"ByrnoeSolar" болашаққа бағдар жасайды

Маржан Кәрімжанқызы Маржан Кәрімжанқызы
3098

Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында 2020 жылға дейін Жамбыл облысында жалпы құны 581,7 миллиард теңгенің 27 инвестициялық жобасы жүзеге асырылады деп жоспарланған.  

"ByrnoeSolar" болашаққа бағдар жасайды

Облыстың Жуалы ауданына қарасты 150 гектар аумағында 1,5 шаршы метрлік 192 мың күн панелі орналастырылған. Ол индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында ел игілігіне берілген – "ByrnoeSolar-1"  жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырған күн электр стансасы. 

Орта Азиядағы ең ірі стансаның бірі саналатын бұл жобаның құны 23 миллиард 650,4 миллион теңге. Мұнда жылына 73,18 миллион кВт/сағатқа тең электр қуаты өндіріледі. Қажетті қаражатты "Самұрық-Қазына Инвест" пен ұлыбританиялық "United Green" компаниялары инвестиция ретінде салып отыр.

"ByrnoeSolar-1" елдегі электр қуатының тапшылығын азайту мен 2013 жылдың 30 мамырында мемлекет басшысының тиісті қаулысымен бекітілген Қазақстанның "жасыл экономикаға" көшуі жөніндегі тұжырымдамасына сәйкес жаңғыртылатын қуат көздерін дамыту мақсатында салынған. 

Жоғарыда аталған панелдер Германияның "SolarWorldAG" компаниясынан арнайы тапсырыспен алынған. Өйткені, оның өзге өндірушілерден басымдығы – ұзақ жыл сапалы қызмет етуінде болса керек. 25 жылға жарамды бұл панелдердің барлығы орталықтандырылған компьютерлік жүйемен басқарылады. Стансада 40-қа жуық адам тұрақты түрде жұмыс істейді.  

Бүгінде өндірілген электр қуаты "KEGOC" АҚ торабына өткізілуде. Ал оны одан әрі тарату "KEGOC"-тің құзыретінде. Әу баста станса толыққанды іске кіріскенде облыс халқының электр энергиясына деген сұранысының жартысына жуығын толық қамтамасыз ететін болады делінген еді. Алайда бүгінде қуат біршама қымбат бағада өткізіліп жатыр екен. Оның себебін жоба менеджері Павел Комнаревцев жобаға қыруар қаржының жұмсалып, станса нақты кезеңде өз құнын өтеп жатқандығымен түсіндіреді.

Ал жобаның энергетикалық тиімділігі шетелдік мамандар тарапынан жоғары бағалануда. Өткен жылы Лондон қаласында Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚҚДБ) дәстүрлі XV жиналысы аясында тұрақты даму және энергетикалық тиімділіктің жаңа стандарттарын енгізу саласында "ByrnoeSolar-1" арнайы марапатқа ие болған еді. Жеңімпазды халықаралық тәуелсіз комиссия 2015 жылы ЕҚҚДБ тарапынан қаржыландырылған барлық жобалардың қоржынын қарастырып, анықтаған.

Жалпы, күн, жел, су көздері арқылы өндірілетін қуаттың бағасы көмір, газ және мазут сынды отындармен салыстырғанда әлдеқайда арзан болатыны белгілі. Сондықтан, Елбасы тапсырмасына сай жақын болашақта жаңғыртылған қуат көздерін дамыту кең көлемде қолға алынуына іскер азаматтардың мүдделі болғаны ләзім. Өйткені, мұндай нысан құрылысына жұмсалған қаржы 10 жылдың көлемінде-ақ өз-өзін ақтайды екен. Осылайша, кәсіпкерге – мол табыс, халыққа – арзан бағадағы электр қуаты, ал табиғатқа жанашырлық қамтамасыз етілген дейді мамандар. Осыны ескерген серіктестік бұл жобаны одан әрі дамытуға ниет білдіріп отыр.

Сөйтіп, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында биыл және келесі жылдары Жамбыл облысында қуаттылығы 50 МГВ-ты құрайтын "Burnoe solar-2" күн электр стансасы құрылысы іске асырылмақшы. Ал бұл жобаның жалпы құны 125 миллион АҚШ долларын құрамақ. Инвесторы ұлыбританиялық "United Green" компаниясы болып бекітілген. Жобаның екінші кезеңінде серіктестіктің күн панельдерін ЭКСПО-2017 жазу үлгісінде орналастыру жоспары бар.

Айта кетерлігі, "ByrnoeSolar-1" ЖШС "Жасыл экономика" тақырыбына сай келетін бірден-бір нысан ретінде елімізде өтетін халықаралық ЭКСПО көрмесіне қатысуға ниет танытып, өтініш білдірген болатын.

Маржан Кәрімжанқызы 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу