"Cleаn taxi" келіп тұр

2992

Астананың жаңа қоқыс көліктеріне қанша жұмсайтыны белгілі болды.

"Cleаn taxi" келіп тұр

Ұлттық компаниялардың бірі бірнеше сағат ішінде ғана 1 центнерден астам кеңселік қағазды макулатураға жинап беріпті.

Осыдан кейін мыңдаған тонна бояу шығындалып басылған құжаттардан тау тудыратын қағазбастылық елордада жойылды деп айтуға ауыз бармайды.

Астана қаласының әкімдігі, энергетика министрлігіне қарасты "ӨКМ (өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері) операторы" ЖШС-мен бірлесіп өткізген, "ЭкоАсар" науқанының қорытындыларын шығарды. "Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне" орай ұйымдастырылған экологиялық асардың нәтижесінде астаналықтар 1 тоннадан астам тұрмыстық қалдықты қайта өңдеуге өздері әкеліп тапсырды.

Науқан барысында, қала тұрғындарынан пластик заттар, шыны бөтелкелер, макулатура, тозығы жеткен киім-кешек, сынапты шамдар мен батареялар, істен шыққан тұрмыстық техникалар мен электронды құрылғылар жоюға және кәдеге жаратуға қабылданды.

Айта кету керек, Астананы аралаған адам көпқабатты үйлердің балкон-лоджияларында, сондай-ақ тұрғын үйлер ауласында бұзылып қалған тұрмыстық және электронды техникалар үйіліп, қоқырсып жатқанын байқайды. Олардағы адам денсаулығына және табиғатқа зиянды химиялық заттар ауаға таралады, жерге төгіледі. Бұдан бөлек, басқа да қаупі бар: жұмыс жасамайтын, жай тұрған тоңазытқыштар ішіне жасырынып ойнаған қаншама бала тұншығып қалып жатады.

Шара аясында бір күн ішінде, таңғы 11-ден түскі төртке дейінгі уақытта ғана барлығы 1 мың 44 келі қалдық жиналған.

Оның ішінде 300 келісін электр және электронды құралдар, 405 келісін макулатура, 120 келісін пластикалық бөтелке, 100 келісін шыны, 14 келісін батарея, 85 келісін сынапты шам, ал 20 келісін ескі-құсқы тоқыма өнімдер мен киім-кешек құрады. Әсіресе, теледидарлар, сәннен қалған видео және аудио магнитофондар, тат басқан кір жуатын машиналар, қағаздар, шыны және пластикалық бөтелкелер тау-тау болып үйіліп жатты. Қоқыс-қалдықтарды алып кетуге келген автокөліктер де лық толды. 

Өйткені қарапайым бұқара сыртында, қалдықты бөліп жинау жобасына ірі компаниялар да қызығушылық білдірген. Мәселен, ұйымдастырушылар "Самрұқ-Энерго" АҚ қызметкерлері 125 келі кеңсе қағазы және пластикалық қалдықтарды тапсырғанын айтады. Бұған қоса, ЭкоАсарға "Аллюр групп" компаниясы, "Технодом" дүкендер желесі, "Panasonic" компаниялар желесі, "Starbucks" кофе желісі де қатысыпты. Олардан қанша қоқыстың қордаланғаны хабарланбады. Тек акция аясында жиналған қалдықтар өңдеу үшін Астана қаласындағы "Қалдықты қайта өңдеу зауытына" жіберілген.

Жиырмаға толып отырған Астана ішін ескі, зиянды және лас заттардан арылту бір науқанмен аяқталмайды. "ӨКМ операторының" мәліметінше, елордада "Cleаn taxi" жобасы іске қосылған. Осындай жазуы бар көліктер істен шыққан тұрмыстық электрлі және электронды техникаларды тегін алып кететін болады.

Одан әрі Астана әкімдігі бас қалада қатты тұрмыстық қалдықтарды екі фракцияға: құрғақ және ылғалды заттарға бөліп, жинауды енгізетін болады. Жобаның бірінші кезеңінде сондай-ақ халық арасында кең көлемдегі ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізілмек.

Ал 2018 жылдың шілде айынан бастап, қыркүйекке дейін қаладағы барлық 2070 қоқыс алаңында (ал бұл елордадағы қоқыс контейнерлері қойылған жерлердің 100%-ы) түрлі-түсті 6 мың 275 контейнер қойылады. Соның ішінде "сары" түсті контейнерлерге тұрғындар "құрғақ", яғни метал, пластик, қағаз, шыны секілді қайта өңдеуге келетін қоқыстарды тастаулары қажет. "Жасыл" түсті мырыштан жасалған контейнерлерге тамақ қалдықтары, органикалық және басқа да әзірге елімізде өңдеуге келмейтін қатты қалдықтар қабылданады.

"Бұл науқан қоқыстарды бөліп жинау бойынша үлкен жобаның бастауы болып табылады. Сол арқылы одан 75 пайызға дейін қайталама ресурстарды алуға мүмкіндік туады. Бұған дейін барлық тұрғындар бүкіл қоқысын ортақ контейнерге төгетін, салдарынан кейін оларды сұрыптау барысында өңдеуге жарамды қалдықтар бұзылған болып шығады. Бұл әсіресе, қағаз, тоқыма өнімдеріне және басқаларына қатысты. Егер біз қайтадан өңделетін қоқыстарды жеке контейнерге іріктеуге кіріссек, олардың қасиеттерін сақтаймыз", – дейді "ӨКМ операторы" ЖШС атөарушы директоры Әсел Даңғылова.

Рас, бұл науқаннан бір нәтиже шығарына кейбір тұрғындар шүбә келтіреді. Олар кейбір қоқыс алаңдарында контейнерлердің барлығы аузы-мұрнынан шыға толып, ыбырсып, күлімсі иісі шығып жататынына назар аудартады. Ондайда бөлек-бөлек іріктеу жайына қалары сөзсіз.

Дегенмен, экологиялық тазалық және табиғат қорғау тақырыбы бас қалада сәнге айнала бастағаны аңғарылады. Мәселен, ертең, 5 маусым күні ірі энергетикалық инвесторлардың қолдауымен, Астанадағы ірі сауда орындарында "Бүгіннен баста, полиэтиленді таста" атты экологиялық акция ұйымдастырылады. Осы күні түске қарай Galmart КеңМарт, Алма және SMALL сияқты гипер және супермаркеттерің кассалары тұтынушыларға әдеттегі полиэтилен пакеттерінің орнына табиғатқа залалсыз қазақстандық "биопакеттерді" таратады.

Осылайша бас қаланың әр тұрғыны мен қонағы Жер шарын полиэтилен және пластикпен ластанудан қорғау ісіне үлес қоса алады. Бұл науқанды ұйымдастырушылар "қоршаған ортаға, тұма табиғатқа, денсаулыққа кері әсерін тигізетін пластик пен полиэтиленнің зардаптары туралы және күнделікті өмірдегі қарапайым әрекетті өзгерту арқылы оның алдын алуға болатыны жайында ой салуды" көздеп отыр. Ары қарай биопакеттер тегін таратылмайды, сатылады. Өйткені олардың өндірісі мен өзіндік құны қымбат және тұтынушының шығын шығаруын қажет етеді. 

Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау бағытында нақты әрекеттерді қолға алғанына биыл 30 жыл толады екен. Мемлекет пен бизнес осы мерейтойды да нақты мазмұнмен толтыру жолдарын іздеуде.

Бұл ретте мәселен, Астана әкімі Әсет Исекешев 2018 жылы қоқыстарды қайта өңдеу бағытын жаңғыртуға 5,2 миллиард теңге бөлінетінін мәлімдеп отыр. Оның аясында әлгінде айтылған "ылғалды" және "құрғақ" фракцияларға бөліп жинау жүйесі ендіріледі. Бұдан бөлек, ағымдағы жылдың тамыз айында, құны 3,4 миллиард теңге тұратын жаңа "Қалдықты қайта өңдеу зауытының" құрылысы басталмақ. Зауыт 2019 жылдың қыркүйегінде іске қосылады деп жоспарлануда. Ол енді "ылғалды" қоқыстарды да, атап айтқанда 180 мың тонна органиканы қайта өңдеу технологиясымен жабдықталады. Өйткені бұл қалдықтар Астанадан шығарылатын барлық қоқыстардың 50%-ын құрайтын көрінеді. Аталған технологияны Франция былтыр "ЭКСПО-2017" көрмесі аясында ұсыныпты.

Сонымен қатар 1,8 миллиард теңгеге 25 қоқыстасушы көлік пен 6 мыңдай контейнер сатып алынуда екен.

"Осылайша, 2019 жылы Астанада 75%-ға дейін өңдеуге мүмкіндік беретін қоқыстарды жинаудың, қайта өңдеудің және көмудің заманауи әрі жоғары технологиялы бірыңғай жүйесі түзіледі", – дейді Әсет Исекешев.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу