазбастылықты талап ететін күрделі процеске айналды. "Арбитраж туралы" заң күшіне енгелі бері бір жарым жыл өтті. Осыған дейін өкілетті орган арбитражды келісім жасауға бір ғана рұқсат жасады", – деді ол.

Сонымен қатар ол "Кәсіпкердің этика кодексін" дайындау ұсынылып отырғанын тілге тиек етті. Бұл бизнес субъектілерінің моральдық, танымдық және этика қағидаларын реттейтін ережелер жүйесі болмақ.

"Мемлекет бизнеске қолайлы жағдай жасауға айтарлықтай күш салып отыр. Өз кезегінде кәсіпкерлер де қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті сезініп, салық төлеп, заң бұзушылыққа, сыбайлас жемқорлық пен "көлеңкелі" бизнеске қарсы тұруы қажет. Кодексті қабылдау қоғамның түсінігін арттырып, адал бәсекелестіктің дамуына, кәсіпкерлік рухты көтеруге бағытталуға тиіс", – деді Рустам Жүрсінов.

Сондай-ақ "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы құқықтық және нормативті жүйені цифрландыруды ұсынып отыр.

Форумда баяндама жасаған Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов 2016 жылы "Атамекен" палатасы мен Бас прокуратура бекіткен жол картасында көзделген шараларды атқарудың нәтижесінде экономикалық  қылмыстарды тіркеу ережелерінің өзгергенін, тиісінше осы санаттағы қылмыс санының төмендегенін (осыған дейін бір айда экономикалық қылмыстар бойынша 800 іс тіркелсе, қазір 200-ден аспайды), сонымен қатар жалған кәсіпкерлікті қылмыс деп танымау және қылмыстық процесті жаңғырту қолға алынғанын атап өтті. 

"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын депутаттар мақұлдады. Осы орайда заңның айрықша новеллаларына тоқталып өтуді жөн көріп отырмын. Олардың қатарында соттың санкциясынсыз тұлғаларды ұстау мерзімінің қысқаруы, экономикалық қылмыстар бойынша қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану негіздерінің азаюы, адвокаттардың өтінішхат енгізу мен дәлелдемелерді жинауда уәкілеттіліктерінің кеңейтілуі, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің біріңғай тізіміне залал мен тексеру актілері болмағанда және айқын азаматтық-құқықтық даулар материалдарын тіркеудің шектелуі секілді жаңашылдықтар бар", – деді Марат Ахметжанов.

Бас прокурордың орынбасары бақылаушы, қадағалаушы мемлекеттік органдарды тексеру қорытындысы бойынша (132 мемлекеттік бақылау саласының 30-ы қысқартылды) артық функциялар мен талаптар 58%-ға азайғанын (30 497-ден 12 843-ке дейін), тексерулердің электронды тіркелуі жолға қойылып, әзірленгенін атап өтті. Тек қана санитарлық-эпидемиологиялық қызмет пен төтенше жағдайлар саласы бойынша талаптардың өзі 80%-ға қысқарды (14,8 мыңнан 2,5 мыңға дейін).

"Прокуратура органдары өз бастамасымен кәсіпкерлерді тексеруден бас тартты. 2016 жылы 949 тексеру жүргізілді. Бұдан былай тексерулер қатаң түрде ҚР президенті және Бас прокуратура тапсырмасымен атқарылады. Сонымен қатар мұндай тапсырманы бере алатын өкілетті прокурорлар саны да қысқарды. 2016 жылы прокурорлардың тапсырмасымен 3682 тексеру жүргізілді. Бұған дейін тапсырманы 683 прокурор берсе, енді мұндай құқыққа 68 прокурор ғана ие болады", – деді Марат Ахметжанов.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу