"Нұрлы жер": жыл соңына дейін 362 коттедж салынады

5825

Төрт ауданда жеке тұрғын үй құрылысына (ЖТҚ) арналған қанатқақты жобаның алғашқы кезегі пайдалануға беріледі.

"Нұрлы жер": жыл соңына дейін 362 коттедж салынады

"Нұрлы жер" бағдарламасы аясында бірыңғай сәулет стилінде салынып жатқан жеке тұрғын үй құрылысына арналған қанатқақты жобаның алғашқы кезегіндегі 362 үй 2017 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте инвестициялар және даму министрлігі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов мәлім етті.

"ЖТҚ қанатқақты жобалары аясында алты өңірде бірыңғай сәулет стиліндегі 1975 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Алматы облыстарындағы 362 үй биыл тапсырылады деп күтілуде. Атап айтқанда, осы жылы Ақтөбеде 94, Қостанайда 100 үй, Алматы облысында 48 таун-заус, Солтүстік Қазақстанда 20 үй пайдалануға беріледі", – деді Мархабат Жайымбетов.

Комитет төрағасы тұрғын үй құрылысымен айналысушыларға жеңілдетілген несие беру бағытының орындалу көрсеткіштерін де мысалға келтірді. Мархабат Жайымбетовтың айтуынша, 1 қарашадағы дерек бойынша, екінші деңгейлі банктерге құрылыс компанияларынан 57 млрд теңгеге 35 өтініш келіп түскен. 24 млрд теңгеге 18 жобаны несиелеу мақұлданған.  

Еске сала кетейік, "Нұрлы жер" тұрғын үй құрылыс бағдарламасына екінші деңгейлі банктер арқылы тұрғын үй құрылысымен айналысушыларды субсидиялау бағыты енгізілген болатын. Мемлекет 7%-ға дейінгі мөлшерлемені субсидиялауға міндеттенді. Осылайша құрылыс компанияларына 10%-дық түпкілікті мөлшерлемемен несие беріледі. Бұл ретте несие және субсидиялау мерзімі үш жылдан аспауы керек. Аталған бағыттың қаржылық агенті – "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ.

"Нұрлы жер" аясында жеңілдетілген ипотекалық қарыз динамикасына келер болсақ, ведомстваның күткен нәтижесі ойдағыдай өріліп отырған жоқ. Бес ай ішінде екінші деңгейлі банктер 7,4 млрд теңгеге 740 ипотекалық несие берген. Ал 2017 жылға арналған жоспарлы көрсеткіш – 1 мың адамды несиемен қамтуы тиіс еді.  

"Бесінші бағыт бойынша біз екінші деңгейлі банктер арқылы 120 млрд теңгеге 8 мың несие беруді жоспарлаған едік. Банктерге қойылған міндет: максималды түрде 17%-бен несие беру. Бұл мөлшерлеменің 7%-ын мемлекет субсидияласа, қалған 10%-ы қарыз алушыға жүктеледі. Біздіңше биыл жоспарланған көлем орындалмайтын тәрізді. Себебі бұл бағыттың жұмысы тек екінші жартыжылдықтан кейін жандана бастады. Банктер түрлі мәселе туындап жатқанын айтуда. Оларда арзан және ұзақмерзімді ақша жоқ. Сондай-ақ банктерде банк заңнамасына қатысты түйіндер бар", – деді ипотеканы субсидиялау қарқынының төмендігін түсіндіру барысында Мархабат Жайымбетов.

Еске сала кетейік, бұған дейін инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек банктерде арзан және ұзақмерзімді ақша көздері жоқ екенін мәлімдеген болатын. Салалық ведомства бұл мәселені зейнетақы активтері есебінен шешу ниетін жеткізген еді.

Еркебұлан Қыздарбек, Динара Қуатова 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу