"ҚМГ БӨ" акцияларын жаппай кері сатып алуға кірісті

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3442

Қазақстанның ұлттық ірі мұнай өндірушісі өзінің артықшылыққа ие акцияларын кері сатып алу науқанын жариялады.

"ҚМГ БӨ" акцияларын жаппай кері сатып алуға кірісті

Сарапшылардың түсіндіруінше, артықшылыққа ие акциялар өз қожайындарына компанияда шешім қабылдау кезінде дауыс беру құқығын ұсынбайды, бірақ дивидендтер алуда басымдықты құқық береді.

Бүгін хабарланғандай, "ҚазМұнайГаз" Барлау Өндіру" АҚ-ының директорлар кеңесі компанияның артықшылыққа ие акцияларын кері сатып алу бағдарламасын бекітті.

Айта кету керек, бүгінде "ҚМГ БӨ"-нің 1 миллион 905 мың 209 артықшылықты акциялары қолданыста жүр. Сарапшылардың дерегінше, оларға ие адамдар арасында компанияның қазіргі және бұрынғы қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері де бар. Олардың көбі Маңғыстау және Атырау облыстарының тұрғындары, себебі, ұлттық компания игеріп жатқан негізгі кен орындары да сол өңірлерде шоғырланған көрінеді.

Бекітілген бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында, енді "ҚМГ БӨ" "Қазақстандық қор биржасында" ("KASE") еркін айналымда жүрген барлық артықшылыққа ие акцияларын 100% сатып алмақ ниетте. Бұл ретте әр акцияға 12 800 теңге төленбек.

Құнды қағаздарды кері сатып алу науқаны 2018 жылғы 13 тамызда бастау алып, 16 қарашаға дейін жалғасады.

"ҚазМұнайГаз" осындай қадамға не үшін барып отырғанына түсініктеме берді.

"Компанияның артықшылықты акцияларын кері сатып алу туралы шешім миноритарлық акционерлердің мүдделерін қамтамасыз ету және компанияның ары қарайғы көзделген жоспарларына байланысты, оларға өздеріне тиесілі акцияларды сату мүмкіндігін беру мақсатында қабылданды. Атап айтқанда, осы шешімге "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының өз операциялық активтерін басқарудың екі деңгейлі жүйесіне көшу жоспары түрткі болып отыр. Ол жоспарға сәйкес, ҚМГ бұдан былай өндіруші және мұнай-сервистік компанияларын тікелей басқаратын болады. Мұндай бизнес тәсілдемені іске асыру болашақта, дербес шаруашылық жүргізетін субъекті ретінде компанияның қызметін тоқтатуды қажет етеді", – деп мәлімдеді ұлттық компания.

Яғни, алда "ҚазМұнайГаз" Барлау Өндіру" жабылмақ.

Жалпы, бұл компания біраздан бері үлкен өзгерістерді бастан өткеруде. Мәселен, осының алдында, ҚМГ-ның мәліметінше, "ҚМГ БӨ"-нің "ауқымды депозитарийлік қолхаттарын" (АДҚ) және жай акцияларын ұстаушылардың көпшілігі ұлттық компанияға жүгініп, одан жай акциялар мен АДҚ-ларды кері сатып алуын сұрапты. ҚМГ бұл ұсынысты қабылдады, нәтижесінде, қазір "ҚазМұнайГаз" өзінің осы еншілес кәсіпорнының айналымдағы барлық акцияларының 95,4%-ына өзі ие. Ендігі кезек артықшылықты акцияларға тіреліп тұрған болатын. Олар да жеке қолынан ұлттық мұнай операторы қолына көшсе, ауқатты әрі атақты компанияның жұмысын тоқтатып, таратуға еш кедергі қалмайды.

Ұлттық компания "ҚМГ БӨ"-нің артықшылықты акцияларын қандай шарттармен кері сатып алатынын да егжей-тегжейлі түрде нақтылады. Мәселен, бұл науқанға "KZ1P51460114 (KZ000A0RMTC3)" сериялы акция иегерлері шақырылады.

Тарих қойнауына кетіп бара жатқан компанияның құнды қағаздарынан уақытылы құтылып қалуға мүдделі иегерлер "акцияларды сату туралы өтініштерін" (клиенттік тапсырыстарын) биылғы 13 тамыздан 16 қарашаға дейінгі кезеңде, нақтырақ айтқанда, 2018 жылғы 15 қараша күні Алматы уақыты бойынша сағат 17:00-ден кешіктірмей беруге тиіс.

Артықшылықты акцияларды кері сатып алу "KASE-де аталған мерзім ішінде айына екі рет өткізіліп" тұрмақ. Бұл жерде "мамандандырылған, ашық сауда әдісі" қолданылады.

Бұдан өзге сұрақтары туған иегерлер "сатып алу шарттары, рәсімі, соның ішінде сатып алу туралы ұсынысты қабылдау рәсімдері және брокерлік шотты ашу жөніндегі ақпаратты алу үшін "Қазпошта" АҚ-ның бірыңғай байланыс-орталығының тегін 1499 нөміріне қоңырау шала алады.

"Егер барлық акция қожайындары өздерінің артықшылыққа ие акцияларын компанияға кері сатуға шешім қабылдаса, ҚМГ БӨ бұл бағдарламасын жүзеге асыруға 24,4 миллиард теңге немесе 66 миллион доллардай ғана қаражат шығындауы ықтимал. Негізі, бұл отандық қор нарығының дамуына қосымша түрткі беруі де ғажап емес. Атап өткен жөн, "қара алтын" құны құлдырағанымен, халықтың және инвесторлардың осы мұнай өндіруші компанияның құнды қағаздарына деген қызығушылығы жоғары деңгейде қалды. Мәселен, 2017 жылдың шілдесінде ҚМГ БӨ артықшылықты акциялары небары 6 мың 749 теңге тұрса, содан бері өсіп, қазір он мың теңгенің үстіне шықты. Оны енді компания он екі мың теңгеден кері сатып алмақ. Яғни, былтыр бұған қаржы салғандар онысын екі есеге ұлғайтады", – дейді қаржылық сарапшы Ерасыл Қамалиев.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу