"Қазақтар – жер бетіндегі ең қонақжай халықтың бірі"

8370

Қазақстанға атбасын бұрудың бес себебі бар.

"Қазақтар – жер бетіндегі ең қонақжай халықтың бірі"

Канадалық блогер әрі журналист Том Тэйлор шетелдіктердің Қазақстанға келуінің бес себебін атады.

"Қазақстан туралы ештеңе білмеуіңіз мүмкін. Алайда бұл – әлемдегі таңғажайып елдердің бірі. Осынау таңғажайып елге келудің бес себебі бар", – деп бастапты ол мақаласын. 

Бірінші себеп – әсем табиғат  

"Атауы "-стан" деген жалғаумен аяқталатын елдерді көп жағдайда қақтығыстардан көз ашпайтын, шөлді аймақтар деп есептейді.

Дегенмен Қазақстанда соғыс лаңы мүлдем жоқ. Бұл – сары алтындай алқаптар мен дарқан даланың, кең көсілген ормандар мен әдемі өзендердің елі", – дейді мұхит асып келген автор.     

Екінші себеп – ерекше қалалар

"Қазақстанның ең ірі қаласы – Алматы. Ол – Еуразияның інжу-маржаны.  Алматы елдің оңтүстік-шығысында орналасқан. Көп жылдар бойы Қазақстанның астанасы болған шаһар. Алайда 1997 жылы ел астанасы Қытай шекарасына жақын маңдағы тұрақсыз әрі сейсмикалық белсенді аумақта тұрғаны үшін басқа қалаға көшірілді. Алматы Қазақстанның мәдени орталығы болып қала берді. Ал үкімет Ақмола қаласына көшірілді. Кейін бұл қаланың атауы Астана болып өзгерді. "Астана" сөзі елдің бас қаласы деген мағынаны білдіреді", – деп түсіндіріпті Тэйлор.

Оның ойынша, Алматы секілді Астана да әдемі қала.

"Қазақ даласына көкжиектен көрінген шұғыла іспетті Астана Дубай, Шанхай немесе Лас-Вегастың кішірейтілген нұсқасы секілді. "Бәйтерек" монументі, пирамида негізінде салынған Бейбітшілік және келісім сарайы, әлемдегі ең үлкен шатырда орналасқан "Хан-Шатыр" ойын-сауық және сауда-саттық кешені – қаладағы сәулет өнерінің жауһарлары. Қазақстанда бұдан басқа да кішігірім болса да әдемі қалалар бар. Шымкент, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Түркістан, Семей... Бұл тізімді осылай толықтыра беруге болады. Қазақстан – таңғажайып қалалардың мекені", – дейді Тэйлор.

Төртінші себеп – әдемі ақша банкноттары

Күн сайын көріп, қолға ұстап жүргендіктен бұған аса мән бермейтін шығармыз. Ал канадалық блогер Қазақстанға келудің тағы бір себебі ретінде біздің банкноттарды атапты.

"Бұл туралы аса көп нәрсе айтудың қажеті жоқ. Қазақстандағы банкноттардың бәрі әдемі. Олардың әрқайсысы қазақтың ұлттық стилінде жасалған және жарқын түстермен басылған. Қазақ банкноттарын ұстаған күннің ертеңінде америкалық долларды қолға алсаңыз, ол тіпті қораш көрінеді", – дейді канадалық блогер. 

Төртінші себеп – ақылға қонымды баға

"Жағымды жаңалық! Сапар кезінде қазақстандық әдемі купюраларды түгелдей жұмсап жіберем-ау деп қам жемемей-ақ қоюға болады. Оңтүстік-шығыс Азияның кейбір елдері секілді Қазақстан арзан ел емес, әйтсе де бағалары қолжетімді. Бұл үнеммен саяхаттауды қалайтындар үшін қолайлы. Егер ақшаңызды қайда шашарыңызды білмесеңіз, қымбат мейрамханалар мен сәнді қонақ үйлер мұнда да табылады", – деп жазыпты Тэйлор.    

Бесінші себеп – өте жайдары адамдар

"Қазақтар – жер бетіндегі ең қонақжай халықтың бірі. Мүмкін бұл елде туризм индустриясы дұрыс дамымағандықтан болар, әлде оларды топ-тобымен ағыла бастайтын батыстықтар әзір ығыр ете қоймаған. Бәлкім, олар сондай жақсы адамдар шығар. Қандай себеппен болсын, қазақпен жолығыса қалсаңыз, ол сізді жалықтырмайды. Қазақтар өте тамаша халық", – деп аяқтапты мақаласын журналист.

Бұл себептердің біразы біз үшін біртүрлі, бәлкім қызықсыз болып көрінуі мүмкін. "Жүрген соң бауырыңды күнде көріп, таулардың биіктігі байқалмайды", деген осы шығар, бәлкім. Кейде айналаға көз жүгіртіп, қолда барды бағалай білгеннің өзі бақыт.       

Ілияс Омаров

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу