"Күйік" күйдіріп, "Шақпақ" шаршатады

Маржан Кәрімжанқызы Маржан Кәрімжанқызы
2690

Жамбыл облысында құм мен тұз көп, техника жоқ.

"Күйік" күйдіріп, "Шақпақ" шаршатады

Еліміздегі  халық шаруашылығы жүктерінің 60%-ға жуығы автомобиль жолдары арқылы тасымалданады. Ал "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" автодәлізі арқылы әлемнің ондаған елінен жүк және жолаушылар көлігі ағылып жатады. Сондықтан халықтың әлеуметтік-экономикалық ахуалына жолдардың, әсіресе республикалық, облыстық маңызы бар көлік дәліздерінің сапасы тікелей әсер етеді.

Жалпы, жол салу мен жөндеу жұмыстарына жыл сайын қыруар қаржы бөлініп, соны технологиямен тақтайдай тегіс бетон, асфальт төселіп жатса да, жолдың жыры бітпейді. Әсіресе қыс келген кезде мәселе одан сайын ушығып кетеді.

Жамбыл облысындағы жолдардың ұзындығы 5187 шақырымды құрайды, оның 2007 шақырымы аудандық, 1943 шақырымы облыстық, 1237 шақырымы республикалық маңызға ие. Жергілікті жердегі жолдарды қыс мезгілінде тазалап отыруға жыл сайын қыруар қаржы жұмсалады. Мәселен, 2016 жылы қыс маусымында жолды айнадай етіп ұстауға бюджеттен 153,1 миллион теңге бөлінген. Ал биылғы жылдың күз, қыс маусымдарында жолды күтіп ұстауға 233,5 миллион теңге қаржы қарастырылған.

Жалпы, жергілікті атқарушы органдар мен мердігерлер тарапынан жолдардағы қауіпті бөліктер мен асулардағы көктайғаққа қарсы 17220 тонна құм мен тұз араластырылған инертті материал дайындалған. Бұл нормативтік қажеттіліктің 98,1%-ын өтейді. Арнайы техниканың саны 133 бірлік. Дәл осы көрсеткіш қажетті көлемнің 29,5%-ына ғана тең. Қыс мезгілінде төтенше жағдай туындаса кемінде 451 дана техника қажет болады екен. Сонда жыл сайын бөлінген миллиондарға техника сатып алынбағанына қарағанда құм мен тұздың бағасы тым қымбат болғаны ғой.

Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әділет Ахатаевтың айтуынша,  жолдардың қыс маусымына дайындығы Меркі, Сарысу және Талас аудандарында тиісінше атқарылмаған. Облыстағы автожолдардың ең күрделі 10 шақырымын құрайтын "Б.Момышұлы-Қызтоған" бөлігіне қардан қорғайтын қалқан орнату жұмысы да аяқталмаған.

Ал "ҚазАвтоЖол" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облыстық филиалының директоры Дәурен Тоқтаров 2017-2018 жылдардың қыс мезгілінде облыс аумағындағы 1237 шақырым республикалық маңызы бар автожолдардың бойында көліктердің үздіксіз және қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында тәулік бойы кезекшілік атқаратын диспетчерлік қызмет ұйымдастырылғанын айтты. Ол сондай-ақ техниканың жеткілікті екенін тілге тиек етіп, филиалдың республикалық маңызы бар автожолдарды қыс мезгілінде күтіп-ұстау жұмысына дайын екеніне сендірді. Жол мәселесіне жауапты мамандар қыс маусымына сақадай-сай екендерін тілге тиек еткенмен, жыл сайын кемшілік анықталады. Облыстағы "Күйік", "Шақпақ" сынды асуларда қардың дер кезінде тазаланбауынан қақаған суықта көліктер кептелісте қалып, жолаушылар зардап шегеді.

Маржан Кәрімжанқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу