"Отау ТВ" абоненттері тегін телеарналар топтамасынан айырылып қалуы мүмкін

10087

Парламенттің жоғарғы палатасының бүгінгі жалпы отырысында сенаторлар дабыл қақты.

"Отау ТВ" абоненттері тегін телеарналар топтамасынан айырылып қалуы мүмкін

Жиында сенатор Дариға Назарбаева сөз алып, үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауалын жолдады. Ол тікелей үкімет жетекшісіне жүгінуге "Отау ТВ" тағдыры үшін алаңдаушылық итермелеп отырғанын айтты.

Түсіндіре кетсек, кеңес кезінен қалған (шатырға антенна шанши салып, қабылдай беруге болатын) аналогтық телерадио хабарларын тарату жүйесінен цифрлық жүйеге көшу мақсатында ел үкіметі осы компанияны құрған еді. "Отау ТВ" Қазақстандағы эфирлік хабар тарату саласындағы оператор болып табылатын "Қазтелерадио" АҚ-ының құрамына кіреді.

Қазіргі кезде "OTAU TV" абоненттерінің саны бойынша Қазақстандағы ең ірі спутниктік телекомпания саналады. Айтқандай, ол арқылы тікелей жерсеріктік хабар тарату жүйесіне жазылушылардың санын 2018 жылға қарай 800 000 абонентке жеткізу жоспарланған болатын. Алайда қазірдің өзінде абоненттерінің саны миллионнан асқан.

"Енді осы абоненттердің барлығын жеке компанияға – "Caspio HD"-ге тапсыру жұмыс жүргізілуде. Меншік иесін ауыстыру клиенттердің жабдықтарын да ауыстыруды талап етеді. Алайда бұл жұмыс абоненттерді ол туралы хабардар етпестен жүргізіліп жатыр. Бұған қоса, осыдан барып тегін топтама-пакет, яғни 55 телеарна ағытылып тасталуы мүмкін", – деді Дариға Назарбаева.

Осыған байланысты ол Бақытжан Сағынтаевтан келесі сұрақтарға жауап беруді сұрады: "Caspio HD"-дің қожайыны кім? "Отау ТВ" абоненттерін жеке компания иелігіне беру туралы шешімді кім қабылдады? Тапсыру қандай шарттармен іске асырылады? Неге мемлекеттік қаржыға құрылған активтер жеке компанияға берілуге тиіс? Бұл жайт мемлекеттік "Қазтелерадио" АҚ-ының қаржылық нәтижелеріне қалай әсер етеді және бүгінде "Қазтелерадионың" қаржылық ахуалы қандай? Қазіргі уақытта және 2017 жылдың 11 айында қанша РТС стансасы салынып, іске қосылды?" деген сұрақтарға жауапты премьер өз командасымен ақылдасып, жазбаша жолдауға міндетті.

"Қазтелерадионың" ақпараты бойынша 2012-2015 жылдар кезеңінде компания 356 РТС-ті (радио-телевизиялық стансалары) пайдалануға енгізді, оның нәтижесінде цифрлық эфирлік хабар таратумен халықтың 74%-ы немесе 11,8 млн адам қамтылған.

Жалпы алғанда 2019 жылы барлық 827 цифрлық эфирлік желі РТС-тері халықты 95%-ға қамтуға мүмкіндік беретін көрінеді. Облыстық орталықтары деңгейінде және Астана, Алматы қалаларында 30-ға жуық қазақстандық телеарналарды және аудандық және ауылдық РТС деңгейінде – 15-ке жуық телеарналарды ақысыз қабылдау мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.

Цифрлық хабар тарату желісінің жұмысын бақылауды "Көктөбе" телемұнарасының техникалық орталығында орналасқан Желіні басқару және мониторингтеудің бірыңғай орталығы қамтамасыз етеді. Резервті орталық Астана қаласында орналасқан.

"Ескірген аналогты сигналды сөндіру үдерісі нақты алынған аймақтың дайындығына байланысты және халықты алдын ала хабардар ете отырып, ел үкіметінің шешімі негізінде кезең-кезеңмен өтетін болады", – деп хабарлайды "Қазтелерадио".

Содан кейін еліміздегі үй төбелерінде қалқайған барлық ескі антенналар мәңгілікке үнсіз қалады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу