"Сатылмайтын, сатып алынбайтын құндылықтар қастерленуі керек"

4001

Өмірде ақшадан артық әрі биік тұратын ұғымдар мен түсініктер бар.

"Сатылмайтын, сатып алынбайтын құндылықтар қастерленуі керек"

Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің жанынан қоғамдық бақылау тобы құрылып, алғашқы отырысын өткізді.

Басқосу барысында қоғам қайраткері, заңгер Ирак Елекеев ашық дауыс беру нәтижесі арқылы қоғамдық бақылау тобының төрағалығына сайланды.

Азаматтық қоғам институты мен бизнес өкілдерінен, халық қалаулылары мен блогерлерден және мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкерлерінен құралған бақылау тобының мүшелеріне мемлекеттік кірістер органдарының сыбайлас жемқорлыққа қатысты тазалығын тексеру міндеті жүктелді.

"Мемлекеттік кірістер комитеті сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға тырысып жатыр. Өкінішке қарай, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың тамырына балта шабылмай тұр. Таяуда ғана Павлодар облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы ірі көлемде пара алды деген күдікпен ұсталды", – деді мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Ардақ Теңгебаев.

Оның сөзінше, Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің дерегінше, 2015 жылы мемлекеттік кірістер комитетінің сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтау көрсеткіші 16%, 2016 жылы 59%, 2017 жылы 73%, 2018 жылы 76%-ды құраған.

"Осылай бола тұра мемлекеттік кірістер органдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы "нөлдік төзімділік" қалыптаспай отыр. Қоғамдық бақылау тобы мемлекеттік кірістер органдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық бақылауды күшейту үшін құрылды. Қоғамдық бақылау тобы мемлекеттік кірістер органдарындағы сыбайлас жемқорлықтың себептері мен тәуекелдерін талдайды, азаматтарды қабылдау, өтініштерді қарау үдерістерін қадағалайды. Сонымен қатар мемлекеттік қызмет көрсету барысында әкімшілік тосқауылдардың азаюына атсалысады. Бұл үшін қоғамдық бақылау тобының мүшелері аумақтық мемлекеттік кірістер органдарын аралайды", – деді мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы.

Айтпақшы қоғамдық бақылау тобының алғашқы отырысында ұйымның қызмет ету ережесінің жобасы көпшіліктің назарына ұсынылды. Қоғамдық бақылау тобының мүшесі, депутат Азат Перуашев ереженің кей тұсымен келіспейтінін жеткізді.

"Ережеде заң аясында қоғамдық бақылау тобының мүшелерінің экономикалық тексеріс жүргізетін ұйымдармен бірлесіп, рейдтерге және салықтық тексерулерге қатысатыны жазылған. Бұл – дұрыс емес, ереженің дәл осы жерін жөндеу керек.  Қоғамдық бақылау тобының мүшелеріне салықтық тексеру жүргізу құзыреті берілмеген", – деді ол.

Азат Перуашевтің пікірінше, сыбайлас жемқорлықтың салдары еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайына кері әсерін тигізіп тұр.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес түрлерінің барлығын қолданып көрген дұрыс. Бұл – жемқорларды ұстап, бірден қамау керек деген сөз емес. Бізге сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын жүзеге асыру, яғни оны болғызбау қажет. Сыбайлас жемқорлықтың өзегін жою үшін адамдардың санасын жаңғыртқан жөн. Біздің алдымыздағы буын не себепті сыбайлас жемқорлыққа жоламайды, өйткені олардың тәрбиесі басқа. Олар отанға, халыққа қызмет ету деген ұғымдарды ақшадан жоғары қояды. Бізге де осындай ұғымдарды темірқазық тұтатын деңгейге көтерілу керек. Себебі өмірде ақшадан артық әрі биік тұратын ұғымдар мен түсініктер бар", – деді Азат Перуашев.

Өз кезегінде мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Ардақ Теңгебаев ұсыныс ескерілетінін, ереже түзетілгеннен кейін бекітілетінін айтты.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу