"Ризамын..."

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2420

Қанат Ислам қарсыласын бірінші раундта құлатты.

"Ризамын..."

Американың Делавэр штатындағы Уилмингтон қаласында өткен бокс кешінде шаршы алаңға Қанат Ислам да шығып, бірінші раундта Бразилия боксшысы Робсон Ассисті нокаутқа түсірді.

Қанаттың АҚШ төріндегі жекпе-жегі Жанар Дұғалованың шаршы алаңға шығып, "Ризамын" әнін шырқауымен басталды. Мұхитың ар жағында – қазақ әні, қазақ әуені. Қанаттың тілеуін тілеп отырған көрермендері рухтандырып, жігерлендіріп жібергені анық.

Бұдан кейін рингке Қанат Ислам мен Робсон Ассис шықты. Жекпе-жек басталған бетте Қанаттың қабағы жарылып кетіп, қаны көзін жуды. Әрине көрермендер мен жанкүйерлер күйзелді, әжептәуір уайымдады.

Қанат бұдан кейін жекпе-жекті көп созбау керек екендігін түсінді. Қан тоқтамаса, төреші айқасты тоқтатып тастауы да мүмкін. Сондықтан қарқынын үдетті. Құлаштап та соқты, алдап та ұрды. Робсон Ассисті ес жиғызбай төпелеуге көшті.

Бразилия боксшысы қанша шыдап бағуға тырысса да, үзіліске дейін де төтеп бере алмады. Қанаттың "тұмсықтан" дөп тиген пәрменді соққысынан кейін шалқасынан түсті. Сол құлаған жерінен тұра алмай, аунақшып біраз жатты.

Сөйтіп Қанат нокаутшы боксшы екенін дәлелдеп, өзінің нокауттар сериясын 19-ға жеткізді. (барлығы – 23 жеңіс).

Жалпы Бразилия боксшысы Робсон Соарес де Ассис – кәсіпқой бокста "асарын асап, жасарын жасап" қалған ардагер боксшы. Әрі шаршы алаңда өткізген жекпе-жектері де көп емес – 19 (16-3-0, 9КО). Кәсіпқой бокс рингіндегі жекпе-жектерінің арасы алты жылға созылған кезі де болған...

Айтпағымыз Робсон Ассис біздің Қанатқа қарсылас емес. Қанаттың деңгейі (23-0-0, 19КО) – мұндай ардагерлерден әлдеқайда жоғары. Нокаутшы  жерлесіміздің әлем чемпионы атағы үшін айқасатын кезі жетті деп ойлаймыз. Әрине  мұндай жекпе-жектер де керек-ақ. Әйтсе де, Қанат Исламның әлем чемпионы атағын сарапқа салатын боксшылармен жұдырықтасқанын асыға күтіп жүрміз.

Сонымен жеңіс құтты болсын, қазақ жанкүйерлері! Уилмингтон төріне керілген шаршы алаңда қазақтың көк Туы желбіреп, әнұраны шырқалды. Қанат жерлестерін ана тілімізде құттықтап, сәлем жолдады. Жеңіс ұзағынан болсын!

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу