"Торпедо" тұңғыш рет финалға шықты

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
1808

Өскеменнің хоккей клубы Братина кубогынан үмітті.

"Торпедо" тұңғыш рет финалға шықты

Биыл Ресейдің жоғарғы хоккей лигасында 26 команда бақ сынады. Олардың екеуі – Қазақстан клубы да, қалғаны – ресейлік командалар. Әуелі барлық командалар екі айналымдық жүйемен (үйде және түзде) додаға түсті.

Тартысты таласта Өскеменнің "Торпедосы" 50 ойыннан 109 ұпай еншілеп, бірінші орынға ие болды. Ал Қарағандының "Сарыарқасы" 102 ұпаймен үшінші орынды иеленді.

Бұдан кейін плей-офф додасы басталып, Братина кубогы сарапқа салынды. "Торпедо" үш сатыдан өтіп, финалға шықты. Ал "Сарыарқа" ширек финалда "Зауралье" (Курган) клубына есе жіберіп алып, жарыс жолынан тыс қалды.

Әрине бұл көрсеткіш "Сарыарқа" басшыларына ұнаған жоқ. Олар бірден шара қолданып,  бас бапкер Вадим Епанчинцевті қызметінен босатты. Екеуара келісімшарт бұзылды. Ал "Торпедо" үш команданы жолынан тайдырып, финалға шықты.

Атап айтқанда, әуелі ЖХЛ біріншілігінде 16-орынға ие болған "Ижсталь" (Ижевск) клубын 4:1 есебімен тізе бүктірді. Бұдан кейін "Динамо" (Санкт-Петербург) хоккейшілерімен біраз тер төгуге тура келді. Шектен тыс дода жеті ойынға дейін созылып, "Торпедо" 4:3 есебімен жеңіске жетті. Ал жартылай финалда Братина кубогының ең алғашқы жеңімпазы "Рубин" (Тюмень) командасынан айласын асырды.

 

Братина кубогы Қазақстанға екінші рет келе ме?

Өскемен клубы Ресейдің жоғарғы хоккей лигасында 2010 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Яғни осы лига құрылғаннан бері бақ сынап жүр. Әрі жыл сайын үздіксіз плей-офф додасына шығып, 15-орыннан кем нәтиже көрсеткен емес.   

ЖХЛ-да тек екі-ақ команда маусым сайын плей-оффқа шығып жүр. Олар – біздің "Торпедо" мен "Торос" (Нефтекамск) клубы. Бірақ Өскемен клубы әлі финалда өнер көрсеткен емес. Ал "Торос" болса үш рет Братина кубогын жеңіп алды. Енді осындай жетістікке шығысқазақстандықтардың қол жеткізетін мүмкіндігі бар.

Биыл "Торпедоның" финалға шығуына құрамын "Барыс" хоккейшілерімен нығайтуы әсер етіп отырғанын да айта кетуге тиіспіз. Әр түрлі себептермен "Барыстың" сапында айдынға жиі шықпай жүрген ойыншылар өзара келісім бойынша Өскеменге "іссапарға" жіберілген.

Осылайша  "Торпедо" сапына Талғат Жайлауов, Евгений Рымарев, Никита Михайлис, Павел Полуэктов сынды хас шеберлер келді. Оларға бұған дейін Астана клубы сапында ойнаған, биылғы маусым басында Өскеменге ойысқан Александр Шин, Константин Романов, Алексей Иванов сияқты тәжірибелі ойыншыларды да қосуға болады.

Қысқасы, қазір "Торпедо" сапында тіс қаққан тәжірибелі хоккейшілер көп. Олардың бірсыпырасы – құрлықтық хоккей лигасында ойнаған жігіттер. Сондай-ақ әр түрлі команда сапында бұған дейін Братина кубогының финалында шыңдалған хоккейшілер де бар.

Жаттықтырушылар құрамы да осал емес. Бас бапкері – Ресей маманы Алексей Ждахин. Аға жаттықтырушысы – өзіміздің білікті маманымыз Ерлан Сағымбаев. Басшылары да – спорт пен шайбалы хоккей әлеміне танымал мамандар.

Финалдағы қарсыласын сондай азулы ұжым деп айта алмаймыз. Балашиханың "Динамосы" да финалға алғаш рет шығып отыр. Бірақ Мәскеудің өзі аттас "Динамо" командасының фарм-клубы болып саналады. Финалға дейін "Нефтяник", "Спутник", "Зауралье" командаларынан басым түсті.

Әйтсе де "Торпедоға" аянбай ойнап, Братина кубогын жеңіп алу керек. Оған Өскемен клубының шамасы жетеді деп ойлаймыз. Тек... Ресей тарапы осы кубоктарын екінші рет Қазақстан клубының жеңіп алғанын көпсінбесе болғаны. Осы ретте айта кетейік, 2014 жылы бұл кубокты "Сарыарқа" жеңіп алған болатын.

Маруан Түсіп 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу