"Еуразиялық банк" Өзбекстан мен Қырғызстанды, Әзербайжан мен Грузияны бетке алды

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
3631

Банк еуразия кеңістігінде транзакциялық торапқа айналуды көздеп отыр.

"Еуразиялық банк" Өзбекстан мен Қырғызстанды, Әзербайжан мен Грузияны бетке алды

Аbctv.kz-ке мәлім болғандай, 2017 жылдың 14 сәуірінде өткен "Еуразиялық банк" жария акционерлік қоғамы (ЖАҚ) акционерлерінің жылдық жалпы отырысында банктің директорлар кеңесінің (ДК) жаңа құрамы сайланды.

Банктің ДК жаңа құрамы: Логинов Павел Вячеславович, Смирнова Елена Николаевна, Печенкин Олег Владимирович, Шодиева Муниса және Аязбаев Нұрбек Нұрланұлы.

Сонымен қатар 2017 жылдың 14 сәуірінде ДК отырысы өтті, онда Павел Логинов "Еуразиялық банк" ЖАҚ ДК төрағасы болып сайланды.

"Біздің басты міндет – бүгінгі күні өзгелермен салыстырғанда артықшылығымыз бар өнімдерімізге басымдық беру. Дәлірек айтсақ, Қазақстанның автонесиелеу нарығының 50%-нан артығы бізге тиесілі, сонымен қатар біз POS-несиелеу бойынша алғашқы үштікке кіреміз. Одан бөлек біз карталық өнімдер бағытын және ШОБ клиенттеріне қызмет көрсетуді дамытатын боламыз. Бүгінгі таңда бизнесіміздің жартысынан астамы корпоративті секторға тиесілі. Біз енді күшімізді жеке бизнеске жұмылдырып, оның үлесін 5 жылдың ішінде 60%-ға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Осының барлығы ресейлік банкке де қатысы бар. Біздің жаһандық мақсатымыз – Қазақстан мен Ресейден бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Грузия нарығына шығып, барлық еуразиялық кеңістіктің транзакциялық торабы атану", – деп Павел Логиновтың сөзін келтірді қаржы ұйымының баспасөз қызметі.

ДК құрамының өзгеруі банктің жаңа даму стратегиясына байланысты болғанын атап өтті Павел Логинов, ол операциялық процестерді жаңғырту есебінен тиімділікті арттыруға, тұтынушыларға қызмет көрсетуде жаңа технологиялары енгізуге, сондай-ақ тәуекелдерді бағалау жүйесін жетілдіруге бағытталған.

"Жаңа стратегияны жүзеге асыру аясында біз Қазақстандағы негізгі банкіміздің тиімділігін арттыруды ғана емес, сонымен бірге ресейлік еншілес банктің жұмысын қайта құруды да жоспарлаймыз", – деп мәлімдеді ол.

Павел Логинов "Еуразиялық банк" АҚ-на 2016 жылдың желтоқсан айынан бастап басшылық етіп келеді.

1997-2008 жылдар аралығында Павел Логинов "Российский кредит", "ОНЭКСИМ-банк", Росбанк банктерінде жұмыс істеді.  Росбанктің вице-президенті лауазымында банктің негізгі корпоративті клиенттерімен жүргізілетін жұмысқа жетекшілік етті.

2004-2008 жылдары Росбанктің орталық аумақтық басқармасының директоры лауазымында "Өзара несие беру қоғамы" банктер тобы мен Росбанкті біріктіру жөніндегі жобаны басқарды.

2008-2014 жылдары Алексей Мордашовтың "Северсталь" компаниялар тобына кіретін Металлургиялық коммерциялық банкінің (Меткомбанк) басқарма төрағасы лауазымын иеленді.

2015 жылдан бастап Павел Логинов "Ресей технологиялары" КТ-ге кіретін Новикомбанкте жұмыс істеді, ол жерде басқарма басшысының орынбасары және бас атқарушы директоры лауазымында қызмет етті. Онда даму стратегиясын дайындау, корпоративті бизнес, ШОБ, жеке бизнес, аймақтық желі, мерзімі өткен несиелермен жұмыс, банктің мемлекеттік қорғаныс тапсырысымен жұмысына жауапты болды.

Еуразиялық банк – 1994 жылы негізі қаланған әмбебап қазақстандық банк. Ресейде (Мәскеу) еншілес банкі, Новосібір, Омбы және Челябі қалаларында филиалдары бар. S&P рейтингі: "В", болашаққа болжамы "тұрақты". KASE-нің мүшесі, KazPrime-нің қатысушысы.

ҚР Ұлттық банкінің  2017 жылдың 1 наурызында берген мәліметі бойынша, "Еуразиялық банк" АҚ-ның активтері 1 трлн 77 млрд 207,2 млн теңгені құрайды, қарыз қоржыны – 734,3 млрд, теңгерім бойынша жеке капиталы – 89,1 млрд теңге, табыс салығы төленгеннен кейін ағымдық шығындардан асып түсетін ағымдық табысы минус 5,1 млрд теңгені құрайды.

Еуразиялық банк табиғи ресурстарды өндіру және игеру саласындағы ірі әртарапандырылған компания  – Eurasian Resources Group S.a.r.l. (ERG) иелеріне тиесілі, ол Қазақстан ЖІӨ-нің 4%-дан астамын және металлургиялық және тау-кен өнеркәсібінің шамамен үштен бір бөлігін алады. Бүгінгі күні Eurasian Resources Group ең ірі феррохром өндіруші, сондай-ақ темір кені мен глиназем өндіретін әлемдегі негізгі компаниялардың бірі болып табылады. Eurasian Resources Group-тың өндірістік активтері мен кен орындарын игеру жөніндегі жобалары төрт құрлықты қамтиды. Сонымен қоса компания осы саланың ірі жұмыс берушісі болып табылады. Бұл компаниялар тобында әлем бойынша 80 000-нан астам қызметкер жұмыс істейді. Топтың акционерлері: Александр Машкевич, Алиджан Ибрагимов және Патох Шодиев.

Жанболат Мамышев, Әйгерім Сүлейменова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу