"Элеваторға түсіп жатқан астықтың ылғалдылығы жоғары"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
5040

Ауа райы қолайлы болып, техника жерге қаратпаса, егін ору қазан айының бірінші онкүндігінде аяқталады.

"Элеваторға түсіп жатқан астықтың ылғалдылығы жоғары"

Премьер-министрінің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, биыл республика бойынша 20 млн тонна дәнді дақыл, 2,3 млн тонна майлы дақыл жиналады деп болжануда. Болжам шындыққа айналса, астықтың экспорттық әлеуетін 9 млн тоннаға дейін, майлы дақылдар экспортын 1 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ құрамажем мен май шығаратын кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз етуге жол ашылады.

"Облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының алдын ала дерегі бойынша, биыл 15 млн гектар алқаптан дәнді дақыл жиналмақ. Оның 11,1 млн гектары бидайға тиесілі. Бұл 2017 жылғы деңгейден 0,3 млн гектарға аз. Майлы дақылдар жиналатын алқап 2,8 млн гектарды құрайды. Бұл өткен жылғы деңгейден 0,4 млн гектарға көп", – деді Өмірзақ Шөкеев үкімет отырысында.

18 қыркүйектегі мәлімет бойынша, 8,9 млн гектардан дәнді дақылдар жиналған. Бұл жиналуға тиісті алқаптың 59%-ы. 11,2 млн тонна астық бастырылған. Орташа түсімділік гектарына 12,5 центнерден айналуда.

"Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында дәнді дақылдардың 86%-ы, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында 89%-ы, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында 56%-ы жиналды. Ауа райы жағдайына байланысты егін жинау қарқыны былтырғы жылмен салыстырғанда төмен. Өткен жылы 18 қыркүйекте 12,6 млн гектар жиналған еді. Бұл биылғы деңгейден 1,4 есе артық", – деді премьер-министрінің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі.

2018 жылғы қыркүйекке арналған ауа-райы болжамына сәйкес, орташа ауа температурасы Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында нормадан жоғары, өзге аумақтарда қалыпты нормада болады деп күтілуде. Ал айлық жауын-шашын көлемі Батыс Қазақстан облысында нормадан жоғары, Ақтөбе, Қостанай, Маңғыстау және Атырау облыстарында, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының солтүстік-батыс бөлігінде, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының солтүстік бөлігінде қалыпты нормада болады деген болжам бар.

"Әлі 6,1 млн гектар алқаптан дәнді дақыл жиналуы керек. Қолда бар егін жинайтын комбайндардың күндік өнімділігі 800 мың гектарға жуық болғанда және ауа райы қолайлы болса, егін жинауды қазан айының бірінші онкүндігінде аяқтауға мүмкіндік бар. Сонымен қатар түскен ылғал өскіндердің пайда болуына, арамшөптердің көбеюіне алып келуде. Бұл да егін жинау жұмыстары кезінде қиындықтар тудыратын болады", – деп толықтырды Өмірзақ Шөкеев.

Егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін шаруалардың дизель отынына деген қажеттілігі 394 мың тоннаны құраған еді. 14 қыркүйектегі жағдай бойынша егін орауға 268 мың тонна дизель (68%) жөнелтілген. Өңірлерде қыркүйек айында шаруаларға жеткізіп беру бағасын қоса есептегенде, дизель отынының орташа бағасы литріне 165 теңгені құрайды (жанар-жағармай құю  бекетінде литрі 191 теңге). Бұл нарықтық бағадан 14%-ға арзан.

"Жауын-шашынның мол түсуі салдарынан элеваторларға келіп жатқан астықтың ылғалдылығы жоғары. Бұл дәнді және майлы дақылдарды қосымша кептіруді қажет етеді. Ал ол үшін астық қабылдау кәсіпорындарына  қосымша дизель отыны қажет. Облыс әкімдіктерінің мәліметі бойынша астықтың жартысынан көбінің ылғалдылығы 20%-дан жоғары. Қазіргі таңда қазан-қараша кезеңіне астықты кептіруге 6 облыстан қосымша 85 мың тонна дизель отынына өтінім түсті. Осы орайда, энергетика министрлігінен егін орағына қыркүйекте бекітілген баға деңгейінде (тоннасына 181 мың теңге) мұнай өңдеу зауыттарынан дақылдарды кептіру үшін өңірлерге қосымша дизель отынын қарастыруды сұраймыз", – деді Өмірзақ Шөкеев.

Министрдің айтуынша, қолда бар ауыл шаруашылығы техникасының 96 %-ы егін жинау жұмыстарына жұмылдырылған. Қазір республикада жалпы сыйымдылығы 13,6 млн тоннаны құрайтын арнайы лицензиясы бар 196 астық қабылдау кәсіпорыны жұмыс істейді.

Министрдің сөзінше, келер жылдың өніміне тұқым дайындау жұмысы жалғасуда. Бұл ретте, дәнді дақылдар тұқымының 563 мың тоннадан астамы (қажеттіліктің 22,4%-ы) дайындалған.

"Биылғы астықты экспортқа шығару бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Былтыр астық тасымалдайтын вагондардың тапшылығын байқаған болатынбыз. Осы жылы мемлекеттік органдармен бірлесе отырып алдын-ала жұмыстар жүргізудеміз. Сондай-ақ логистика мәселелерін шешу бойынша жүйелі жұмыс жалғасын табуда. Бұл ретте, қазақстандық тауарларды транзиттік елдер арқылы тасымалдаудың тарифтерін төмендету және жаңа бағыттар іздестіру мәселелері пысықталуда", – деді Өмірзақ Шөкеев.

Еске сала кетейік, биыл көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға "ҚазАгро" холдингі 60 млрд теңге бағыттады.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу