"ҚазАвтоЖол" қайда қарайды?

Маржан Кәрімжанқызы Маржан Кәрімжанқызы
2701

Қазақстан жол сапасы бойынша 138 елдің ішінде 108-ші орында тұр.

 "ҚазАвтоЖол" қайда қарайды?

Жамбыл облысындағы автомобиль жолдарының жалпы қашықтығы 10 060 шақырымды құрайды. Оның 1237 шақырымы республикалық, 1943 шақырымы облыстық, 1992 шақырымы аудандық, 4888 шақырымы елді мекендердегі жол.   

Соңғы 6 жылда бюджеттен жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуге  43,3 млрд теңге бөлініпті. Бұл ақшаға 19,5 шақырым жаңа жол салынған. Мұның сыртында 105,9 шақырым жол күрделі, 2291,6 шақырым жол орта жөндеуден өткен. Ал биыл жол жөндеу жұмыстарына 8,2 млрд теңге бөлінген.

Осындай қыруар қаржы бағытталғаннан кейін Жамбыл облысының жолдары тақтайдай тегіс болуы тиіс еді. Алайда Меркі-Шу-Бурылбайтал бағытындағы республикалық маңызға ие жолдың жыры басталғанына көп болды. Жырдың таяу арада таусылар түрі жоқ. Кеңес үкіметі тұсында төселген асфальтты түгелдей сырып тастап, жаңадан жол төсемейінше, қырық жамау жолдың "беті бері қарайтын" емес. Неге екені белгісіз, биыл осы жолға қазына қаржысынан бір тиын бөлінбеген.

ЭКСПО көрмесіне дәл осы жолмен келетін адамдар көп болғандықтан  "ҚазАвтоЖол" Ұлттық компаниясы" АҚ жөндеу жұмысын жүргізгендей болады. Алайда олардың атқарған істерінің сапасы сын көтермей жатыр. Соған қарағанда шұрық-тесік жол әлі талай жүргізуші мен жолаушының жүйкесін жұқартатын сыңайлы.

Мұнайды мазутпен алмастырады

Жол құрылысының талабы бойынша бұрын жолдар 4 жылда орташа, 10 жылда  күрделі жөндеуден өтетін. Алайда тәуелсіздіктің алғашқы елең-алаң шағынан бастап бұл талап назардан тыс қалды. Тек соңғы 5-10 жылда ғана жол құрылысы қайта қарқын ала бастады.

Ендігі мәселе мердігердің сапалы жұмысы мен қабылдап алушының адалдығына тіреліп тұр. Өкініштісі  бүгінде алаяқ мердігерлер мен түйткілге  көз жұма қарайтын қабылдап алушылардың қарасы азаймай тұр.

Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әділет Ахатаев сапасыз салынған жолдардың себебін құрылыс материалдарының, оның ішінде битум сапасының төмендігімен түсіндіреді. Ал битумның сапасы оның құрамындағы мұнайға байланысты екен. Құрылысқа қолданылатын битум  Ресейден қымбат бағамен келеді. Сондықтан мердігер компаниялар қулыққа басып, мұнайды мазутпен алмастырады. Себебі битумның бір тоннасы шамамен 100 мың, ал мазуттың тоннасы 10 мың теңге. Бұл жерде адалдық деген мәселе алдан шығады. Мысалы бір тонна битумның құны 500 долларды құрайтын Иранда жол салушылар оның құнын қымбатсынып, көзбояушылыққа бармайды.  

Маман аз, техника тапшы

Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салу және жөндеу кезіндегі жұмыстар мен материалдардың сапасын сараптауды жүзеге асыру мақсатында 2005 жылы "Жамбыл жол зертхана" республикалық мемлекеттік мекемесі құрылды. Бұл мекеме республикалық қазынадан қаржыландырылатын облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың учаскелеріне де ішінара сараптама жүргізеді. Мұнда 6 адам жұмыс істейді. Олар қыруар шаруаны тып-типыл ете алмайды. 

Облыс аумағынан өтетін 1280 шақырым республикалық маңыздағы  жолды "ҚазАвтоЖол" мекемесі бақылайды. Алайда оларда тиісті техника жеткіліксіз. Ол небары 33%-ды құрайды.

Маржан Кәрімжанқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу